Ресми деректерге көз жүгіртсек, әлемде 210 миллион адам әлеуметтік желіге тәуелді. 2024 жылы Германияда 18-24 жас аралығындағы жастардың 84%-ы смартфонды шамадан тыс қолданатынын мойындаған, ал АҚШ-та жасөспірімдердің 60%-ы телефонға тәуелді екені расталған. Әлемді жайлаған ақпарат тасқыны елімізді де айналып өтпесі анық. Таң сәріде телефонды құшақтап оянып, кеш түскенде, телефонға телмірген күйі ұйқыға кету өмір салтына айналғалы қашан. Гаджет пен ғаламтордың шырмауына түскендердің депрессия, мазасыздық, ұйқының бұзылуы, көздің шаршауы, мойын мен арқа аурулары, семіздік секілді қаншама кеселмен бетпе-бет кездесетінін айтпасақ та, көзі ашық оқырманның білетіні хақ. Әлеуметтік желіге әуестіктің немен тынарын түсінген жастар да ақпараттық шектеудің керегін саналы тұрғыда түсінген-ді.
2025 жылы әлем жастары digital detox жасауды трендке айналдырды. Миллениалдардың 49%-ы, ал Gen Z өкілдерінің 44%-ы экран уақытын саналы түрде қысқартуға тырыса бастаған. 2025 жылы цифрлық детокс ретриттеріне қатысу 30%-ға артты. Демек, өткен күнге қарағанда өзгерістің бары байқалады.
Wi-Fi-сыз қонақүй – жаңа комфорт формуласы
Қазір жаһанда цифрлық детокс жасау туризм әлеміне де ерекше серпін беріп отыр. Халықтың ақпараттық шектеуге қызыққаны сонша сол үшін бума-бума ақшасын бере салудан аянбайды да, тайынбайды. New York Post басылымының жазуынша, Мексикадағы Grand Velas және Нью-Йорктегі Urban Cowboy Lodge сынды демалыс орындары қонақтарға ерекше қызмет ұсынады. Мұнда келген қонақтар цифрлық құрылғыларын түгелдей арнайы қорапқа салып, ақпараттық өмірден бас тартуға тиіс. 48 сағат ішінде кейбір келушілер өзін жағымсыз сезініп, тіпті есінен танып қалған жағдайлар да кездескен, ал кейіннен олар цифрлық өмірге оралуға құлықсыз болған. Ұлыбританиядағы туристік орындарды брондау сайтының негізін қалаушы Мартин Данфорд жарнамадағы жеңілдіктерді де өзгертіп жатқанын, Wi-Fi жоқ қонақүйлерді белгілейтінін айтады. «Біз бұрын Wi-Fi-ға қолжетімділікті жеңілдік ретінде жарнамалайтынбыз. Енді Wi-Fi жоқ орындарды қосып жатырмыз, адамдар бұған қызығып, бірден брондап қояды», – дейді М.Данфорд.
Әлемдік танымал тұлғалар да цифрлық детокс тәжірибесін қолдануды жөн деп тапқан. Әнші, актриса Селена Гомес әлеуметтік желінің психикалық денсаулығына теріс әсерін сезініп, 2019 жылы барлық әлеуметтік желі қосымшасын смартфонынан өшіріп тастаған. Содан бері оның аккаунттарын көмекшісі жүргізіп келеді. Жаңазеландиялық әнші Лордэ 2018 жылдан бері әлеуметтік желіден алыстаса, Ұлыбритания әншісы Эд Ширан 2015 жылы әлеуметтік желілерден үзіліс алған.
Смартфонсыз курстар сәнде
Әлемнің 70-тен астам елінде қолдау тапқан Screen-Free Week жобасы да гаджеттің адамның қожайыны емес, жай ғана құрал екенін түсінуге үлес қосып келеді. Screen-Free Week іс-шарасы 1994 жылдан бері жыл сайын мамыр айының бірінші аптасында өтеді, бұл жоба адами қарым-қатынасты реттеп, балалардың отбасымен уақыт өткізуіне, кітап оқып, табиғат аясында серуендеуге мүмкіндік береді. Әлемнің түкпір-түкпірінде де Offline Club сынды жобаларды ұйымдастырудың қатары артқан. Жапонияның Осака қаласының кей мектептері оқушыларға «смартфонсыз жұма» күнін енгізген. Бұл күні мектеп аумағында гаджет қолдануға тыйым салынады.
Елімізде де кей мектептер оқушылардан смартфон жинауды тәртіпке айналдыра бастаған. Сонымен қатар номофобиядан құтылуға көмектесіп, рухани ем беретін ұстаздар да жоқ емес. Соның бірі – AlQA bilim академиясының ұстазы, «Астана» дәстүрлі-зияткерлік курсының жетекшісі Нұрболат Кәрібай.
