Қос халықтың тарихи, рухани сабақтастығы мен мәдени байланысын нығайту мақсатында өткен бұл форумда зиялы қауым өкілдері ортақ тарих, тіл, әдебиет, өнер және рухани мұра мәселелерін талқылады.
Тарихи сабақтастық – жаңа серпін
Іс-шара Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваның Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылды.
Форумға қатысқан Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ-өзбек зиялылырының басын қосқан жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол бауырлас қос халықтың арасындағы қарым-қатынас ауқымы қатардағы дипломатиялық шеңберден әлдеқайда кең екеніне тоқталды.
– Бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми-шығармашылық зиялы қауымы өкілдері жиналып, бір үстелдің басында бас қосып отыр. Бұл орайда қазақ-өзбек зиялыларының форумы бауырлас халықтардың рухани ынтымақтастығына жаңа жол ашады деп сенемін. Форумның Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваның Қазақстанға ресми сапары аясында өтуі іс-шараның маңызын одан әрі арттыра түседі деп ойлаймын, – деді М.Әшімбаев.
Сенат Төрағасы өз сөзінде екі елді ежелден ортақ дәстүр мен руханият, түбірі бір тіл мен мәдениет біріктіретінін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваны екіжақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге сіңірген еңбегі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттағаны туралы да айта келіп, бұл құрмет екі ел арасын жақындата түсетініне сенім білдірді.
– Біз тек тату көрші ғана емеспіз. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз шынайы достық пен бауырластыққа негізделген. Салт-дәстүріміз бен рухани құндылықтарымыздың түбірі бір, ортақ мәдени мұра болып саналады. Қазақ халқы өзбек халқына үнемі ілтипат танытып, бауыр ретінде құрмет тұтады. Қуанышта да, қиын-қыстау кезде де бір-бірімізге көмек қолын созып, бауырластық танытып келеміз. Қазіргі шекарамыз жоқ кезде біздің басымызды Ұлы Жібек жолы қосқан еді. Осындай тарихи сабақтастық пен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, бүгінгі қарым-қатынасымызға жаңа серпін беруіміз керек, – деді Мәулен Сағатханұлы.
Сонымен қатар спикер екі ел арасындағы білім, ғылым, мәдениет салаларындағы ортақ бастамаларды кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізіп, тәжірибе алмасу, креативті және IT-жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
– Біздің елдеріміз ғылымға үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл – қуантарлық жайт. Былтыр Астанада өткен Орталық Азия тарихшыларының форумы ортақ тарихымызды кәсіби тұрғыдан қайта қараудың қаншалықты қажет екенін айқын көрсетіп берді. Осыған байланысты алдағы уақытта бірлескен зерттеулерді, мұрағаттарға қол жеткізу жолын және жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту аса маңызды. Шын мәнінде, біздің мәдениет, білім, ғылым салаларындағы сүрлеуімізді параллель емес, керісінше, ортақ жолға айналдыруға толық мүмкіндік бар, – деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.
М.Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстанда тұратын этностық өзбектер үшін ана тілін үйренуге және дәстүрлерін сақтауға барлық жағдай жасалған. Мектептер, театрлар мен БАҚ сәтті жұмыс істеп келеді. Ал Өзбекстанда 800 мыңнан аса этностық қазақ тұрады, онда да мәдени орталықтар мен білім беру бағдарламалары жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда 5 мыңға жуық өзбекстандық студент оқып жатыр.
Мақсат – әлемдік мәдени идеяларды іске асыру
Өз кезегінде сөз алған Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева Өзбекстан мен Қазақстанды ортақ мүдделер емес, терең тарихи, мәдени және рухани тамырлар байланыстыратынын атап өтті. Қазақ-Өзбек қарым-қатынасында зиялылар форумының өзектілігі мен онда айтылған идеялар мен ұсыныстардың өміршеңдігіне қолдау білдіріп, мұндай тың бастаманың әдеби-рухани, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтудегі маңыздылығына тоқталды.
– Қазір біздің елдер арасында жоғары білім беру саласындағы байланыстың тамыры тереңдеп келеді. Мәселен, Өзбекстанда жыл сайын Қазақстанның жоғары оқу орындарының көрмелерін ұйымдастырамыз. Жергілікті консалтингтік компаниялардың қолдауымен білім күндері аясында ұйымдастыратын бұл көрмелерге Қазақстанның қырыққа жуық университетінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ қазір Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірлескен төрт бірдей білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осының нәтижесінде бағдарламалар аясында 188 студент білім алып жатыр, – деді Танзила Нарбаева.

Сондай-ақ ол жаңа мүмкіндіктер табалдырығында тұрған қазір екі ел «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» мәдени туризмді дамытып, бірлескен туристік маршруттар құру және түрлі фестиваль, әдеби киножоба сияқты бағыттар бойынша да бірлесе жұмыс жүргізу қажетін, сонымен қатар креативті индустрияларды бірлесе дамыту, екі елді әлемдегі мәдени идеялардың орталығы ретінде таныту мен халықаралық деңгейге шығу мүмкіндігі туралы сөз қозғады.
