Елде жанар-жағармай бағасы көтеріліп жатыр. Жыл басында АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрі шамамен 205-208 теңге тұрса, қазір 223-225 теңгеден сатылады.
Жанармай бағасы:  көршіңе қарап «көсіл»
коллаж: Елдар ҚАБА
6,854
оқылды

Биылғы ақпанда дизельді отынның литрі 295 теңгеге бұлданса, бүгінде ол үшін 319 теңгеден көп ақша сұралады. Бұған не себеп? Энергетика министрлігі биыл ЖЖМ тапшылығы жоғын, керісінше, оның өндірісі күрт артқанын хабарлады. Бүкіл әлемде мұнай бағасы керісінше, төмендеп кетті. 

Ішкі нарық – басымдықта

Жалпы, мұнай өнімдерінің ба­ғасы жыл басынан бері жүгенсіз, еркіне жіберілген екен. Ве­домство мамандары жанар-жа­ғар­май бағасының өсуінің басты се­бептерін атады. Бұл нарықты ырық­сыздандырумен, басқаша айт­­қанда, бағаларды «еркін айна­лым­ға» жіберумен, сондай-ақ көр­ші елдермен арадағы баға айыр­машылығын жою қажет­тілі­гі­мен байланысты көрінеді. 

Себебі есепке алынған 2025 жыл­ғы ақпан айында ең танымал АИ-92 маркалы бензиннің 1 лит­рі­нің Қазақстандағы бағасы 205-208 теңгені құраса, Ресейде ол біз­дің ұлттық валютаға шаққанда – 300 теңгеге, Қырғызстанда – 404 тең­геге, Өзбекстанда  490 теңгеге же­­тіпті. Көршілермен арадағы айыр­­машылық сол кездің өзінде 285 теңгені құраған. Мұндай жағ­дайда Қазақстанда бензиннің қым­баттауын болдырмау мүмкін бе еді? Министрлік сарапшылары: «Жоқ!» деп үзілді-кесілді жауап қат­­ты. Әрине, бюджеттен субси­дия­­лауға болатын еді. Алайда бюд­жет тапшылығы тарихи ре­корд­қа жет­кен шақта оған ел қазынасынан енді артық қаржы табу қиын.  

Сарапшылардың пайым­дауын­ша, жыл басынан бері Қа­зақ­стан бұрынғы бағаларды сақтап қал­ғанда, онда отандық мұнай өң­деу зауыттары тек ішкі нарыққа емес, сондай-ақ Ресейдің, Қыр­ғыз­станның және Өзбекстанның кө­ліктеріне де жұмыс істеуіне тура келетін еді.

Сондықтан ел Үкіметі келесі жол­­ды таңдады: баға байыппен, бір­­тіндеп, еркіне жіберіледі, мем­ле­кет қарқынды қымбат­шы­лық­тың өршуіне жол бермеуге тыры­са­ды. Өніммен қамтуда ішкі нарық ба­сымдықта болады, қанша жер­ден мол табыс әкелсе де, экспорт шек­теледі. 

Осыған орай 2025 жылғы 13 нау­рызда, Үкіметте Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары – Ұлттық эко­номика министрі Серік Жұ­ман­ғариннің төрағалығымен сырт­қы сауда саясаты және ха­лық­аралық экономикалық ұйымдарға қа­тысу мәселелері жөніндегі ве­домствоаралық комиссияның шұ­ғыл отырысы өткен-тін.

Жиындағы талқылау қоры­тын­дысы бойынша ішкі нарықты мұ­най өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді назарға ала отырып, Қазақстан аумағынан бен­зинді, дизель отынын, мұнай өнім­дерінің жекелеген түрлерін ав­томобиль және теміржол көлі­гі­мен әкетуге тыйым салуды ұзарту ту­ралы шешім қабылданды. Сөй­тіп, ел шекарасынан әрі ұзап шы­ға­тын көліктерге машинаның төл ба­гынан басқа құтыларға осы атал­ған өнімдерді құйып алуға жол беріл­мейді. 

Қалай болғанда, республика іш­кі нарығындағы бағаларын көр­шілердегі бағалармен бірте-бірте теңестіруге бет алды. Мұнда бір гәп бар: іргедегі елдердің нарығы бір орнында тұрған жоқ, бағалары одан әрі аспандап барады. РБК ха­барлауынша, АИ-95 бензині тари­хи рекорд орнатып, бұрын-соң­ды болмаған межеге жетті: ба­ғасы 1 тоннасы үшін алғаш рет 80 мың рубльден асты. Рекорд осы­мен бесінші күн қатарынан жаңар­ған. Бұған қарсыласының ресейлік МӨЗ-дерге шабуыл жасап, бірінен соң бірін істен шығаруы ықпал ет­кен. 

Соның салдарынан солтүс­тік көршіде АИ-92-нің 1 литрі­нің құны кеше 60 рубльден (ҚР Ұлттық банкінің ресми ба­ға­мы бойынша шамамен 408 тең­ге­ден) асып кетті. Бұл Астанадағы ЖҚС-тардағы бағадан 1,8 есе жо­ғары. Жалпы, GlobalPetrolPrices де­регінше, 2025 жылғы 4 тамыз­да­ғы жағдай бойынша әлемде АИ-92-нің орташа бағасы шамамен 1,28 долларды құрайды. Бұл 700 тең­геге барабар. Ендеше Қазақ­стан­дағы жанар-жағармай баға­сы­ның өсер өрісі әлі кең көрінеді. 

Зауыттар жаңғыртылады

«Бензин бағасына алаңдауды тек «Бентлиге» ауысып отырғаннан кейін қойдым!» деген зілді әзіл бар. Мұндай сән-салтанатты көлік алу­ды жұрттың бәрінің қалтасы кө­термейді. Бай-бақуаттылар әр лит­рінің 100 теңгеге дейін қым­бат­тауын сезіне қоймас, ал бұл жайт қа­рапайым халықтың әлеуметтік көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Өйт­кені жанар-жағармай қым­бат­та­са, ол тізбек бойынша көлік та­сы­малының, азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлардың ба­ға­ларының күрт көтерілуіне сер­пін береді. Жылу, жарық, су мен газ алпауыттары да коммуналдық қыз­меттерінің тарифін өсіргенде елде ЖЖМ бағасының жоға­ры­лағанын негіз ететіні белгілі. 

Бұл салада баға тез қарқынмен бас­қа шауып, төске өрлеп кетпеуі үшін ел Үкіметі нарық заңын пай­даланбақ. Атап айтқанда, ішкі на­рықты мұнай өнімдерімен мо­лық­тыру арқылы оның бағасының шек­тен тыс көтерілуінің алдын алуға ниетті. Үкімет басшысының бі­рінші орынбасары Роман Ск­ляр­дың мәліметі бойынша Қазақстан Шым­кент МӨЗ-ін кеңейте оты­рып, ЖЖМ өндірісін ұлғайтуды жос­парлап отыр.

Ол Қазақстанда жылына 85-90 мил­лион тонна мұнай өндірі­ле­ті­нін еске салды. Оның бәрі шетелге ши­кізат күйінде сатылмай, өңдел­се, ел ұшан-теңіз ЖЖМ-нің ас­тын­да қалар еді. Алайда өндірілетін қара алтынның шағын бөлігі ғана өңделеді. Сондықтан бірінші ви­це-премьер нарықтағы сұра­ныс­тың МӨЗ-дердің ұсынысынан асып түсетініне екпін түсірді. 

Бұл мәселені шешу үшін бұ­рын­нан шаралар қабылда­нып жатқаны алға тартылды. Мә­селен, 2017-2019 жылдар ара­лы­­­­ғында қазақстандық барлық 3 мұ­най өңдеу зауытына реконструк­циялау жүргізілді, бұл өндіріс кө­ле­мін едәуір арттыруға мүмкіндік бер­ді. Және 2019 жылдан кейін бұ­рын жылда туындайтын бензин, ди­зелдің өткір тапшылығын бір­шама азайтты. 

