Төрт түрлі қаладағы төрт домбыра мұғалімі біз қойған сауалдарға жауап беріп, өз тәжірибелерін ортаға салады
«Домбыра үйретуде ең бастысы – шәкірт жүрегіне жол табу»: ұстаздар тәжірибесін бөлісті
aikyn.kz
2,706
оқылды

Бүгінде музыка мектептерінде домбыра пәні оқушыларға рухани тәрбие берудің де, кәсіби білімнің де өзегіне айналып отыр. Бірақ шәкіртке тек күй үйрету жеткіліксіз, оның бойына музыканы сезіну, дәстүрге құрметпен қарауды да дарыту керек. Сондықтан бұл материалымызда біз ұстаздық тәжірибені бөлісудің тың тәсілін таңдадық. Әдеттегі кеңес немесе нұсқаулық емес, сұрақ-жауап форматы арқылы әр өңірдегі ұстаздардың ойымен, көзқарасымен, әдіс-тәсілдерімен танысамыз. 

Сабақта оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз?

Роман Бұрқаш, Түркістан қаласы “Оқушылар сарайы” домбыра үйірмесі жетекшісі: Біз домбыраны топтық сабақ ретінде үйретеміз. Жас ерекшеліктері де әртүрлі болғандықтан, балаларға күй аңыздары мен домбыраның құрылысы жайлы әңгімелерді қызықты етіп айтып отырамыз. Сондай-ақ қатып қалған оқу барысы жоқ. Кейде өзім қолдан жасаған үрлемелі іспеттес аспаптарды алып келіп, балаларға олардан дыбыс қалай шығатынын көрсетемін. Бәрі де қызығушылығы қалып қоймаса деген ниет қой. Кейде тіпті өзім күй тартып, балаларға «күйдің атын тауып көріңдер» деп сұрақ қоямын.

Бекзат Жасқайратұлы, Павлодар қаласы Музыкалық колледж дарынды балаларған арналған мектеп-интернатының ұстазы: Қазіргі заман талабына сай, оқушыларға жақын әрі әлемдік трендте жүрген музыкаларды, кино саундтректерді домбыраға бейімдеп ойнауға тырысамын. Бұл тәсіл арқылы бір жағынан аспаптың мүмкіншілігін көрсетіп, екінші жағынан балалардың қызығушылығын арттырамын. Әрбір оқушының орындап келген тапсырмасын үлкен жетістік деп бағалап, оларды шабыттандыруға мән беремін. Осылайша шәкірттің домбыраға деген ықыласы артып, өзін еркін сезінеді.

Ерболат Әлімқұл, Алматы облысы Ұзынағаш өнер мектебі ұстазы: Мен, мысалы, балалардың деңгейіне сай сөйлесіп отырамын. Басқаларды қайдам, бірақ менің кейбір шәкірттерім “до, ре” деп айтудың орнына “ди, ри” деп кетеді. Ондай кезде ойын бөлмей, қайта мен де дәл солай айтып үйрете беремін. Кейде қатал болып, кейде әзіл айтып сабақты өткіземін. Меніңше, қызығушылықты арттыру үшін баланың өзімен әзілдесіп отыру керек. Сол кезде баланың ынтасы артады.

Орынбек Азатбекұлы, Астана қаласы, Қазбілім лицейінде домбыра ұстазы: Әуелі оқушымен жақсы әңгімелесуге тырысамын. Баурап аламын деуге болады. Сол кезде ғана баланың тілін табуға мүмкіндік туады. Оқушы өзін еркін сезінсе, сабақ та жеңіл өтеді. Ал еркіндік пен сенім пайда болғанда, ол домбыраға деген ықыласын да арта түседі.

Мұны көрген екінші бала да өзі икемделіп, ортаға тартылып отырады. Осылайша балалар бір-бірінен үлгі алып, ортақ қызығушылық қалыптасады. Жалпы айтқанда, мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы тек ресми деңгейде ғана емес, достық деңгейде де дамуы керек. Сонда ғана шәкірт сабаққа ынтамен қатысып, өнерді шын жүректен сүйіп үйренеді.

