– Саяси билік транзитінің бейбіт әрі заңды жолмен ауысуы ең алдымен Қазақстанның сыртқы саяси келбеті үшін тиімді жол болды. Себебі біздің мемлекетіміз – посткеңестік кеңістіктен шыққан елдің бірі. Яғни, сыртқы саяси салмағы толық орнықпаған жас мемлекет. Геосаяси тұрғыда екі жағымызда қос бірдей алып мемлекеттермен шекаралас жатқан елміз. Біздегі билік транзитінің қалай өтетінін әлемдік қауымдастық та қадағалап отырғаны анық еді. Оның үстіне, көрші республикалардың тәжірибесіне қарасақ, бұл мәселенің маңыздылығы жоғарылай түседі. Айналамыздағы республикаларда саяси билік транзиті әрқилы жүрді. Сондықтан көптеген сарапшы, саясаткер түрлі болжам, пікір айтты. Бірақ Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешім қабылдап, ол болжамдардың негізсіз екенін дәлелдеді.
Біріншіден, бұл мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығын ұзақмерзімді қамтамасыз ететін шешуші қадам. Әрбір саяси жүйенің тұрақтылығы сол жүйенің саяси элиталарының ауысуымен, жаңаруымен тікелей байланысты. Елбасымыз қабылдаған шешім негізінде бұл жолдан біздің еліміз, қоғам сәтті өтті.Екіншіден, инвесторлар үшін сырттан келетін инвестиция ағымы үшін де өте тартымды саяси қадамдар жасалды. Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алысымен өзінің сыртқы саяси келбетінің арқасында өңірде ең көп инвестиция тартқан көшбасшы мемлекет. Республикамызға 300 млрд доллардай қаржы құйылды.
Сондай-ақ мұны Қазақстанның билік транзиті моделінің бірегейлігі деп айта аламыз. Алғаш рет посткеңестік кеңістікте орналасқан елдер ішінде билік транзиті бейбіт түрде, дүрбелеңсіз жасалды. Бұл да өзге көршілес республикаларға үлгі боларлық сценарий.Қазіргі таңда Елбасының беделі мен тәжірибесі жүйеден жоғары мәртебеге ие болып отыр. Яғни, Н.Назарбаев саяси тетіктер арқылы Қазақстанның мемлекеттік тұрақтылығын сақтауға үлесін қосуда. Тәжірибелі саясаткердің бұл қадамы, саяси арендағы салмағы елімізге қызмет ете бермек.