Еліміздің жас шахматшылары тағы бір чемпионатта мол жүлдеге ие болды. Командалық есепте күміс, жеке есепте алтын, күміс және қола медальдар жеңіп алды.
Қазақ шахматшылары АҚШ-та өткен чемпионатта сенсация жасады
Командалық күміс медаль, жеке есептегі үш жүлде – елдегі шахмат мектебінің мол әлеуетін көрсетеді. Фото fide.com сайтынан алынды
1,692
оқылды

Aikyn.kz Вашингтон маңында FIDE-нің ұйымдастыруымен шахматтан өткен чемпионаттағы қазақ оқушыларының жетістігін хабарлайды.

FIDE-нің президенті Аркадий Дворкович пен Freedom Holding Corp. бас атқарушы, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов. Фото fide.com сайтынан алынды

2025 жылғы 3-6 тамыз аралығында АҚШ-тың Вашингтон маңындағы Александрия қаласында FIDE World Schools Team Championship өтті. Сегіз турдан тұратын командалық чемпионат швейцарлық жүйемен ұйымдастырылды. Жарысқа 48 елден келген 55 команда қатысты, оның ішінде алты команда Қазақстаннан болды.

Чемпионатты Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры, Халықаралық мектеп шахмат федерациясының (ISCF) басшысы және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов ұйымдастырған. Әр команда төрт негізгі ойыншыдан, бір қосалқы ойыншыдан және капитаннан тұрады.

Финалға жеті команда шығып, олардың үшеуі Қазақстан намысын қорғады. Фото fide.com сайтынан алынды

Чемпионатта Үндістанның Velammal MHS School командасы үздік өнер көрсетіп, барлық 8 матчта жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді. Олардың артынан күміс пен қола жүлделер үшін қызу тартыс болды. Финалға жеті команда шығып, олардың үшеуі Қазақстан намысын қорғады.

Чемпионаттың нағыз батыры – Иманғали Ақылбай (РФММ, Алматы). Фото fide.com сайтынан алынды

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) үлкен басымдықпен күміс медаль жеңіп алды. Біздің оқушылар қосымша көрсеткіштер бойынша АҚШ-тың Harker School командасынан озып шықты.

Иманғали Ақылбай (РФММ, Алматы) чемпионаттың нағыз батыры атанды. Ол екінші тақтада мінсіз нәтиже (8/8) көрсетіп, жеке есеп бойынша алтын медаль жеңіп алды. Эдгар Мамедов (РФММ) болса бірінші тақтада қола жүлде иеленсе, Зарина Нұрғалиева үшінші тақтада қола медальға ие болды.

Қазақ шахматшылары бұл чемпионатқа қатысып қана қойған жоқ – олар мақсатты түрде биік нәтижеге қол жеткізді. Фото fide.com сайтынан алынды

Басқа қазақстандық командалар да жақсы нәтижелерге жетті. Астаналық Республикалық физика-математика мектебі (РФММ 2) төртінші орында, SEED Educational Complex (Астана) мықтылардың қатарында сегізінші орынды иемденді.

Қалған қазақстандық командалар (Астана, Ақтөбе, Шымкент қалаларынан) да төзімділік танытып, турнир кестесінде 27-ші, 33 және 39-ші орындарды иеленді. Бұл елдегі мектеп шахматының жоғары деңгейін көрсетеді.

Қазақстан бұл чемпионатқа қатысып қана қойған жоқ – ол мақсатты түрде нәтижеге жетті. Командалық есептегі күміс, жеке есептегі үш жүлде және бірнеше команданың лайықты өнер көрсетуі – елдегі шахмат мектебінің, жас қазақ шахматшыларының болашағы зор екенін айқын көрсетеді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.