Тайланд пен Камбоджа Малайзияда шекара дауына байланысты келіссөздер бастады.
Тараптар татуласуға ниетті
4,233
оқылды

Khmer Times газетінің мәліметінше, Камбоджа мен Тайланд арасындағы шекаралық қақтығыс аясында тараптар Малайзия астанасы Куала-Лумпурда келіссөздер өткізуде. Оған Камбоджа премьер-министрі Хун Манет арнайы келсе, Тайланд делегациясына елдің уақытша премьері Фумтам Вечаячай жетекшілік етуде. Келіссөздерге Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим төрелік етіп отыр. Ол Камбоджа мен Тайланд үкіметтері өзара бейбіт келісімге келуге көмектесуді сұрағанын атап өтті.

Қақтығыс жалғасып жатқан тұста Тайландтың 2-армиялық округі шекарадағы жағдайға қатысты жаңартылған деректерді жариялады. Әскери ведомствоның мәліметінше, қазір атыс жүріп жатқан аймақ саны жетіге дейін қысқарған. Бұл алғашқы күнмен салыстырғанда үш учаскеге аз. Қақтығыс салдарынан 51 бейбіт тұрғын зардап шеккен: 14 адам қаза тапты, 12 адам ауыр жараланған, 12-сі орташа жарақат алған, 13 адам жеңіл жарақатпен тіркелген. Сонымен қатар Тайланд армиясының 8 әскери қызметкері мерт болды, 103-і жараланды. Қауіп аймағынан жалпы 139 646 адам эвакуацияланған.

Айта кетейік, қақтығыс мамыр айының соңында камбоджалық сарбаз қаза болғаннан кейін басталған. Бұл оқиға шекарада болған қысқа атыс кезінде болған. Осыдан кейін қос тарап та шекарадағы әс­кери күшін күшейтіп, Тайландтағы коалициялық үкімет дағдарысқа ұшырай бастады. 

Тайланд пен Камбоджа 817 шақырымдық құрлық шекарасының бойындағы бірнеше нақты белгіленбеген аумақтар үшін ондаған жылдар бойы дауласып жатыр. Даудың басты себебі – XI ғасырда салынған Та Моан Тхом мен Прэахвихеа индуистік храмдарының иелік мәселесі.