Сонымен қатар Үкімет бас­шы­лығы өкілінің тұжырымдауынша, көрші елдермен салыстырғанда Қа­зақстанда бензин мен дизель оты­нының арзан болуы олардың заң­ды жолдармен, сондай-ақ конт­рабандамен де сыртқа кетуіне әкеліп соғады, бұл ішкі тапшы­лық­ты тудырады.

– Біз ішкі бағаларды сырт­қы­мен біртіндеп теңестіретін бо­ла­мыз, сол арқылы арзан ЖЖМ-нің шет­елге кетуін болдырмаймыз. Өзі­мізде өндірісті кеңейту жос­па­ры­на келсек, Шымкент мұнай өң­деу зауытының екінші кезегін салу жос­парланып отыр. Бұл Шым­­­кент­тегі мұнай өңдеу көлемін 6 мил­лионнан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, Павлодар және Атырау зауыт­тарына қатысты өнімділікті арттыру бағытындағы іс-шаралар бар, – деді Роман Скляр.

Ал энергетика ведомство­сы­ның дерегінше, Қазақстанда өн­дірілген қара алтынның шамамен 20,4%-ы ел ішінде өңделеді: «2024 жыл­дың қорытындысында рес­пуб­ликада 87,7 млн тонна мұнай өн­дірілді. Мұнда 2024 жылғы жос­пар 97,1%-ға ғана орындалды. Осы мұнайдың 17,9 млн тоннасы өң­делді. Бұл жоспар толық орын­дал­ды. Бір жыл ішінде 14,5 млн тонна мұ­най өнімдері өндірілді. Бұл жос­пардағыдан 102,1% артық», – деп нақтылады Энергетика ми­нистр­лігі. 

Тарата айтқанда, 2024 жылы мұ­най өнімдерінің 5 түрінің жалпы өн­дірісі 14,5 млн тоннаға жетті. Со­ның ішінде автобензин – 5,46 млн тонна, дизель отыны – 5,38 млн тонна, мазут – 1,99 млн тонна, авиа­керосин – 750 мың тонна, би­тум – 920 мың тонна. Биылғы көр­сеткіштер бұдан да жоғары. Яғни, ЖЖМ тапшылығына негіз жоқтай. 

Мұның сыртында Энергетика ми­нистрлігі қара алтынды өңдеу кө­лемін әрі қарай арттырып жа­тыр. Оның 2025 жылға арналған жос­парына сәйкес, биыл 14,6 млн тон­на мұнай өнімдері өндірілмек. Ба­ғаның көтерілуі күзгі жиын-терім­ге кесір келтірмеуі үшін энер­гетика ведомствосы 2025 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өн­діру­шілерді 850 мың тоннадан ас­там дизель отынымен қамтама­сыз етуді жоспарлады.

Өндіріс те, баға да өсті...

Серпінді қымбатшылыққа тос­қауыл қою шаралары қабылдануға тиіс. Ішкі нарықты молықтыру үшін министрлік, «ҚазМұнайГаз» жә­не қытайлық CNPC (МӨЗ қо­жайыны) арасында Шымкент мұ­най өңдеу зауытының екінші ке­зеңін салу жобасы бойынша не­гіз­демелік келісімге қол қойылған. ШМӨЗ 2 жылдық жөндеу аралық цикліне көшірілді. 

Сондай-ақ жоғарыда айтыл­ған­дай, Еуразиялық одақ елдерін қос­пағанда, Қазақстаннан тыс жер­ге жанар-жағармай әкетуге тыйым салатын бұйрықтың мер­зімі ұзартылған. Атырау мұнай өң­деу зауытын кеңейту жоба­сы­ның техникалық-экономикалық негіздемесін және жобалау-сме­талық құжаттамасын, Павлодар мұ­най-химия зауытын кеңейту жо­басының алдын ала техни­ка­лық-экономикалық негіздемесін әзірлеу қолға алынған. 