Жас мұғалімдерге ең бірінші қандай кеңес берер едіңіз?

Роман Бұрқаш: Бұл жерде мұғалім орындаушылықпен қатар, педагогикалық білімін де арттырып отыруы қажет. Кейде жаңа келген бала ұялып отырады. Сол кезде оның жанына барып, әртүрлі сұрақтар қоямын: «Қандай тағамдарды ұнатасың? Соңғы рет қандай мультфильм көрдің?» – деген сияқты. Осы арқылы алғашқы байланысты орнатуға болады. Сонымен бірге, репертуар таңдау жағына да ерекше мән беру керек. Әр жастың өз тартар күйі мен әні бар, соған көңіл бөлген жөн.

Бекзат Жасқайратұлы: Ең бастысы – әрқашан ізденіс үстінде болу. Шәкіртке тек кітаптағы немесе бағдарламадағы дайын материалды жеткізумен шектелмей, жаңа әдіс-тәсілдерге, тың идеяларға ашық болған абзал. Ізденген ұстаз ғана заманауи талапқа сай сабақ өткізіп, оқушы жүрегіне жол таба алады.

Ерболат Әлімқұл: Меніңше, жас маман үшін ең маңызды қадамдардың бірі – тәжірибелі ұстаздардың сабақтарына қатысу. Өйткені ол жерде тек әдіс қана емес, сабақтың жалпы атмосферасын, оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасын көруге болады. Көп нәрсе көзбен көріп, құлақпен естігенде ғана түсінікті болады. Әрине, уақыт өте келе тәжірибе өздігінен жиналады, бірақ дайын үлгіні көріп, одан үйрену жолды әлдеқайда қысқартады. Басқа біреудің қолданған әдіс-тәсілдерін өз ісіңе енгізе білу – үлкен артықшылық.

Дегенмен, әр көрген тәсілді сол күйінде қайталау міндет емес. Мұғалім ең алдымен өз мінезіне, оқушысының деңгейі мен ерекшелігіне қарай ыңғайлап қолдануы керек. Бір әдіс бір балаға тиімді болса, екіншісіне мүлде әсер етпеуі мүмкін. Сол себепті әдісті икемдеп, өз қолтаңбаңмен қолданған жөн. Сонда ғана сабақ нәтижелі болып, мұғалім мен шәкірттің арасындағы түсіністік артады.

Орынбек Азатбекұлы: Ең алғашқы сабақтан бастап-ақ оқушыны қызықтырып алу керек. Сонда әрі қарай жұмыс жеңіл болады. Егер баланың назарын өзіңе аударта алмасаң, сабақ беру оңайға соқпайды. Сонымен қатар, ресми уақытпен шектелмей, қосымша сабақ өткізудің де маңызы зор. Мысалы, аптасына екі рет сабақ болса, кей жағдайда оқушының шамасы келмей жатқан кезде үш-төрт рет шақырып, қосымша уақыт бөлуге тура келеді.

Домбыра үйретуде ең тиімді деп есептейтін бір әдісіңізді бөліссеңіз.

Роман Бұрқаш: Біз үш түрлі әдіспен үйретеміз. Алғашқысы – құймақұлақ әдісі. Бұл өте тиімді деп ойлаймын: сен тартып бергеніңді бала қайталап орындайды. Әрине, оңай емес, бірақ күйдің табиғатын сақтауға ең тиімді әдіс осы деп есептейміз. Сонымен қатар, тағы екі әдіс бар – бірі санмен, екіншісі нотамен үйрету. Кейбір оқушылар солай да меңгереді. Дегенмен, өз басым домбыра үйретуде құймақұлақ әдісін көбірек ұнатамын.

