«Инвестиция құйсаң, ай сайын табысқа кенеліп отырасың». Бүгінде Қазақстанда осындай «жылтыр уәдеге» алданған мыңдаған адам қаржылық пирамиданың құрбанына айналып отыр. Әсіресе, жаңа технологияның дамуымен мұндай алаяқтық түрі әлдеқайда қауіпті сипатқа ие болды.
Жылтыр жарнама жарға жықпасын
коллаж: Елдар ҚАБА
5,275
оқылды

2025 жылдың алғашқы жартыжыл­ды­ғында елімізде 86 мыңнан астам адамды тарт­қан 36 қаржы пирамидасына тосқауыл қойылды. Қаржылық мониторинг агент­тігі­нің дерегінше, жыл басынан бері жалған ин­вестициялық жобалар туралы ақпарат та­ратумен айналысқан 7 мыңнан астам ин­тернет-сайт бұғатталған. Бұл көрсеткіш қар­жы нарығында әлі күнге дейін түйіні тар­қамаған мәселенің көптігін, оңай ол­жаны көздеген алаяқтар айласын емін-ер­кін іске асырып жүргенін көрсетеді. 

Қайырымдылықтың атын жамылған 

Жылдам табыстың арбауына түскен қараша халық Алматыда да аз емес. Мәселен, шаһарда жыл басынан бері қар­­жы пирамидаларынан 1 мыңнан астам адам зардап шеккен. Алматы қаласы бойын­­ша Экономикалық тергеп-тексеру де­пар­таменті басшысының орынбасары Са­бырғали Балғалиұлының сөзінше, осы­ған дейін қаржы пирамидасын ұйым­дас­тыр­­ған 10 алаяқтық жоба қызметі тоқ­та­тыл­­ған. Олардың арасында өзін қайы­рым­ды­­­лықпен айналысатын тұрғын үй бағ­дар­ламасы ретінде таныстырған «Үйлі бо­лайық» атты жалған әлеуметтік жоба да бар. Қайырымдылықтың атын жамылған топ 515 салымшыдан 50 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған.  Қазір қаржылық пирамидамен айналысқан 6 қылмыстық іс сотқа жолданыпты. Сабырғали Балғалиұлы мұндай алаяқтық жүйеге адам өз еркімен және заң аясынан тыс кіретінін, сондықтан сал­ған ақшаны қайтаруға ешкім кепілдік бермейтінін ескертті.

Макроталдаушы, MBA Аягөз Ханет кейінгі жылдары қаржы пирамидалары бү­кіл әлемде қарқынды дамып кеткенін, бұ­ған бірден-бір әсер етуші фактор – сандық плат­формалар мен онлайн төлем жүйе­лері­нің кеңінен қолданылуы екенін айтады. Оның дерегінше, «Қаржы тұтынушыларын қорғау: сандық дәуірдегі саясат әдістері» атты зерттеуде сандық дәуірде адамдардың мүмкіндіктері артты, алайда оған  қоса жаңа сын-қатер де әкелді: алаяқтық, деректерді ұрлау, жеке деректердің құпиялығының бұ­зылуы және сандық алаяқтықтың жаңа формалары шықты деп атап көрсетіледі. Бұл құбылыс пирамидаларды анықтауды және тоқтатуды қиындатады, өйткені олар көбіне бақылау аймағынан тыс онлайн платформалар арқылы жұмыс істейді. 

– Пирамидалар көлеңкелі эконо­ми­ка­да­ғы ақша айналымын арттырады. Нә­ти­же­сінде, ақша айналымы бақылаудан тыс қа­лып, бұл жағдай қаржы жүйесінің тұрақ­тылығына және макроэкономикалық сая­саттың тиімділігіне қауіп төндіреді. Қаржы нарығында қысқамерзімді дағдарыстар ту­дырады. Олар инвестициялық ағындарды бұ­зып, бағалы қағаздар мен депозиттік жүйелердің тұрақтылығын төмендетеді. Нә­тижесінде, нарықтағы құбылмалылық ар­тып, экономикалық шешім қабылдауды қиын­датады. Халықтың заңды қаржылық инс­титуттарға деген сенімін азайтады. Зерт­теулер көрсеткендей, дамушы елдерде қар­жы пирамидалары көбейген сайын ха­лықтың банкке сенімі азайып, депозиттер баяу өседі немесе төмендейді екен, – деді мак­роталдаушы.

Пирамиданы ұйымдастыратын кімдер?

Елімізде жиі кездесетін алаяқтық схемаларға көбіне күмәнді инвес­тиция­лық жобалар, жасырын пирамидалар, «сері­ктестік бағдарламалар» мен жоғары кірісті уәде ететін онлайн-платформалар кіре­ді. Аягөз Ханеттің айтуынша, елімізде қар­жы пирамидаларына ақша құйған­дар­дың басым бөлігі – орта жас шамасындағы аза­маттар. Себебі олардың қалтада қара­жаты бар болғанымен, инвестициялық тә­жірибесі шектеулі. Сондай-ақ егде жас­тағы адамдар да алаяқтардың арбауына жиі түсіп жатады. Өйткені олар әлі ғаламтордағы түрлі схеманы түсіне бермейді, адамдарға сенгіш болып келеді.

