Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында қалаға кіруге және шығуға шектеу қойылды.
«Осыған байланысты қалаға кіретін барлық жерлер жабылып, 6 арнайы қадағалау бекеті қойылды. Ол жерлерде тәулік бойы Қорғаныс министрлігінің әскерлерімен бірге полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Бұл бекеттер елорда маңындағы Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер және Қоянды ауылдарының маңында орналасқан», - деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов.
Еске сала кетейік, бұған дейін коронавирустың қаупіне байланысты 19 наурызда сағат 00.00-ден бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылатынын хабарлаған болатынбыз. Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 36 адам коронавирус жұқтырған.