Бекзат Жасқайратұлы: Мен үшін ең бастысы – домбыраны тек Құрманғазы күйлерімен немесе «Ақсақ құланның» тарихымен шектемей, оның қазақпен бірге жасап келе жатқанын түсіндіру. Домбыра – ата-бабадан жеткен асыл мұра екенін сезінген бала аспапқа ерекше ықыласпен қарайды, сондықтан айтылған әңгіме мен түсіндірілген тәсіл әлдеқайда әсерлі болады.

Ал тәжірибелік жағынан алғанда, мен саусақтарды жинақы ұстауды үйретуге мән беремін. Ол үшін әр саусаққа баланың достарының атын қойып, жаттығуды ойынға айналдырамын. Сондай-ақ сабақта орындаған күйді бейнежазбаға түсіріп, ата-анасына жіберемін. Бұл әдіс баланың үйде қайталап отыруына да, ата-ананың жетістігін көруіне де мүмкіндік береді.

Ерболат Әлімқұл: Бұл – құймақұлақ әдісі. Қарап отырсақ, күйді дәстүрше орындау да көбіне осылайша қалыптасады. Әрине, нотамен де үйретеміз. Бірақ өз тәжірибемде байқағаным – нотамен үйренген күй мен құймақұлақ арқылы үйренген күйдің әсері екі түрлі болады.

Орынбек Азатбекұлы: Мен көбіне құймақұлақ әдісімен үйретемін. Бізде топпен сабақ болғандықтан, ең тиімдісі – осы тәсіл. Әрине, кейде «нотаны да үйретіңізші» деп сұрайтындар болады. Ондайда бетінен қақпай, нотамен де үйретеміз. Дегенмен негізгі бөлігі құймақұлақ арқылы үйренеді. Топпен домбыра үйренуде бұл – ең қолайлы әдіс деп есептеймін.

Сіз оқушыларға алғашқы күйді қалай таңдайсыз және неге?

Роман Бұрқаш: Ерекше айта кетер жайт – алғаш домбыраға келгенде баланы ең алдымен саусақпен перне басуға үйрету керек. Сол арқылы ми да үйреніп, балаға жеңіл болады. Өйткені кейде бала «жетінші пернені басып отырмын» дейді, ал шын мәнінде алтыншы пернені басып отырғанын көреміз.

Жалпы алғанда, біз де домбыра үйретуде қалыптасқан әдістеме негізінде жұмыс жасаймыз. Алғашқы репертуар ретінде «Еркем-ай», «Біз өмірдің гүліміз» сияқты әндер мен «Кеңес», «Жастар биі», «Тепеңкөк» күйлері беріледі. Себебі бұл шығармаларда домбыраның негізгі пернелері түгел қамтылады. Бұл – жас домбырашы үшін таптырмас тәжірибе.

Бекзат Жасқайратұлы: Егер оқушы алғаш рет домбыра ұстап отырса, ең алдымен негізгі деңгейден бастаймыз: домбыраның құрылысы, саусақ атаулары, нота сауаты секілді базалық ұғымдарды үйретемін. Одан кейін бірінші шығарма ретінде халық әні «Еркем-айды» беремін. Өйткені бұл әнді барлығы дерлік біледі, құлаққа да сіңісті. Бала таныс әуенді ойнағанда тез қабылдайды әрі шабыттанады.

Ал егер оқушы ересек болса немесе домбырада ойнап жүрген тәжірибесі бар болса, онда оның әлсіз тұсын ескеремін. Мысалы, триоль, 1–2 ішекті тремоло, екі қолды босату сияқты қиындық тудыратын техникалық тұстарын жетілдіретін күй немесе шағын шығарма беремін. Осылайша әр оқушыға жеке дара тәсіл қолданылады.