– Халықаралық зерттеулер мен Қазақ­стан­дағы практикалық жағдайға сүйеніп айтар болсақ, қазіргі заманғы пирамидалар әдетте жаңа мүшелердің қаражаты есебінен кіріс табу принципімен жұмыс істейді. Ұйым­дастырушылар негізінен кәсіби IT-ма­мандар, психологтер және сөзге шешен адам­дар болады. Олар пирамидаларды на­сихаттау үшін әлеуметтік желілер мен мес­сенджерлерді, сондай-ақ белгілі адам­дар­дың беделін пайдаланады. Пирамиданың құр­бандары көбіне қаржы сауаты төмен, инвестициялық тәуекелдерді дұрыс бағалай алмайтын адамдар. Олар тез пайда табуды көз­дейді, қысқамерзімді кіріс көзін іздейді жә­не таныстардан, блогерлерден немесе ин­тернеттегі жарнамадан алынған ақпа­рат­қа сенуге бейім болып келеді. Гендерлік фак­торға келсек, алаяқтарға әйелдер де, ер­кектер де бірдей алданады. Крип­товалю­таға және онлайн инвестициялық жобалар ар­қылы ұйымдастырылған схемаларға кө­біне жастар қызығушылық танытады, – де­ді ол.

«Сенім желісі» әсер етеді

Елде пирамидалардың кең таралуына бірнеше әлеуметтік-экономикалық фактор әсер етеді. Макроталдаушы соның ішінде қазір белең алып отырған, көптің қалтасы­нан қағылуына жиі себеп болған негізгі төрт факторды атап көрсетті. 

– Ең алдымен, мен «сенім желісі» фак­то­рын атар едім. Қаржы пирамидалары, ең ал­дымен, таныс-тамыр арқылы таралады. Оған қоса, кейінгі жылдары әлеуметтік желі мен танымал блогерлердің қатысуымен де кең таралып отыр. Адамдар көбіне өз дос­тары мен туыстары арқылы ұсынылған ин­вестициялық схемаларға сенеді. Эко­но­мика бойынша Нобель сыйлығының лау­реа­ты Ричард Талердің «шектеулі рацио­нал­дық» тұжырымы бойынша адамдар ше­шім қабылдауда барлық ақпаратты өң­дей алмайды, тек қолжетімді немесе көзге кө­рінетін бөлігін ғана ескереді екен. Демек, Қа­зақстанда адамдар пирамидалардың уәде ет­кен жоғары кірісіне қызығып, толық тек­серусіз сенеді. Олар схеманың нақты қаупі мен ықтимал шығындарын ескермей, тек та­ныстарынан немесе танымал бло­герлер­ден алған ақпаратқа сүйенеді. Алайда бұл когнитивтік қате (herd behavior). Мұндай механизм пирамидалардың заңсыз екенін түсінген адамдардың өздері ескерту жасап үл­гермей тұрып, жаңа қатысушыларды тар­туға мүмкіндік береді, – деді маман.

Present bias феномені

Мамандар жиі ескертіп дабыл қа­ғатын екінші фактор – қаржылық сауаттың төмендігі. Бұл – қарапайым аза­мат­тардың басты әлсіз тұсы. Олар инвес­ти­ция мен жинақ ұғымдарының айырма­шы­лығын жете түсінбегендіктен, жоғары та­бысқа уәде беретін күмәнді ұйымдарға се­нім білдіреді. Одан өзге әлеуметтік орта­ның ықпалы да бұл құбылысты күшейте түс­пек. 

– Адамдардың пирамидаларға қызы­ғуы­ның тағы бір себебі –  present bias, яғни кешігетін сыйақыға төзбеушілік феномені. Бұл – үшінші фактор. Аталған тұжырым адам шешім қабылдауда жақын болашақ­тағы пайданы алыс болашақтағы табысқа қа­рағанда жоғары бағалайтынын көрсетеді. Пирамидалар қысқамерзімді кіріс уәде ете­ді: бірнеше апта немесе ай ішінде салым­шы­ларға пайда береді. Ал ұзақциклді ин­вес­тициялар тек бірнеше жылда табыс әке­леді. Сол себептен present bias әсерінен адам­дар пирамидалардың қауіпті екенін бі­ле тұра, жылдам пайдаға қызығады. Бұл фе­номен экономикалық контекстпен де үй­леседі. Инфляцияның жоғары деңгейі, жұ­мыссыздық, табыс айырмашылықтары сияқ­ты факторлар адамдарды «қазір тез ақ­ша тапсам, бүгінгі қажеттілігімді жаба­мын» деген ойға итермелейді, – деді А.Ханет.