– XXI ғасырда адамдар ақпараттың жетіспеуінен емес, ақпараттың көптігінен, ақпараттық семіздіктен зардап шегеді. Толассыз келген ақпардың толқыны адамның санасына толық сіңбей қалып жатыр. Адам алған ақпаратын ой елегінен өткізіп, толғанып-ойланып, тұжырымдап сіңіре алмаса, уақытша жадтан сәлден соң өшіп кетеді. Қазір жастардың зейінінің, жаттау қабілетінің нашарлауының да себебі – осы. Бұрын ақпар аз, бір ғана кітап қолға түседі, таласып-тармасып соны оқиcың, тұщынып, керегін аласың. «Смартфонсыз 10 күн» курсын өткізуіміздің себебі де сол, өскелең ұрпақтың уақытын тиімді өткізіп, digital detox жасау, – дейді Н.Кәрібай.

Жобаның негізін қалаған ұстаздың айтуынша, оқушылар курсқа келген күні телефонын сөндіріп, ұстазға тапсырады, олар он күн бойы телефонды мүлдем қолына алмайды. Қатысушылар сырттан келетін қоқыс ақпараттан тазару үшін ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп, ертегі, аңыз, қисса оқып, Абай, Шәкәрім өлеңдерін жаттап, нағыз цифрлық детокс жасайды. Салт-дәстүр туралы түрлі әңгіме құрып, кітаппен достасады, осылайша, жас буын санасын сергітіп, зейінін реттеуге тырысады екен.
– Digital detox жасауға арналған жазғы лагерь, курстарға сұраныс артып келеді. Хабарландыру берген сайын қатысушылар лек-легімен толып қалады. Курсқа қайталап қатысатын оқушылар да бар. Жыл сайын кемінде үш-төрт бала «Смартфонсыз 10 күнге» қайта келеді. Әрине, демалыс уақытында кімнің сабақ оқығысы келеді, кімнің гаджеттен тыйылғысы келеді, балаларға оңай емес. Амал жоқтықтан, ата-анасы жібергеннен келетін бала көп, бірақ сол қатысқан бала өмір бойы рақметін айтады. Осындай жобаны қолға алғаныма бес жылдан асты. Оқушыларымның көбі әлі күнге дейін хабарласып, алғысын айтады, – дейді курс жетекшісі.
Экраннан ажырау – ақылға азық
Әлбетте, цифрлық құрылғысыз жұмысың бітпейтін заманда, әлеуметтік желі мен смартфонсыз өмір сүру мүмкін болмай барады. Бірі әлеуметтік желі арқылы саудасын жүргізіп, табыс тапса, бірі шығармашылығын дамытады, ал тіпті бірі халыққа рухани азық пен пайдалы білім беріп жүр. Осы ретте диктор, блогер Раушан Дәулетқызы әлеуметтік желіден керегін алып, құрал ретінде саналы пайдалану керегін айтады.
«Әлеуметтік желіде көп отырасың, одан кейде ажырау да керек. Біз де ажырай алмай жүрміз, бірақ әлеуметтік парақшамды жүргізуді хоббиім, жұмысым ретінде ғана қараймын. Адамдар алты күн жұмысқа барса, сол секілді әлеуметтік желі де – менің жұмысым. Телефонсыз, әлеуметтік желісіз өмір сүре алмаймын дейтіндей тәуелділігім, құштарлығым жоқ. Жұмыс ретінде қарап, осы арқылы табыс табамын. Бары – сол», – дейді блогер.
ZIALY URPAQ мектебінің математика пәнінің мұғалімі, куратор Салтанат Қыдырбайқызы да жастардың жұмысы смартфонмен тікелей байланысты екенін, дегенмен жұмыстан соң цифрлық тыныштықты аңсайтынын айтады.
– Куратор болғандықтан, күні бойы оқушылармен де, ата-аналармен де үздіксіз байланыста боламын. Көп жағдайда жұмысым тек білім берумен емес, түрлі мәселені шешумен өтеді. Сол себепті кешке әлеуметтік желіден шаршап, телефоныма қарамай, тыныштық іздейтінім бар. Маған кейде өзіммен-өзім қалып, ойымды жинақтап, миымды тынықтырып алу маңызды. Бұл жұмысымды өнімді істеуге, қайта күш жинауға көмек береді. Күніне кем дегенде, 5-6 сағат болса да, телефонға қарамауға тырысамын әрі үзіліссіз смартфонға шұқшиғаным көзді де шаршатып жібереді. Телефонымды ешқашан басыма жастап ұйықтамаймын, өзімнен алыс қоямын, – дейді жас математик.
Расымен де, XXI ғасырда ақпарат ағынынан толыққанды ажырау оңайға соқпайды. Десек те, еліміздің жастары да цифрлық тыныштықты қалап, өмірді үйлесімді сүруге бет бұрғаны көңіл қуантарлық.
Айсұлу СЪЕЗХАН