Ерболат Әлімқұл: Мен көбіне теріс бұраудағы күйлерден бастаймын. Өйткені балалар жоғары пернелердің ноталарын жаттағанда қиналады. Сондықтан «Алшаңбоз» сияқты жеңіл әрі әуезді теріс бұраулы күйлерді үйретіп, тек төменгі ішекті ғана ойнатамын. Кейін нотаны жақсы меңгерген соң, «Кеңес» сияқты күрделірек күйлерге көшуге болады.

Орынбек Азатбекұлы: Негізінен балалардың өз сұранысына қарай шығармалар беремін. Әрине, арасында күрделі күйлерді де үйренгісі келетіндер болады. Ондай жағдайда түсіндіріп, алдымен басқа танымал әуендерді үйретемін. Ал ең басында «Еркем-ай» мен «Біз өмірдің гүлімізден» бастап, біртіндеп «Кеңес» сияқты күрделірек шығармаларға көшеміз. Кейін «Алаш аманаты», «Көк ту» сияқты танымал әуендерді де үйретуге болады.

Оқушының жетістігін қалай бағалайсыз және оны қалай ынталандырасыз?

Роман Бұрқаш: Ондай ынталандырудың түрі көп. Қазір сізге негізгі екеуін ғана айтып берейін. Біріншісі – топтық сабақтан бөлек, ансамбльге қатыстыру. Бізде әртүрлі жастағы балалар бар, солардың ішінен ансамбль құрып, сабақтан тыс жұмыс жасаймыз. Сырттай қарағанда бұл балаларды бөліп жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, топтық сабақтан шыққан балалардың өздері қосымша ансамбльге қатысқысы келіп, талаптарын орындап жүреді. Бұл – ынталандырудың бір жолы.

Екіншісі – ашық сабақ өткізу. «Келесі аптада ашық сабақ болады» деп хабарлаған сәтте-ақ оқушылардың көзі жайнап, дайындыққа екі есе құлшыныспен кіріседі. Бұл да жақсы мотивация. Сонымен қатар, әр концерттен кейін оқушылармен бірге қалып, тәттілер ішіп-жеп, әңгімелесіп отыру бізде дәстүрге айналған. Бұл да балалардың көңілін көтеріп, ынтасын арттыратын әдіс.

Ерболат Әлімқұл: Мен оқушыларды бағамен ынталандырамын. Жақсы баға қойып қана қоймай, оның не үшін қойылғанын түсіндіріп, баланың ынтасын арттыруға тырысамын. Ал оқу жылының соңында бір үздік шәкіртке бағалы сыйлық беремін. Мысалы, өткен оқу жылында үздік шәкіртіме домбыра сыйладым.

Орынбек Азатбекұлы: Емтихан аяқталған соң жиналып, қате-кемшіліктерді талдаймыз. Алдымен сол баланың өзі, кейін басқа балалар пікір айтып, кемшілікті жеңу жолдарына да тоқталамыз. Бұл балалар үшін өте қызықты. Бұдан кейін пицца немесе донер тапсырып, сол отырыста жақсы баға алғандарды құттықтаймыз. Ал жалпы туған күн сайын өзіміздің кабинетімізде жиналып, түрлі тәттілерге тапсырыс беріп, туған күнді атап өту – қалыпты дәстүрге айналды.

Сөз соңы. Бізге берген ұстаздардың жауаптары – әрқайсысының өз тәжірибесінен түйген ойлары мен ізденістерінің жемісі. Бірі оқушыны қызықтырудың заманауи әдістерін бөліссе, енді бірі домбыраның мәні мен рухани құндылығын алға тартты. Әр пікірдің өзіндік ерекшелігі бар, бірақ барлығын біріктіретін ортақ мақсат – жас ұрпақтың бойына күй өнеріне деген сүйіспеншілікті сіңіру.

Осы материалды оқып отырған әріптестеріміз өзіне қажеттісін алып, сабақ барысында қолдана алады деп сенеміз. Ұстаздың ең үлкен байлығы  тәжірибесі болса,, ал тәжірибемен бөлісу өнердің де, білімнің де дамуына жол ашады деп сенеміз.