2025 жылдың бірінші жар­ты­сының қорытындысы бойынша Қа­зақстанның бүкіл 3 ірі мұнай өң­деу зауыты жалпы көлемі 8,83 мил­лион тонна мұнай өңдеді. Бұл был­тырғы жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 685 мың тон­наға артық. Мұны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы хабарлады.

– Жеңіл мұнай өнімдерінің өн­дірісі 6,84 миллион тонна бол­ды, былтырғыға қарағанда мұн­да­ғы өсім – 893 мың тонна (4,44%). Өң­­­деудің жиынтық тереңдігі 89,61%-ға, жеңіл мұнай өнімдерін шы­­ғару көлемі 77,53%-ға жетті. Тех­нологиялық отынның шығыны 7 333 тоннаға (0,78%) азайды. Аты­рау МӨЗ 2,89 млн тоннаны өңдеді жә­не мұнай өңдеу тарифін тонна­сы­на 47 мың теңгеге дейін арзан­дат­ты. Павлодар МХЗ өңдеу те­рең­дігі бойынша ең жоғары көр­­­­­­­сеткішке жетті – 91,81%. Шым­кент МӨЗ ең үлкен көлемді – 3,07 млн тонна мұ­най­ды өңдеп, жеңіл мұнай өнім­дерін шығару көрсеткіші бойынша 81,72%-ды қамтамасыз етті, – деп мә­лімет берді ұлттық компания­ның баспасөз қызметі.

Былтырғы жылдың сәйкес мер­зіміне қарағанда мо­тор­лық отынды шығару көлемі бір­ден 16,3%-ға, дизельде  16,9%-ға өсті. Салыстырар болсақ, бір жыл бұрын моторлық отын өн­дірі­сі керісінше 4,7%-ға, дизельді отын 1%-ға төмендеген болатын. Со­ған қарамастан былтыр бензин де, дизель де әлдеқайда арзан тұр­ды. 

Қазақстан өз тарихында еш­қа­шан бір жылда 6,84 миллион тонна жеңіл мұнай өнімдерін өндіріп көр­ген емес. Бірақ бұл тарихи ре­корд «темір тұлпар» иелеріне қуа­ныш сыйлаған жоқ. Мысалы, он жыл бұрын, 2015 жылы рес­пуб­ли­када бірінші жартыжылдықта не­бәрі 3,6 миллион тонна өнім (2,2 мил­лион дизель, 1,4 миллион тон­­­­на бензин) жасай алды. Әйткенмен, сол 2015 жылы АИ-92 бензинінің 1 литрі шамамен 105 теңге, дизель  шамамен 90 теңге ғана тұрыпты. Содан бері небәрі 10 жыл ішінде ба­ғалар екі еседен астамға өсіп шы­ға келді.

Тек бір жыл ішіндегі қым­бат­шылықтың өзі қорқы­ныш­ты: 2024 жылғы шілдеде жа­нар-жа­ғармай құю стан­са­ларын­дағы АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрінің бағасы – 202 теңге, АИ-95 пен АИ-96 – 253 теңге, АИ-98 – 292 теңге, ди­зельді отын  293 теңге болған. 

Биылғы ақпаннан бастап ЖЖМ ба­ғасы ырықсыздандырыл­ды. Салдарынан бүгінде жанар-жа­ғармай құю стансаларында АИ-92 бағасы – 223-225 теңге, АИ-95 пен АИ-96 – 270 теңге, АИ-98 – 310 теңге, дизельді отын  319 тең­­геден асты. Бұл қымбатшылық­тың шегі де, соңы да емесін ше­неу­нік­тер ашық айтады. 

«Енерджипром» агенттігі Энер­гетика министрлігіне сілтеме жа­сап, күзде елдің отын тапшы­лы­ғына душар болуы мүмкін екенін ескертті. ЖЖМ-нің қымбаттауы жыл соңында да жалғасатын көрі­не­ді. Бағаны тоқтату бойынша ен­ді жауапты шенеуніктердің жос­пары да, ниеті де жоқ. Мұның соңы неге соқтыратынын өмір көр­сетеді.

Елдос  СЕНБАЙ