Ақтауда жекеменшік балабақшада 1,5 жастағы бөбек қатарластарынан таяқ жеді. Тырнап, буындырып, басынан жараланған қызын көрген ата-ана бірден шу шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқиғаның қалай болғаны бақылау камерасына анық жазылыпты. Ал бір сағаттай уақытта бірде-бір тәрбиеші бөлмеге бас сұқпаған. Ата-ананың ашуына тиген де - осы.
— Қызыма тиісе бастаған. Сол кезде тәрбиеші ажыратып алып, қайта жатқызған. Ояу балаларды тастап кеткен. Содан тәрбиеші ұзақ уақытқа жоғалған. Қызымды қасындағы екі кішкентай қыз тістеген, ұрған, көзін шұқыған. Үстіне отырып алып қылқындырған. Сосын басын ұстап тұрып ұрған, кереуеттің шетіне, қырына басы соғылған, – дейді баланың анасы Камила Қабиева.
Камила Қабиеваның айтуынша, қызын басқа балалар ұрып, шырылдап жылап жатса да, бірде-бір балабақша қызметкері көмекке келмеген. Кейін балабақша әкімшілігі мен қызметкерлері қыздың анасынан арыз жазбауын өтініп, сыйлық беріп, кешірім сұрап келіпті. Тіпті, басқа балалардың да ата-анасын арағайын қылып, бұл мәселені жылы жапқысы келген. Алайда бұл жағдай басқа балалардың да басында қайталануы мүмкін деген ана кешірім бергісі жоқ. «Тіпті, сол сәтте қызымды қылқындырып өлтіріп қоюы да мүмкін еді», - дейді ол.
Полиция оқиғаға қатысты іс қозғап, тергеп-тексеріп жатыр.
— Жекеменшік балабақшада болған жанжал дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 140-бабы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр, – деді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы Әйгерім Ибадуллаева.