– Екі ел арасындағы рухани байланысты күшейтіп, түрлі жоба жасап, жастарды осы үдерістерге белсенді тарту маңызды. Өйткені жастар мәдениетімізді болашаққа жалғап, тарихымыздың жаңа буынын қалыптастырады. Бұл орайда біз еліміздегі қазақ тілінде білім алатын мектептерге көмегімізді аямаймыз. Мәселен, дәл қазір Өзбекстандағы 400 мектепте қазақ тілі оқытылады, оның ішінде 162 мектеп – таза қазақ мектебі. Сонымен қатар Өзбекстанда қазақ тілінде жоғары кәсіби білім алуға да мүмкіндік бар. Мысалы, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде, Қарақалпақ мемлекеттік университетінде, Гүлстан мемлекеттік университетінде, сондай-ақ Наманган, Жызақ және Науаи қалаларындағы педагогикалық институттарда қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын даярлаймыз, – деді ол.
Сондай-ақ Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы, форум қатысушыларын Өзбекстанның Тәуелсіздік күні және Қазақстанның Коституция күні мерекесімен құттықтап, екі ел арасындағы бейбіт, ынтымақтастық достықтың берік болуына тілектестік білдірді.
Қазақ-өзбек ғылыми-шығармашылық зиялыларының форумы келесі кезекте екі елдің ақын-жазушылары мен мәдениет-өнер қайраткерлерінің пікір алмасуымен жалғасты.
Қазақ-өзбек ақын-жазушылары арасындағы достық сабақтастық байланыстардың кейінгі жылдары саябырсып қалғаны туралы сөз қозғаған классик жазушы Төлен Әбдік форумның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, «бұрынырақта қазақ қаламгерлері мен өзбек қаламгерлерінің шығармалары алма-кезек қазақ-өзбек тілдеріне аударылып, ақын-жазушылар араласып жататын, бірақ қазір «Бүгінгі қазақ пен өзбектің әдебиетінде кімдер бар? Өзбектерде қандай талантты жазушылар шығып жатыр?» деген сұрақтарға жауап беру қиын», – деді жазушы. Сонымен қатар Т.Әбдік Орталық Азиядағы азғантай түрік халықтарының әдебиетін жақындастыру керегі жөнінде бастама көтеріп, түрік халықтарына ортақ әдеби сыйлық тағайындау және оның ауқымын кеңейтіп ғылым, өнер, әдебиет саласындағы ортақ табыстарға арнауымызға да болады деген ұсыныс айтты.
Ойы да, тойы да бір халық
Екі елдің ғылыми-шығармашылық зиялыларының басқосуында Өзбекстан Ғылым академиясы вице-президенті Бахром Абдухалимов Орталық Азия аймақтық және жаһандық интеграцияның маңызды тораптарының біріне айналғанына қатысты өз ойын ортаға салып, осы орайда Қазақстан мен Өзбекстанның ортақ тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен дамыту мәселесі стратегиялық маңызға ие екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі кеңес құру және мұндай форумды тұрақты өткізу жөнінде өз ұсынысын айтты.
Ал филология ғылымдарының докторы, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры Дихан Қамзабекұлы Өзбекстанда қайта жанданған жәдитшілдікті кешенді зерттеу мен насихаттау жұмыстарына ризашылығын білдірді.
– Қазақстанда қазақ жәдитшілдігі 2000 жылдардың басынан зерттеле бастады. Біздегі жәдитшілдік Алаш ұғымымен астасқан. Бірақ әдебиет пен білімдегі концепция, ағым, бағыт ретінде барша құндылығы, терминологиясы, құрылымы сақталған. Чулпан, Фитрат, Абдолла Авлони, тағы басқа өзбек даналары, ақындары туралы мәлімет, шығармаларының жекеленген аудармалары сол 2000 жылдардың басында қазақ баспасөзіне шықты. Фитраттың «Әмір-Темір сағанасы» пьесасындағы баба аруағына тағзым ететін кейіпкердің: «Уа, алдияр! Езілген, жаншылған, тоналған түрік халқының бір ұлы саған медет сұрап келіп тұр! Саған ойрандалған, гүлі тапталған, бұлбұлының үні өшкен Тұран шырақшысы көмек сұрап келіп тұр! Тұранның қапқаздық өкілі жанып кетті, әзербайжаны жойылды, түркімені алданды, татары тоналды, өзбегі жаншылды, қазағы аштан өлді. Естимісің, алдияр!» деген сөзін оқып, қайран қалғанбыз. Өлмейтін, өшпейтін туынды жаңғырығы осындай болады, – деді Дихан Қамзабекұлы. Сонымен қатар академик сөз соңында қазақ-өзбек әдеби байланыстарын нығайту бағытындағы өз ұсынысын ортаға салды.
