Иә, баға динамикасының өсуіне ауа райымен қоса қаладағы кептелістің, қала берді такси қызметіне сұраныс көп болуының да ықпалы бар. Десек те, қарапайым тұрғындар такси бағасының кейде шектен тыс шарықтап, сервис «әкесінің құнын» сұрайтынын айтып наразы. Мәселен, былтыр елімізде такси құнының өсуі инфляция деңгейінен де асып түскен.
Такси қызметі 15 пайызға қымбаттаған
Ұлттық статистика бюросы «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесінің дерегінше, өткен жылдың қараша айында такси қызметі 15 пайызға қымбаттаған. Ал 2024 жылдың сәуір айында Ranking.kz жариялаған мәліметке сүйенсек, бір жыл ішінде Қазақстандағы такси бағасы орта есеппен 12,3 пайызға өскен. Соның ішінде Алматыдағы такси құны 40,6 пайызға артқан. Осылайша, мегаполис баға саясаты бойынша еліміздегі анти-көшбасшы атанып отыр. Аспандаған бағаға бақылау бар ма? Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қолайсыз ауа райы жағдайында такси құнының өсуі бәсекелестік қағидаттарына қайшы болып саналмай ма? Агрегаторлар қолданатын баға қалыптастыру алгоритмдері мемлекетке ашық па? Тақырыпқа арқау болған осы және өзге де сауалдарымызды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жолдадық. Агенттік төрағасының орынбасары Болат Сәмбетовтің айтуынша, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерінің болуы туралы хабарлама негізінде адалдық бағдарламасының ережелеріне өзгерістер енгізілген. Осыған сәйкес, пайдаланушыларға берілетін жеңілдіктер шығынын енді Яндекс толықтай өз мойнына алған.
– Агенттіктің ұсынымы негізінде жүргізілген алгоритмдік баға белгілеу аудитінің қорытындысы бойынша, 2025 жылдың шілде айынан бастап Яндекс Go қосымшасында сапар бағасын нақтылау функциясы енгізілді. Атап айтқанда, А нүктесінен Б нүктесіне дейін сапарға тапсырыс беріп, тарифті, одан әрі сапар сомасын басу қажет. Яндекс сервисі таңдалған бағыт бойынша сапар құнын, сұраныстың болуын және көтерілетін коэффициентті көрсетеді, – деді Болат Қуанышбекұлы.
Үш еседен артық өсімге шектеу қойылады
Бұл ретте қолданыстағы Яндекс комплаенсіне бірқатар өзгеріс енгізілген. Енді компания тарифтер мен сапардың базалық құнын көтеру туралы Агенттікке кемінде үш күн бұрын хабарлауға тиіс. Әуежай аумағына негізсіз енгізілген кейбір тұрғын үй аймақтары қайта қаралады. Сонымен бірге сапар құнының базалық бағасының екі еселенген бөлігінен комиссия алмау практикасы сол күйінде қалады. Бұл шешім жүргізушілер табысын арттыруға бағытталған. «Эконом» тарифі бойынша комиссияны екі жылда бір реттен жиі көтеруге шектеу енгізілді. Ең жоғары сұраныс кезеңдерінде, мысалы, ауа райы қолайсыз уақытта немесе мереке күндері тариф құнының үш еседен артық өсуіне шектеу қойылады.
Естеріңізде болса, 2023 жылы Агенттік тарапынан Яндекс компаниясына қатысты монополияға қарсы тексеру аяқталып, нәтижесінде, Яндекс әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді. Осы тұста Болат Қуанышбекұлы Яндекс өкілдерінің өз міндеттерін орындауы енді Агенттік жанындағы арнайы мониторингтік топтың бақылауында болатынын атап өтті. Аталған топтың құрамына кәсіби қоғамдастық сарапшылары кіреді.
– 2025 жылдың 15 желтоқсанында Агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен және қауымдастықтармен бірлесіп такси қызметі бойынша мониторингтік топтың кезекті отырысын өткізді. Жиын барысында талдамалық зерттеу орталығының динамикалық баға белгілеуге қатысты талдауы және Яндекстің комплаенс шеңберіндегі міндеттемелерінің орындалуы қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша, Яндекске сұраныс артуы ықтимал геозоналар туралы болжамды деректерді алгоритмге кеңінен енгізу ұсынылды. Бұл тәсіл ең жоғары жүктеме кезеңдерінде баға құбылмалылығын төмендетуге және жүргізушілерді қажетті аумақтарға алдын ала бағыттау арқылы сервистің тиімділігін көмектеседі, – деді төраға орынбасары Б.Сәмбетов.
Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты Яндекс өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін жүргізушілер үшін салық агенті болады. Сондай-ақ интернет-платформа арқылы қызмет көрсететін жұмыс беруші ретінде міндетті зейнетақы жарналарын төлеу міндеті енгізілген. Болат Сәмбетовтің айтуынша, бұл өзгеріс жүргізушілерге таксопаркке тәуелді болмай, Яндекспен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Баға саясатында монополияның белгілері бар»
Сарапшылар Қазақстандағы такси құнының қымбаттауына себеп болатын бірнеше аргументті негізге алады. Бірі ауа райы, қаладағы кептеліс, жүргізуші саны мен сұраныстың артуы, сондай-ақ агрегаторлар комиссиясы ықпал етеді десе, енді бірі мұны нарықтағы жанар-жағармай құнымен байланыстырады. Біз баға саясатына қатысты Яндекс өкілдеріне байланысқа шыққанымызбен, сауалымызға мардымды жауап ала алмадық. Алайда компания осыған дейін жариялаған ресми ақпаратында сапар бағасын анықтайтын басты факторлардың бірі ретінде сұраныс деңгейін атап көрсеткен. «Сұраныс күрт өсіп, бос көліктер жеткіліксіз болғанда, алгоритм сапар бағасын уақытша көтереді. Бұл – жүргізушілерді желіге шығуға ынталандыру және такси сапарларына деген сұраныс санын азайту үшін жасалатын әрекет. Тапсырыс берген барлық адамды сапармен қамтамасыз ете алатын көлік саны жеткілікті болғанда, сәйкесінше, сапар бағасы да төмендейді», – деп жазылған хабарламада.
Ал экономист Мақсат Халық кейінгі уақытта Яндекс ұсынатын баға белгіленген нормадан асып кеткенін, сондықтан мұнда монополиялық сипат болуы мүмкін екенін айтып өтті.
– Нарық заңына сәйкес бағаның өсуіне сұраныстың артуы, ауа райының құбылуы немесе жолдағы кептелістің де әсері бар. Бұл қалыпты жағдай. Мұндай қолайсыз уақытта баға нарық талаптарына қарай белгілі бір деңгейде ғана өсуге тиіс. Бірақ дәл Яндекс ұсынып отырған баға деңгейінде емес. Расында, кей жағдайда платформадағы сапар құны «космосқа ұшатыны» жасырын емес. Такси құнының шектен тыс еркіндікке салынуы белгіленген нормадан әлдеқайда асып кетті деп ойлаймын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын қосымшадағы такси бағасы қалтаға тиімді еді. Бұл уақытта компания азаматтарды қосымшаны пайдалануға тарту мақсатында қызметін арзан бағада жүргізген болуы керек. Ал қазір Яндекс өзінің нарықтың көп бөлігін иемденіп отырғанын жақсы түсінеді, сол үшін де сапар құнын өз еркіне қарай белгілейді. Әсіресе, Алматы қаласындағы баға өте жоғары, – деді экономист М.Халық.
Яндекс Такси дерегіне сүйенсек, 2025 жылы елімізде такси сапарларына деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артқан. Ал компаниямен серіктестікте жұмыс істейтін жүргізушілер саны шамамен 5 пайызға көбейген. Сондай-ақ былтыр барлық тарифтегі сапардың бір минуттық орташа бағасы 90 тг көлемінде болған. Бұл 2024 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 10 пайызға жоғары.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы