Бүгінде қоқыс мәселесі екі миллионнан аса тұрғыны бар мегаполис – Алматыда да өзекті. Жыл сайын мыңдаған тонна қалдық шығаратын өндіріс орындары мен кәсіпорын көптеп орналасқан шаһарда қоқыс мәселесі күн тәртібінде тұр. Десек те, қалада түйткілді шешуге бағытталған бірқатар экологиялық жоба жүзеге асып келеді. Соның бірі FABRIQA деп аталады. Осындай бастамалардың арқасында таяуда шаһар тұрғындары 108 тонна киімді қайта өңдеуге тапсырған.
Қазір экологиялық жоба авторы Денис Лекомцев тоқыма қалдықтарды өңдеп, тұрмыстық кәдеге жаратумен айналысады. Қайта өңделген киімнен үй мен кеңсеге арналған сәндік жастықтар, автосервис пен өндіріс орындарына арналған шүберектер және тағы басқа бұйымдар жасалады. Одан бөлек, жоба авторы алғашқы сұрыптаудан кейін кейбір киімдер қайырымдылық қорларына табысталатынын атап өтті.
– Қазақстан бойынша жыл сайын шамамен 200 000 тонна тоқыма қалдықтары пайда болады. Бұл 720 000 тонна CO₂-экв., яғни 2 млн литр бензин жанғандағы шығарындылармен тең. FABRIQA осы қалдықтарды полигонға түспей, пайдалы айналымға бағыттап, шығарындыларды азайтып, бастапқы ресурстарды үнемдейді. Біздің жобамыз тоқыма қалдықтарын жою үшін ғана емес, оларды сұранысқа ие өнімге айналдыру мақсатында іске қосылды. Бұл идея тоқыма қалдығын пайдаға жарату, ресурсты үнемдеу әрі адамдарға жаңа өнім ұсыну ниетінен туды, – деді Д.Лекомцев.

Жоба өз жұмысын 2025 жылдың ақпан айынан бастаса, сол уақыттан бері 108 тонна тоқыма қалдығы жиналған. Қазір қала бойынша 23 киім қабылдайтын жәшік орнатылған. Олар қала орталығында тұрғындар тығыз шоғырланған Бостандық және Әуезов ауданында орналасқан. Денис Лекомцев қоқыс мәселесіне келгенде қоғамдық пікірдің өзгеріп келе жатқанын айтады. Себебі жәшіктер бірер сағаттың ішінде толып қалатын көрінеді.
– Енді ескі киімді қайта өңдеуге тапсыру – қайырымдылық емес, қарапайым қалалық қызмет. Екі айдың ішінде әлеуметтік желілерде 1 миллионнан астам қаралым мен 22 мың жазылушы жиналды. Бұл қоғамда экологиялық жауапкершіліктің артқанын көрсетеді, – деді ол.
Қала тұрғыны Назым Сапар биыл көктем айларынан бері ескі киімдерін қайта өңдеуге өткізуді әдетке айналдырған. Ол жаңадан киім сатып алар алдында бағасынан гөрі сапаға мән беретінін, себебі киімнің ұзаққа дейін киілуі маңызды екенін айтады.
– Мен үшін ескірген киімнің қайта өңдеуден өтіп, адамдардың қажетіне жарағаны маңыздырақ. Киімді өртеп ауаны ластағаннан гөрі, оған «екінші өмір» сыйлаған әлдеқайда тиімді шешім деп ойлаймын. Қайта өңдеуден өткен өнімдердің арасынан сапасы сақталған киімдерді балалар үйіне жіберетінін білемін.
Бұрын әдемі киімдерді көрсем, барлығын сатып алғым келіп тұратын. Ал қазір тек базалық киімдерді аламын. Мен үшін киімнің сапалы әрі денеге ыңғайлы болуы маңызды. Бағасы қымбат болса да, киімнің сапасы ұзақ мерзімге дейін шыдай алатындай болуға тиіс. Шыны керек, өзім киімдерді жиі жаңартып, қайта-қайта ауыстыра бергенді ұнатпаймын, – деді Н.Сапар.

Экологиялық жоба механикалық қайта өңдеуді қолданады. Автордың сөзінше, процесс барысында химиялық еріткіштер, су немесе басқа да реагенттер пайдаланылмайды. Мұндай тәсіл зиянды шығарындылар мен ағынды судың пайда болуын алдын алады. Бұл экология үшін ең қауіпсіз әдіс саналады. Жоба авторлары келешекте жоба ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.
– Қазір осындай экологиялық бастамаларды Астана мен Шымкент қаласында іске қосу туралы келіссөздер жүріліп жатыр. Одан өзге өңірлерде қайта өңдеу қуатын құру мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Бұл логистикалық шығындарды азайтып, халықты тоқыма қалдықтарын сұрыптауға кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Тұрақты шешімдерге сұраныс артып келе жатқанын көріп отырмыз, сондықтан біздің міндетіміз – қайта өңдеуді еліміздің барлық ірі қалаларында қолжетімді ету, – деді бастама авторы.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы