Тамыздың соңы мен қыркүйектің алғашқы күндері әлем назары Қытайдың Тяньцзинь қаласына ауған-ды.
ШЫҰ: «ірілер» кеңес құрғанда...
8,411
оқылды

Өйткені онда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер мемлекет басшыларының кеңесі мен «ШЫҰ плюс» саммиті өтті. Жиындарға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Тяньцзиньдағы басқосуларда Қазақстанның баршамен тең деңгейде қарым-қатынас жасауды көздейтінін, бейбітшілікті жақтайтынын, өз даму жолып тапқан ел екенін тағы паш етті.

Негізі, Тяньцзиньдағы жиын­нан бұ­­рын Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төра­ғасы Си Цзиньпинмен же­ке кез­де­сіп, өзара кеңес­кен еді. Кез­­десуде екі елдің өзара қарым-қа­­­­­тынасы, сау­да-экономикалық, ин­­­­вес­тициялық жә­не мәдени-гу­ма­ни­­­тар­лық ынты­мақ­тастықты ны­­ғай­ту жол­дары жө­нін­де пікір ал­­мас­қан-ды. Мем­ле­кеттер бас­шы­лары өңір­лік және ха­лық­­ара­лық күн тәрті­бін­де­гі өзекті мә­се­ле­лер жө­нін­де пікір ал­масты. Сөй­тіп, ірі бас­­қо­су ал­дын­да әркім өз позициясын анық­­тап ал­ғандай кө­рінді. Өйткені ШЫҰ соң­ғы кез­дері қанатын кеңге жайып, нақты мақ­саттарын айқындап ал­­ған ұйым­ға айналып келеді. Оның үс­ті­не, ұйым құрамында төрт бірдей яд­ро­­лық держава – Қытай, Ресей, Үн­ді­стан мен Пәкістан бар. БҰҰ Қауіп­­сіздік кеңе­сінің тұрақты 5 мү­ше­сі­нің екеуі осы ұйым­ға мүше. ШЫҰ құрамындағы елдер хал­қының саны 3,5 млрд адамға жет­кен. Яғни, әлемдегі барлық адам­ның тең жар­тысын құрай­ды. Ұйым ел­дері Еуразия құр­лығының 65%-ын иеленіп, 35 млн шар­шы ша­қы­рым аумақты алып жатыр. Бұл ұйым­­ға мүше 4 мемлекет «ғарыш клу­­­бына» енген немесе өз күшімен ға­­рыш­­­қа жер серігін болса да ұшыра ал­ған ел­дер қатарына қосылған. Әрі бұл ұйым­ның белді мү­шесі әрі осы жол­ғы жиынды ұйым­дастырған Қы­тай мемлекеті эко­но­микалық қуаты жағынан жаһан­да АҚШ-тан кейінгі екінші орын­да тұр. Сондықтан ШЫҰ-ны жаһан­ның түрлі жерінде құ­рыл­ған ай­мақтық ұйымдардың ішіндегі ең ір­гелісі деуге болады. Тіпті, бір­қа­тар па­ра­метрі жағынан БРИКС-тен де озық тұр. