Шыны керек, Дженнифер Лопес Қазақстанға келіп, концерт бергелі бері Facebook әлеуметтік желісіндегі қолданушылардың арасында оның қимылын, «киімін» сынап, бұны азғындыққа балап жатқандар көбейді. Бұған байланысты белгілі әлеуметтанушы, тәуелсіз зерттеуші Қанағат Жүкешев өзінің әлеуметтік желідегі парағына «Лопес және біз» деген жазба жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мұнда автор Дженнифер Лопестің концертіне қатысты пікір тек «киімнің» төңірегінде болып кеткенін айта келе, біздің қоғамның кейбір өкілдері бұл құбылысты неге қабылдай алмай отырғанын талдауға тырысады.
– Дженнифердің концертіне қатысты сөз оның әнінің мазмұны, ырғағы, замандастың санасына әсері туралы болуы керек еді. «Тақиялы періштенің» апалары оның құйысқан-өмілдірік-жіңішке айыл пішініндегі костюмі мен бөксесін ғана көріп, беттерін шымшыған екен. Осыған қатысты ойға екі тәпсір оралып отыр.
Біріншісі – киімге қатысты концепт. Киім – адам үшін тек климаттық маңызы бар, адамға еріксіз таңылған машахат. Адам Ата мен Хауа Ана жер аударылып келгенде тыр жалаңаш болған, дүниежүзіндегі барлық жанды ағзалар сияқты.
Осы табиғи негіз қазір де адамдарды ол бастағы стихиясына тартады да тұрады. Адамдар үстіндегі артық жамылғыны лақтырып тастағысы келіп тұрады. Ол – адамдардың табиғилықты, демек, еркіндікті аңсауынан туған зауқы. Осы зауық адамдарды үстіндегі артық жамылғыдан арылуға ұмтылдырады.
Әрине, адамдар жүздеген мың жылдар ішінде әдетке айналдырып алған киім атаулыны сыпырып тастамайды. Қазіргі ұстаным – «адам көркі шүберек». Сөз Дженнифердің пішіндемесіне қатысты болса, біз адамның психологиясын оның беті мен жүзінен, мимикасынан ғана емес, оның бойындағы бұлшық еттері мен позасы арқылы да түсінуге тырысуымыз керектігінде болып отыр.
Ұлы суретшілер мен мүсіншілер бейнелеу өнерінің керемет туындыларын жасағанда адамның үстіндегіні лыпасына дейін лақтырып тастады. Адамның жан әлемін бұлшық еттер арқылы көрсету үшін жасады.
Әйелдер декольтені жыл өткен сайын кеңітіп келеді. Өткен жылы бір тележүргізуші бұқара алдына бюстгальтерсіз шықты. Дженнифердің айылының жұқалығы да, осы категориядағы көрініске жатады. Бұлар эстетика және эротика терминдерімен сипатталады. Бұдан әйел үшін ғана емес, ер адамдар үшін де еркіндікке ұмтылыс пен өмірге құштарлық ұшқындары көрініс береді.
Нудистер қоғамы деген бар. Оның мүшелері жиындарына жалаңаш келеді. Озық елдердің кейбіреулерінде моншаға ер мен әйел бірге түсе береді. Дәретхана да біреу-ақ. Әрине, бұлар норма ретінде ұсынылмайды, ал негатив сапасында көрсетуге де болмайды. Мұндай көріністерді адамзаттың прогресс жолындағы тәртібінің түрлі нұсқалары ретінде қабылдау керек. Осының бәрі бұзылғандықтың, моральдық азғындықтың көрінісі емес, адамның денесіндегі қуат пен еркіндіктің сыртқа шыққысы келіп тұрған бұлқынысы деп қарау керек.
Адам киімге қаншалықты қалың оранса – ол соншалықты еріксіз, құл. Хиджабпен тұмшаланып жүргендер толыққанды бақытты бола алмайды. Өзін еріктімін дейтін адам киім киюде де еркіндігін сақтауының сөкеттігі жоқ, – дейді пікір иесі.

Сонымен қатар әлеуметтанушы, философ Қ. Жүкешев құбылыстың мәнін қазақтың көркем өнерінің өркениеттен жырақта қалып отырғанымен байланыстырады.
– Бұл жерде мен Лопестің репертуарына қатысты «ұнайды-ұнамайды» деңгейіндегі, жеке пікір ұсынайын деп отырған жоқпын. Өркениеттер арасындағы алшақтық және қазақ мәдениетінің прогресі туралы ой айтайын деп отырмын.
Шығармаларының таралуы және жеке танымалдығы жағынан дүниежүзінде алдыңғы орында тұрған Людвиг ван Бетховен деген композитор бар. Бала жастан саңырау болып қалған оның классикалық музыкада несі бар деген ой әркімге бір келер болар. Ал оның өз түсіндіруі бойынша, сиқырлы әуен оған ғарыштан келеді екен. Планеталардан, жұлдыздардан, жұлдызаралық тұмандықтардан, галактикалардан, олардың сұмдық қозғалыстарынан келіп түсіп жатқан әуендерді ол дереу нотаға түсіріп алатын көрінеді.
Мұны айтып отыруымның себебі – музыка дегеннің қайнар көзі, мөлдір бастауы болатынын жастарға түсіндіре кету. Демек, Джей Лоның репертуарындағы әуендердің планета тынысынан туғандығын біліп қою керек. Әншінің қай тілде айтып тұрғаны есеп емес. Бар кілтипан әуен мен ырғақтың көгілдір планетаның қойнауларынан келіп жатуында, сондықтан жердегі адамзатқа түсініктілігінде болып тұр. Соның нәтижесінде Джей Ло қай елге барса да, оны мыңдаған музыка сүюшілер гүлмен қарсы алады.
Осыдан алатын қазақтың сабағы бар. Қазақ тілі меңгерілмейді, мәдениеті қабылданбайды. Неге?
Өйткені қазақ көркемөнерінің қайнар көзі өркениеттен жырықта қалып отыр. Мал соңында қиыр жайлап, шет қону осы уақытқа дейін, қазақ зиялысының шығармашылығына дем беретін, бірден-бір инфрақұрылым сапасында қалып отыр.
Қазақ қара өгізін өңкілдетіп («Қара өгіз» – соңғы жылдардағы қазақ әдебиетінің жетістігі ретінде танылған көркем шығарма), қара жолдың топырағын бұрқылдатып, туыстары туралы әндерін салып, ауылын сағынып кетіп бара жатыр. «Кең сарайдан жасқанып, киіз үйді басқарып, тыңқылдаған домбырасымен» (Т.Ахтановтан) күй шертеді, сызылта ән салады, мың бұралып билейді. Тек бұлары дүниежүзілік өркениетте қабылданбайды.
Қазақ халқының төрт ғасырлық трагедиясы осыдан – формациялық артта қалудан басталып отыр. Қазақ руханияты планетарлық өркениет ағысынан аулақ жатыр. ҚАЗАҚ АУЫЛЫНАН ШЫҒЫП, ЗАМАНАУИ ӨРКЕНИЕТКЕ ҚОСЫЛУЫ КЕРЕК, ИНДУСТРИЯЛЫ ҰЛТҚА АЙНАЛУЫ керек. ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ деп осыны қабылдауы керек, – дейді ол.
Айта кетейік, әлеуметтанушы, философ, лингвист, тәуелсіз зерттеуші Қанағат Жүкешев бұған дейін бізге «Ұлтты оятатын негізгі фактор – азаматтық білім» деген тақырыппен көлемді сұхбат берген еді.