Елімізде коронавирустық инфекцияға байланысты төтенше жағдай жариялануы себепті Алматы қаласы білім басқармасы арнайы іс-шаралар қабылдады. Бұл туралы Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова мәлімдеді.
«Оның біріншісі – балабақшалардың жұмысына байланысты. Бүгінгі таңда балабақшалар жұмысын тоқтатқан жоқ. Алайда, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин жариялануына байланысты ертеңнен бастап балабақшалар жұмысын тоқтатады. Екіншіден, орта білімге байланысты. 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін мектеп оқушылары жылдағы көктемгі демалыста. Қазіргі кезде мектепте оқушылар жоқ. Ұстаздар үйлерінде балалармен қашықтық түрде қарым-қатынаста. Демалыс кезінде оқушылар арнайы тапсырма алып, сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен байланыста болады. Егер карантин жасалғасын табатын болса, 5 сәуірде каникул аяқталған сәтте оқушылар қашықтан оқытуға ауысады. Осыған байланысты қазіргі таңда Алматы қаласы білім басқармасы министрлікпен бірігіп, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр» деді ол.
Сондай-ақ білім басқармасы басшысының орынбасары колледж сутденттеріне қатысты жайтқа да тоқталды. Колледж студенттері 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқуға көшті. Оларға арнайы бағдарламамен, арнайы тестпен электрондық форматта оқу ұйымдастырылмақ.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