                                                                                коллаж: Елдар ҚАБА

Макроталдаушы төртінші фактор ре­тінде алаяқтықты алдын алу бойынша ин­фрақұрылым мен құқықтық жүйенің әлсіз­ді­гін алға тартты. Қазақстанда қаржы пи­ра­мидаларын тоқтатудағы негізгі қиын­дық­тардың бірі – сот жүйесінің ұзаққа созылуы, тергеу процестерінің бюрократиялық ке­дер­гілер негізінде баяулауы, сондай-ақ жауап­кершіліктің болмауы. Аягөз ханым бұл факторлар билік органдарына шара қол­дануға мүмкіндік бермей, керісінше, схе­малардың ұзақ уақыт жұмыс істеуіне жағ­дай жасайтынын атап өтті.

Кедейліктен жылдам табысқа құмартады

Ал экономист Әйгерім Рысбаеваның сө­зінше, пирамидалардың тоқтаусыз жұ­мыс істеуіне елдегі кедейлік пен әлеуметтік тең­­­­сіздіктің өсуі де айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл азаматтардың материалдық жағ­дайын тезірек жақсарту үшін тәуекелді схе­маларға, «оңай әрі жылдам табыс» табуға итер­мелейді.

– Халықтың 40%-дан астамы айлықтан ай­лыққа күн көреді. Соның салдарынан көп­теген отбасы қаржы тапшылығын сезі­неді. 2024 жылы интернет-алаяқтықтың 22,9 мыңнан астам фактісі тіркеліпті. Бұл бір­неше жыл бұрынғыдан бірнеше есе көп. Он­лайн-жарнама, әлеуметтік желілер мен мес­сенджерлер мыңдаған адамды жылдам тар­туға мүмкіндік беріп отыр. Қаржылық мо­ниторинг агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылы 42 пирамида жойылып, азамат­тар­ға келтірілген шығын 20 млрд теңгеден асты. Иә, қомақты қаражат. Бұл мәселенің ауқымдылығын көрсетеді. Бұдан бөлек, қар­жы пирамидаларының кең таралуы ел­дің беделіне нұқсан келтіріп, шетелдік ин­вестициялар үшін тартымдылығын тө­мендетеді, – деді сарапшы.

Кейінгі жылдары қаржы пирами­да­ларының көбеюі азаматтардың же­ке қаражатына ғана емес, жалпы эконо­ми­калық тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп отыр. Мұндай алаяқтық схемалар қоғамда сенім дағдарысын қалыптастырып, қаржы инс­титуттарының иммиджіне нұқсан кел­тіреді. Сарапшылардың айтуынша, бұл құ­былыс жеке шығындармен шектелмей, ұлт­тық қаржы жүйесіне деген қоғамдық се­німді әлсіретуі ықтимал.

– Азаматтар пирамидалардан зардап шек­кен соң, олар бүкіл қаржы жүйесіне кү­дік­пен қарай бастайды. Олар үшін банк­тің депозиттері, инвестициялық қорлар не­месе сақтандыру компаниялары да «қауіп­ті» болып көрінуі мүмкін. Бұл халықтың жинақ ақшасын қолма-қол ұстап, ресми қаржы арналарын айналып өтуге әкеліп соғады, – деді Ә.Рысбаева.

Сөз соңында экономист алаяқтықтан қор­ғау үшін қаржылық сауаттылықты арт­тырудың тиімді жолдарын тізіп өтті.

– Біріншіден, құқықтық жауап­кер­ші­лік­ті күшейту, яғни ұйымдастырушыларға қа­таң жаза қолдану, интернет арқылы жа­салған қылмыстарды жедел анықтайтын ар­найы бөлімшелер құру қажет.  Екіншіден, қар­жылық қадағалауды арттыру. Бұл дег­е­ні­міз, халықтан қаражат тартатын барлық ұйымды лицензиялау, олардың қызметін қа­таң бақылау. Үшіншіден, қаржылық сауат­тылықты көтеру. Бұқаралық ақпарат құрал­дары, әлеуметтік желілер және тре­нингтер арқылы халыққа қарапайым тіл­мен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, алаяқ­тық түрлерін, пирамида белгілерін анық­тай­тын шағын бейнероликтерді көбірек көр­сету. Төртіншіден, ынтымақтастықты кеңейту. Банктер, интернет-платформалар, теле­ком-операторлар және халықаралық ұйым­дармен бірлесе әрекет ету, – деді эко­номист Ә.Рысбаева.

Дегенмен мемлекет тарапынан заңна­ма­лық бақылау мен алдын алу шаралары кү­шейтілгенімен, жеке адамның жауап­кер­ші­лігі артпайынша, мәселе түбегелі ше­ші­мін таппайды. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы