Пилоттық жоба аясында үш аймақта 100 мыңнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Келер жылы жоба еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылады.
«Кітап оқитын ұлт»: Қостанай облысында республикалық жоба бастау алды
1,220
оқылды

Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы басталды. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді. Бастаманың негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, оқуға деген қызығушылықты арттыру,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде прогрессивті ұлт қалыптастыру үшін кітапты бала кезден бастап оқуға дағдылану қажеттігін атап өткен болатын.

Осыған орай, жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов республикалық жобаның ресми түрде бастау алғанын мәлімдеді.

Бұл жоба Қарағанды облысы және Шымкент қаласымен қатар Қостанай өңірінде де қолға алынып отыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұл – орынды қадам. 

– Аталған жоба өтетін аймақтар тізімінде Қарағанды облысы мен Шымкент қаласымен қатар біздің өңірдің де болуы қуантады және ол заңдылық деп білемін. 

Өз даласында Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлы тұлғаларды тербеген қасиетті Қостанай облысында халқымыздың зейінін ашып, білімін шыңдауға бағытталған ауқымды жобаның өтуі орынды,  деді Құмар Ақсақалов.

Жоба мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері, педагогтер, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызметшілердің әрқайсысының санатына сәйкес, «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» аталымдары бойынша байқаулар сериясынан тұрады.

Жобаға қатысушылар жауапты министрліктер мен түрлі сала сарапшыларының қатысуымен іріктелген 15 кітапты оқуы тиіс. Мысалы, 6-10-сынып оқушылары үшін әр сыныпқа бөлек 15 кітаптан, жалпы,  75 кітап ұсынылды. Бұл тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасында іріктелген 100 шығарманың 43-і енді. Жалпы, жобада қазақ тілінен 150, орыс тілінен 150 кітап бар. 

Партия байқауының жеңімпаздары әр аталым бойынша қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады. Пилоттық жоба аясында үш аймақта 100 мыңнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Келер жылы жоба еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылады.

Сондай-ақ мектептерде оқырмандар клубы құрылып, әр оқылған кітапты талқылау кеші ұйымдастырылады.

Жоба «AMANAT» партиясының қолдауымен, «Кітап оқитын ұлт – читающая нация» Қоғамдық қорымен бірлесе жүзеге асырылады, ал жобаның басты демеушісі –  ALAGEUM ELECTRIC  компаниясы.

– Құрметті достар! Бұл жоба әрбір оқырманның сыни ойлауын, ой-өрісін және зияткерлік әлеуетін дамытуға үлес қосатынына сенімдімін. Кітап – түбі шексіз алтын сандық. Ендеше, білім әлемінің байлығына бірге енуге шақырамын. Барлық байқау қатысушыларына сәттілік тілеймін! – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.