Тұмса табиғатты қасақана жұтаңдатып, саны сиреген сүйкімді аң-құсын аяусыз жайрататын, қалың орманын отап тастайтын браконьерлік деректері әлі күнге тыйылар емес.
Табиғатты қорғау – ұлттық қауіпсіздік тұғыры
1,846
оқылды

Табиғаттың әр пұшпағын қастерлеп, заңның қорғанында ұстау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті болса, браконьерлікпен күрес  полиция мен прокуратураның ғана емес, табиғат жанашырларының, жергілікті билік пен құзырлы мемлекеттік органдардың да күн тәртібіндегі маңызды ісіне айналған.

Осы бағытта тек мемлекеттік құрылымдар  емес, экологиялық бағыттағы қоғамдық бірлестіктер мен партиялар да өз үлесін қосып жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, жергілікті табиғат жанашырлары мен «Байтақ» партиясының Ақмола облыстық филиалы да табиғатты қорғау мәселелерін көтеріп, экологиялық мәдениетті арттыру бағытында жергілікті бастамаларды барынша қолдап келеді.

Солардың ішінде табиғатты қорғау ісінде жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты нәтижеге жетіп отырған мекемелердің бірі – Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы. Бұл мекеменің қызметін экология саласындағы ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың құрамдас бөлігі деп бағалауға толық негіз бар. 

Заң мен әділет таразысында – браконьерлікпен күрес

Биылғы жылдың алғашқы күндерінен бастап-ақ аумақтық инспекция қызметкерлері жануарлар дүниесін заңсыз пайдалануға және браконьерлік әрекеттерге қарсы алдын ала бекітілген жоспар бойынша кешенді шараларды қолға алған. Тек жыл басынан бері ғана 15 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелгені анықталды. Бұл – тек статистикалық көрсеткіш емес. Әрбір деректің артында табиғатқа жасалған ауыр қиянат, заңға жасалған құрметсіздік, елдің ортақ байлығын жеке пайдасына жаратпақ болған арам пиғыл жатқаны даусыз.

Осыған орай заңды белден басып, өрескел әрекетке барғандар жауапкершілікке тартылды. Мәселен, төрт дерек бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 143-бабының 1-бөлігі негізінде жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне мемлекеттік меншік құқығын бұзғандар айыпталды.

Тағы бірқатар жағдайда аңшылық қағидаларын өрескел бұзғандар әшкерелен­ді. Тіпті, тасбақаны заңсыз ұстаған, қас­қырдың күшігін иемденген, табиғаттың еркесі – елікті еріксіз қолға түсіргендер де жауапқа тартылды. Нәтижесінде, 176 340 теңге көлеміндегі айыппұл салынып, оның 137 020 теңгесі толық өндірілді. Сонымен қатар табиғатқа келтірілген 176 940 теңге залалдың барлығы өтелгені мәлім болды.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері инспекция мамандары 308 мәрте рейд жүргізіп, браконьерлік деректердің жо­лын кескен. Бұл рейдтер – жай ғана қ­ағаз жүзіндегі тексеріс емес, кешкілік пен түн­гі жортуылдарда, шалғай ауыл-ай­­мақ­тарды қамтып өткізілген, нақты нә­тиже­ге бағыт­талған шаралар болғанын атап өткен жөн.

Қатаң жаза – табиғатқа құрметтің кепілі

2025 жылы Ақмола облысында бра­коньерлікке қатысты алты қылмыстық іс тіркелді. Оның бесеуі ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (заңсыз аңшылық) бойынша, ал біреуі – 339-бабы (жабайы жануарларды заңсыз ұстау) бойынша қозғалды.

Екі іс тергеу барысында тоқтатылса, үш дерек бойынша тергеу әлі де жалғасуда. Бір қылмыстық іс сот шешімімен аяқталған. 18 сәуірде Ақмола облысының қылмыстық іс­­тер жөніндегі мамандандырылған ­аудан­аралық соты азамат Н.А.Шайкенді заңсыз елік атқаны үшін 3 жылға бас бос­тандығын шектеу және 5 жылға аң аулау құқығынан айыру жазасын таға­йындады. Сонымен бірге сот шешімімен «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне келтірілген 2 949 000 теңге залал толығымен өтелді. Құқық бұзу­­­­­шының «ИЖ-58» маркалы мылтығы мемлекет меншігіне тәркіленді. Бұл қарақ­шылық пен бра­коньерлікке барғандарға салынатын жаза жеңіл болмайтынын тағы бір мәрте дәлел­дей түседі.

Орман – елдің жасыл қорғаны

Табиғатты қорғау тек аң-құсты сақтау емес. Орман – жан-жануарға пана, ал ел үшін – жасыл қалқан. Бірақ, өкінішке қарай, орманды заңсыз отап, қалың ағашты жаппай кесіп тастайтындар да азаймай отыр.

Мәселен, биыл тек Ақмола өңірін­де 9 заңсыз ағаш кесу дерегі тіркелген. Жалпы кесілген ағаш көлемі 97,72 текше метр болса, келтірілген залал  883 312 теңгені құрады. Инспекция қызметкер­лерінің тікелей араласуымен анықталған 3 дерек бар, олардың кесілген ағаш кө­ле­мі  66,51 текше метрді құраса, ал кел­ті­рілген залал көлемі  672 288 теңгеге же­тіп жы­ғылған.

Ведомствоның ұсынған деректеріне сенсек, тек жыл басынан бері  орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 65 мәрте тексеріс жүргізілген. Олардың 33-і  жоспардан тыс болса, 32-сі  жоспарлы түрде жүзеге асырылған. Нәтижесінде, 81 әкімшілік іс қозғалып, 4 063 700 теңге айыппұл салынды. Бүгінде бұл соманың 100 пайызы толықтай өндірілді. Сондай-ақ табиғатқа келтірілген 524 900 теңге залалдың 91,09 пайызы өтелгені мәлім болды.

Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жұмысы – экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға да тікелей үлес қосып отырған қызмет. Браконьерлік пен заңсыз ағаш кесу – тек экономикалық шығын емес, ұрпақтың табиғи мұрасын кеміту екені даусыз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы