Орал қаласында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруы­мен «Бір ауыл – бір кооператив» тақырыбында семинар өтті. Семинарға көрші Маңғыстау облысынан қонақтар келіп қатысты.
Бір ауыл – бір кооператив
6,810
оқылды

Семинар барысында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуы, жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды шешу жолдары талқыланды. «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясының директоры Н.Мұқанов ауыл шаруашылығын озық дамытып отырған шетелдік тәжірибелерді айтып, үздік мысалдармен бөлісті. Кейін семинарға қатысушылар кооператив ашып, шаруа жүргізіп отырған жұмысшыларға барды.

 Партияның «Ауыл аманаты» жобасы екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға қолдау болды. Осы жоба аясында тек БҚО өзінде 1 467 жұмыс орны ашылған. Жоба­ның мақсаты да сол – ауыл тұр­ғын­дарының өмір сапасын жақ­сарту, оларды кәсіпке баулу. Тек бұл жолы тұрғындар бірігіп, бірле­сіп еңбек етуге үйренеді. Жоба аясында кооперативтер құрып, мем­лекеттен несие алып, шаруа­сын дөңгелетіп отырғандар бар­шы­лық. 

Солардың бірі – Алмаз Бек­бол­сынов. Ол БҚО Тасқала аудан­ында асылтұқымды қой өсіріп отыр. Кооперативті үш жігіт бірі­гіп ашқан. Қазір ол жерде 25 шақ­ты адам жұмыс істейді. Алмаз Бек­­болсынов жүнді, етті бағыттағы қой өсіріп отыр. Бүгін семинарға арнайы шақырылған. 

– 2023 жылы несиеге еділбай тұқымындағы қой алдым. Қазір менде мың бас ана­лық бар, соның тұқымымен екі мың­ға жуықтап қалды. Биыл тех­никаға деп 30 млн теңге несие ал­дым. Осы «Ауыл аманаты» жоба­сы аясында көп қолдау болып тұр. Ауыл адамдарын осы жұмысқа тар­тып отырмыз. Қойдың етін «Батыс – Нық» ет ком­­бинатына тап­сыра­мын. Ал қойдың жүнін алдағы уақытта өзіміз өңде­сек пе дейміз. Сол үшін осы жоба аясында тағы несиеге қойдың жү­н­ін өңдейтін ап­па­рат­тар алғым келеді, – дейді семинар­да сөз алған Алмаз Бек­болсынов.

«AMANAT» партиясының БҚО филиалы жетекшісі Мұрат Мұқаев биыл аймаққа 5 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтты.

– Ауыл тұрғындарының әл-ау­қатын көтеру, жаңа жұмыс орын­дарын ашу мақсатында осыдан екі жыл бұрын партия бастамасымен «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге аса бастаған еді. Ол қазір кең қолдауға ие болып, мемлекеттік деңгейге көтері­ліп қалды. Осы жоба аясын­да ауыл тұрғындары кооперативтер ашып, сол ауылдарда тұрақтанып қалып жатыр. Біз биыл да бұл жоба­ны жүзеге асырамыз. Біз тек кооператив ашуға  көмек етпейміз. Кейін сол өнімді сатуды, өңдеуді ұйымдастыруға да атсалысып, жетекшілік етіп келеміз, – деді ол.

Сөз реті келіп тұрғанда айта ке­тейік, жалпы 2023-2024 жыл­дары БҚО шаруалары осы жоба аясында 8,9 млрд теңге қаржы алған. БҚО – ауыл шаруашылығы дамуы жағынан алдыңғы қатарлы аймақ. Сондықтан да бұл жобаны жүзеге асыру батыстағы ағайын үшін аса қиынға соғып жатқан жоқ. Ал қонақтар өз сөздерінде құмды, шөлейтті Маңғыстау үшін мал өсірудің өзіндік қиындығы барын айтты.

– Біздің Маңғыстау облысында агрокешен әлсіздеу. Бір ғана мысал айтайын, аймақта 30 мыңдай ғана сиыр бар. Ал БҚО-да миллионнан асып кетеді екен. Бізде тек түйе көп, 102 мыңдай түйе бар, ал Ба­тыста 3 мыңдай. Біздің артықшы­лығымыз – тек сол түйеміз. Сол түйе­ге субсидия алып отырмыз. Біз­де егін шаруашылығы да өте төмен. Облыста тек 1 100 гектар жерде егініміз бар. Ал БҚО-да 1 100 гектар егін деген бір қожа­лық­­тың жерінің бір бөлігін ғана құрап тұр. Жалпы, Маңғыстау облысын­да тек 28 кооператив құ­ры­лып отыр. Енді осының санын көбей­тейік, дамытайық деп БҚО-ның озық тәжірибесін көрейік деп кел­дік. Біздің облыстың да ерек­ше­лігін ескеріп, ыңғайлы тетік­тер­ді тауып, «Ауыл аманаты» жоба­сын дамытуды көздейміз, – дейді Маң­ғыс­тау облыстық Ауыл шаруашы­лы­ғы және жер қатынастары бас­қар­масының басшысы Дастан Мұраталиев. 

Түстен кейін қонақтар «Ауыл аманаты» аясында жүзеге асып жатқан кәсіпорындардың жұмы­сы­мен танысты. Алдымен қонақ­тар Бәйтерек ауданы Макаров ауыл­ына келді. Бұл жерде 10 мың тауық өсіріп отырған кооператив бар. Осы тауық шаруашылығын жүзеге асыру үшін 22 млн теңге субсидия алған. Ол ақшаға Қы­тайдан арнайы құрылғы әкеліпті. Соның арқасында осынша көп құсты бағып-қағу оңайға түсіп отыр. 

– Бәрі автоматты жүйеге қос­ылған. Адам еңбегі көп қажет етілмейді. Тауықтардың асты авто­матты түрде тазаланады, жемі шашы­лып, суы жіберіледі. Кейін жұмыртқаны да бері шығарады. Қыздар тек жинап ала қояды. Бұ­лар жұмыртқаны қаладағы дүкен­дерге жеткізіп отыр. Бізге облыс­тағы ірі құс фабрикасы көмек қол­ын созып отыр. Олар арнайы мамандарын жіберіп отырады. Келіп қарап, кеңес беріп бізді бағыттап отыр, – дейді ауыл әкімі Еркін Әбілкакимов. 

Құс шаруашылығымен айна­лы­сып отырған кооператив осы үлкен базаны өздері өз қаражатына салғанын айтады. Кейін техника үшін 26 млн теңге несие алыпты. Макаров – қалаға жақын ауылдар­дың бірі. Бұл ауылдың халқы не­гіз­інен бау-бақшамен айналысады. Картоп, сәбіз, орамжапырақ еге­тін қожалықтардың бәрі дерлік осы ауылдардың маңынан жер алып, шаруасын жүргізіп отыр. Қазір сол шаруалардың басын бір коопера­тивке біріктіруде. 

Семинарға қатысушылар кейін «Жастық» кәсіпорына келді. Бұл жерде сүт өнімдері өңделеді. Ша­руа­шылық иесі ауылдардан жинап алынған сүтті қалаға әкеліп өңдеп, кейін дайын өнімді дүкендерге жөн­ел­тетінін айтады. Жалпы, бұл «Жастық» шаруашылығының өнім­дері облыста сұранысқа ие. Олар­дың сүті, айраны, қаймағы, женті дүкенге түскен бойда халық талап алып кететінін көз көріп жүр. 

Біркүндік семинар барысында шаруалар өз тәжірибелерін айтып, озық ойларын ортаға салды.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы