Жаңғырған Сыр елі
Жаңғырған Сыр елі
286
оқылды
Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бәсекеге қабі­леттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білім сал­танатын құру, сананың ашықтығы, эволюциялық даму сынды 6 бағытта өрбіп, «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» 6 арнайы жобасы бойынша, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясындағы 7 бағыт бойынша жүргізілген. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарына 283 жоба енгізіліп, 2 000-нан астам шара ұйымдастырылды. Бұл шараларға облыстық бюджеттен 476,8 млн теңге бөлініп, демеушілік қаржы есебінен 4,6 млрд теңге тартылды. Болат Өтемұратов қоры көпбалалы 100 отбасына 100 үй салып беруге 2 млрд теңге, «ҚазГерМұнай» ЖШС БК «Жастар орталығы құрылысына 1,7 млрд теңге, «Абай-Дәулет» ЖШС балалар ойын алаңы құрылысына 3 млн теңге бөлген т.с.с. Ежелгі дәуірден қазірге дейін Сыр өңірінде дүниеге келген әде­би, мәдени және тарихи мұра­ларды жаңаша көзқараста қайта зерделеп, олардың әлемдік өрке­ниеттегі орнын бағамдау мақса­тын­­дағы «Сыр өңірінің түркі халық­тарының тарихы, мәдениеті мен өнеріндегі алатын орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Қазақ әдебиетінің тарландары фәниден өткен ақындар Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы мен Жарасқан Әбдірашевтің шығармашылығына арналып халықаралық «Парасатты поэзия» фестивалі дүбірледі. Ел ішіндегі талантты, талапты жастарды жыраулық өнерге бау­лып, үлкен сахналарға шығуына жағ­дай жасау, көне мақам-саздар­ды, терме-толғауларды жас жыр­шы­лардың жыр қорына қосу, жыр-мұраны келешекке жеткізер жыршылар қатарын көбейту мақ­сатында «Жыр-мұра» жобасы жүзеге асырылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» институтының «Сәтті жобалар» жинағын шы­ғару­ға біздің облыстан 2 жоба енгізілген екен. Олар: Қорқыт ата мұрасын жас ұрпаққа наси­хат­тау мақсатында «Қорқыт ата­ның да­налық сөздері» кітабы шы­ғарылған. 3 мың данамен жа­рық көрген бұл кітап облыс кітап-ханаларына таратылмақ. «Сәтті жоба» аталған тағы бір жоба жеткіншектерді еңбекке бау­лу мақсатын алға қойған «Ізденіс» жасыл академиясының жастарды бау-бақша өнімдерін өсіру арқылы еңбекке баулу» жобасы, жеткіншектерді ауыл өмірімен таныстыру, еңбек адамын құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында «Өзекті ауыл өмірі, қарбалас қала тірлігі» Vіllaga Lіfe жобасы жүзеге асырылған. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жоба­сы аясында өңірдегі өнер ұжым­дары шетелдерге сапарлап, Сыр өңі­рінің өнерін паш еткен. Облыстық фи­лармонияның камералық оркестрі түркі тілдес елдердің қатысуымен Босния-Герцеговина мемлекетінде өткен классикалық камералық оркестрлер фестиваліне қатысып қайтқан «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі ғарышкерлер күніне орай Мәскеудің Кремль сахнасында өнер көрсеткен. Тамыз айында Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Өзбекстандағы «Қызылорда күндері» өткізіліп, осы шара аясында Ташкентте «Орта Азия мен Қазақстанның білім мен мәдениетін дамытудағы Темірбек Жүргеновтің жасампаз жолы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Сондай-ақ Өзбек ұлттық академиялық драма театрында Н.Бекежанов театры Рахымжан Отарбаевтың шығармасына қойылған «Нарком Жүргенов» спектаклін сахналаған. Облыстық театрдың академиялық мәртебесін иеленгені де өткен жылдың айтулы жаңалығы. Театр­дың 9 жас маманы Орта Азия елдерінен тұңғыш рет Ресей­дің мемлекеттік театр өнер инсти­тутында білім жетілдірген. Сондай-ақ т.б. сахналарда облыстың өнер шеберлері өнерін паш еткен.  

«Сыр елі – жыр еліндегі» өткен жылғы айтулы бір жаңалық Тұр­мағамбет шайырдың бұрын жария­ланбаған қолжазбасы табылып, «Алаштың асыл мұрасы» жинағы шығарылды.

  Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлестікте дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы дала сазы» ха­лықаралық фольклорлық-му­зыкалық өнер фестивалі өткізіліп, фестивальге Түркия, Иран, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Сербия, Саха, Башқұртстан, Татарстан, Қырғыз Республикасының және еліміздің өнер шеберлері, белгілі ғалымдар қатысып, дәстүрлі фестивальдің даңқын өсіре түсті. Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілгенінен, жалпы Сыр жұртшылығы хабардар болса керек. Осы орайда тағы бір сүйіншілейтін жаңалық облыстық филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылды. «Сыр елі – жыр еліндегі» өткен жылғы айтулы бір жаңалық Тұр­мағамбет шайырдың бұрын жарияланбаған қолжазбасы табылып, «Алаштың асыл мұрасы» жинағы шығарылды. Елімізде дәстүрлі түрде республикалық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында біз­дің өңірден жоба жеңімпазы атанған дәрігер-хирург Болатбек Баймаханов басқа қалада тұрса да туған жеріне келіп жас дәрі­герлерге шеберлік сағат­та­рын өткізіп, бірнеше ауыр ота жа­сады. Тоғызқұмалақшы Әсел Далиева ұлттық спортты наси­хаттап, шәкірт тәрбиелеп тур­нирлер өткізіп жүр, күріш өсіру саласындағы ғалым-селекционер Александр Подольских күріш­шілерге шеберлік сабағын өткіз­геннен бөлек, жас ғалымдарды тәрбиелеуде. Жоба жеңімпазы педагог-психолог Сымбат Абдрах­манованың қоғам үшін жасаған еңбегін жоғары бағалаймыз. Қазақ тілінде түсірген мультфильмдерінің бірі — өңір тарихына арналған «Сиқырлы кілт» мультфильмінің көрсетілімін жазғы демалыс ла­герлерінде ұйымдастырдық. Об­лыс­тық телеарнадағы «Жаңа күн» бағдарламасында педагог-пси­хологтың «Психолог кеңесі» ай­дары жүргізіледі. Суицидтің алдын алу бойынша тәжірибесі Иранда, Қазақстанда насихатталуда, – деп облыс әкімінің орынбасары «100 жаңа есім» жобасының жеңім­паздарына ерекше тоқтады. С.Абдрахманова биыл сондай-ақ NEET жастар арасында өмірлік дағдыларды қалыптастыру тақы­рыбында барлық ауданда ерікті психологтар тобының курсын өт­кізбек екен. Ағымдағы жылы атқарылмақ маңызды шаралар қатарында SACRAL TUR, «Электронды көрме» жобалары, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» ғылыми-әдіс­темелік конференциясы, «Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін үйрету жолдары мен тәсілдері» атты республикалық ғылыми конференциясы, «100 жаңа оқулық» кітап көрмесі, «Абайдың рухани мұрасы» вир­туал­­ды көрмесі, «Өз жерің­ді танып біл» туристік экскур­сия­сы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпазда­ры­ның қа­тысуымен TALKS фор­матындағы кездесу, республикалық жас­тар слеті, «Туған жерге тар­ту» қа­йырым­дылық акциясы белгі­ленген. Еріктілер жылына орай ерік­тілерді қатыстыра отырып «Туған жер» жобасы аясындағы ша­раларға халықтың өзге де әлеу­меттік топтарын қатыстыру жос­парланған. «Ұлы дала Fest» та­қы­рыбында ұлттық дәстүрлер фестивалі, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы қазақтары тығыз қоныстанған аймақтарына жас жыраулардың шығармашылық іссапарын ұйым­дастыру, оқу­шылар арасында «Әкеме хат» шы­ғар­малар байқауын ұйымдастыру жоспарланған. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы бойынша атқарылған жұ­мыстардың нәтижесімен халықты хабардар ету мақсатындағы «Жаңғырған Сыр елі» керуені ұйым­дастырылып, қала, аудан­дар­да зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ақындар қатысуымен кездесулер, шеберлік сағаттары, ашық аспан асындағы концерттер ұйымдастырылмақ екен. Қысқаша тұжырымдағанда, биыл да рухани жаңғыруға дендей түсетін жыл болмақ.  

Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда облысы