Сауда орындарындағы бағаны тексерді
Сауда орындарындағы бағаны тексерді
437
оқылды
Nur Otan партиясы Түркістан қалалық филиалының ұйым­дастыруымен қала аумағын­дағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағаларына тұрақтылықты сақтау мақ­са­тында құрылған жұмыс тобының мү­шелері рейдтік шара жүргізді. Жұмысшы топ құрамында Nur Otan партиясы Түркістан қала­лық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Темірбаев, қала­лық мәслихат депутаты, Nur Otan партиясы Түркістан қа­ла­лық филиалының Партиялық ба­қылау комиссиясының төрағасы М.Қорғанбаев, қалалық бизнесті қол­дау және туризм бөлімінің ма­ман­дары мен жергілікті бұқара­лық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Рейд барысында жұмыс тобының мүшелері қаладағы «Шапағат», «Әл-қаусар», «Шаңырақ, «Береке» сауда орындарын және «Алтын бұлақ» базарын аралап, бағаның тұрақ­тылығын қадағалады. Олар сонымен қатар сауда орындарындағы қала тұрғындарына қажетті азық-түлік пен басқа да қажетті өнімдердің сөрелерде самсап тұрғанына көз жеткізді. Қазіргі таңда қоғамда орын алып отырған келеңсіз жағдайға байланысты халық арасында «азық-түлік бағалары қымбаттап кетіпті» деген алыпқашпа әңгімелердің орынсыз екені анықталды. Жұмыс­шы топ халыққа қажетті өнімдер сол бұрынғы бағаларында саудаланып жатқанына, қажетті заттардың толық екеніне куә болып қайтты.
Айта кетейік, алдағы уақытта қала аумағындағы сауда орындары мен базарлардағы тауарлардың бағасына мониторинг және тал­дау жұмыстары тұрақты түрде жүр­гізіледі.  

Әбілмансұр ЖАСАН