Жиын барысында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, қазақ-өзбек зиялылар форумы ежелден қалыптасқан бауырлас екі ел арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген стратегиялық әріптестігіміздің жарқын айғағы екеніне тоқталып, бұл форум келешекке бағытталған ортақ жобаларға жол ашатынына сенім білдірді. Сондай-ақ форум аясында мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Сирожиддин Саидов, Өзбекстан Көркем академиясының төрағасы Акмал Нуридинов, Өзбекстан ұлттық ғылым академиясының ұлттық археология орталығының директоры Фарход Махсудов бастаған бірқатар азамат және Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Форум қатысушылары негізінен қазақ-өзбек халықтарының ұлы ойшылдары, ақындары мен ғалымдары, философтарының мұрасын сақтау және насихаттау мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Жиын соңында форум модераторы, академик, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі қорытынды сөз сөйлеп, спикерлерге мазмұнды баяндама үшін алғыс айтты.
– Қазақ пен өзбек – ойы да, тойы да бір халық. Біздің барлық қуанышымыз да ортақ. Сондықтан бүгінгі жиын ғылыми, мәдени дипломатияның жарқын бір бөлшегіне айналып, елдеріміздің арасындағы интеграцияға жаңа серпін береріне сенемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Egemen Qazaqstan газетіне «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» деген мақала жариялап, қазақ-өзбек байланыстарына да ерекше тоқталған болатын. Сол секілді Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те ылғи да Орталық Азия ренессансы хақында жиі айтады. Біздің зиялыларымыз сол президенттеріміз айтқан рухани һәм ғылыми ренессанстың бастамашылары боларына сенеміз, – деді Дархан Қыдырәлі.
Әйелдер көшбасшылығын дамыту – ортақ міндет
Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерімен жүздесті.
Жиынға Парламент мүшелері, бизнес қауымдастықтары және гендерлік теңдік саласындағы сарапшылармен қатар, еліміздің әр өңірінен әйелдердің құқығын қорғау, олардың қоғамдағы рөлін арттыру бағытында белсенді жұмыс істеп жүрген сала өкілдері қатысты. Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстандағы гендерлік теңдік, әйелдердің саяси және экономикалық белсенділігі, олардың қоғамдағы рөлі, отбасы және бала тәрбиесі мәселелері қозғалды.

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина еліміздегі шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі осыдан 10 жыл бұрын 30% болса, бүгінде бұл көрсеткіш 49%-ға жеткеніне назар аударды.
– Бұл – кейінгі жылдары қабылданған заңнамалық өзгерістердің жемісі. Әйелдерге берілген заңды құқықтар нақты өмірде іске асуы үшін бірқатар сала бірлесе жұмыс істеу қажет. Негізі, Орталық Азияда әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Әлі де бірлесе шешуді қажет ететін мәселелер бар, – деді О.Перепечина.
Ал Өзбекстан соңғы жылдары әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейту ісінде зор нәтижелерге қол жеткізді. Ел гендерлік теңдік жөніндегі халықаралық рейтингте 110-орыннан 34-орынға көтерілді. Парламент депутаттарының 38 пайызы – әйелдер.
Гендерлік саясат тақырыбына кеңінен тоқталған Танзила Нарбаева әйелдердің құқықтары бүкіл қоғам үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.
– Әйелдер мәселесі – тек әйелдердің мәселесі емес. Бұл – бүкіл қоғамның мәселесі. Әрбір мекеме, тіпті ерлер басым жұмыс істейтін ұйымдардың өзі әйелдердің құқықтарын қорғауға жауапты. Өйткені олардың да жары, қызы, анасы бар. Сондықтан гендерлік саясат барлық құрылымға енгізілуге тиіс, – деді ол.
Сондай-ақ ол Өзбекстанда қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктері туралы» және «Зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңдарға тоқталды. Сонымен қатар Қазақстанда да әйелдер мен балаларды қорғауға қатысты маңызды қадамдар жасалып жатқанын құптап, екі ел басшыларының көзқарастарының ұқсастығын атап өтті.
Іс-шараға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Ақмарал Бозшаева бұл кездесу қазіргі кезең үшін ерекше маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол Қазақстандағы соңғы жылдардағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап енгізілген 30 пайыздық квота әйелдердің Парламенттегі үлесін арттыруға жол ашқан. Қазір Мәжіліс депутаттарының шамамен 19 пайызы әйелдер болса, мәслихаттарда бұл көрсеткіш 23 пайызға жеткен.
Еліміздегі әйелдер көшбасшылығын дамыту Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ерекше назарында. Қазір Президент тапсырмасына сәйкес, әйелдердің көсбасшылығын дамыту, олардың біліктілігін көтеру бойынша бірқатар іс-шара жүргізілуде, заңнамалық деңгейде де өзгерістер жасалып жатыр. Әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және заңнаманы жетілдіру – Қазақстан мен Өзбекстан үшін ортақ күн тәртібіндегі мәселе. Сондықтан бұл бағыттағы өзара тәжірибе алмасулар мен кедергілерді бірге талдауға арналған жобалар жалғасын табатын болады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