Қ.Салғараұлының айтуынша, жаз бастала салысымен әр ру жеке ас беруді әдетке айналдырып алған.
«Біздің халық кезіп жүрмеген»: тарихшы қазақты көшпенді ету қолдан жасалғанын айтады
aqiqat.kazgazeta.kz
975
оқылды

Тарихшы Қойшығара Салғарұлы  Qasqa Jol  YouTube арнасында қонақта болды. Ғылыми ортада белгілі қаламгер бұл жолы ру мен жүздің мәні және «көшпенді қазақ» ұғымының қате қолданылуы жайлы ой қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қ.Салғараұлының айтуынша, жаз бастала салысымен әр ру жеке ас беруді әдетке айналдырып алған. Мұндай жиындарға жүздеген миллион теңге жұмсалатыны жөнінде де деректер кездеседі. Осы орайда тарихшы өзінің көзқарасын білдірді.

"Руын еске алғанның ағаттығы жоқ. Бірақ қазір бәсеке болып кеткен сияқты. Оның орнына ұрпағына атасының жүріп өткен жолын ұлықтап көрсетсе, дұрыс болар еді. Өйткені олардың барлығы үлгі болуға тұрарлық тұлғалар. Осыны көрсетсе үлкен өмір сабағы, ауызша тарих боп қалатын еді.
Қазір ру мен жүзге бөлуді дерт секілді қабылдайтын болған. Ру деген – аталық. Бір тұқымнан жаралған адамдар. Оның қандай зияны болуы мүмкін? Мәселе бөлуден басталады. Ру, бектік, сұлтандық, хандық, қағандық, империя, далалық, ұлыс. Сатылып келе жатқан дүние. Бабаңның ескі тарихынан руды кесіп алып тастауға бола ма екен? Оған жалғау қосып, рушылдық деп жүргеннің ойы дұрыс емес. Менің түсінгімде солай. Біз Батысқа еліктегіміз келеді. Олардың даму тарихы бөлек, біздікі бөлек. Қазақтың басынан түрлі нәубет өтті. Соның барлығынан алып шыққан – ру. Қазақ бермесе де бай жақсы деп бекер айтпайды. Руының басына қауіп төнгенде бай шалқып отыра алған жоқ. Ал жүзге бөлу этникалық бөлініс емес, ол территориялық, әкімшілік бөлу. Қазіргі облыстар сияқты. Барлық тарихымыз бірігу мен ыдыраудан тұрады. Соны басқару үшін бөлген. Жүз деген – жақ деген сөз. Ал қазір руды да, жүзді де апат сияқты түсіндіріп жатыр. Бұл – түсінбестік. Тарихымыздың дұрыс жазылмағандығының кесірі", – дейді тарихшы. 
 

Тарихшы қазақ халқы ешқашан «көшпелі ел» болмағанын да ерекше атап өтті. Оның сөзінше,  nomad  деген ұғымды орысша «кочевники» деп аударып, кейін қазақ тіліне «көшпелі», «көшпенді» деп қате енгізіп жіберген. 

"Бізді ежелгі тарихтан nomad деп атап кеткен. Орысша тарих оны "кочевники" деп аударды. Ал қазақ өзін ешқашан көшпелі деп атамаған, ондай ұғым болмаған. Орысшадан бір аудармашы – көшпелі, енді бірі – көшпенді деп аударды. Қазір осы екеуі жарыса аталып келе жатыр. Академиктердің өзі әртүрлі айтады. Дұрыс, бұрыс деп жатқан ешкім жоқ. Шын мәнінде, екеуі де қате. Не нәрсе де заңдылыққа бағынады. Біздегі атау сөздері кім? не? деген сұраққа жауап береді. Ал көшпелі сөзі "қандай?" деген сұрақтың жауабы. Біздің қазақ кезіп жүрмеген. Әр хандықтың меншікті жері болған. Сол меншікті жерінде отырған. Ал көшіп-қону тек "Ұлы қоныс аудару" кезінде ғана болған. Көшпенді деген сөзді кері мағынада қолдан жасаған. Кері мағынада тастанды дегенді білдіреді. Оны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Ресми академиялық шығармаларда да қолданылып жүр. Бізде шынына келгенде қазақ тарихы жазылмаған да. Қазақстан тарихы дейді. Ал Қазақстан деген қазақ халқы деген сөз емес. Ол қазақ халқы мекендеген жерде орнаған мемлекеттің аты. Біздің тарихта тек Қазақстанның құрылуы бар. Адамды адам қылған ұлт данышпандарының өнегесі, көргені жоқ", – деп мәлімдеді Қойшығара Салғараұлы.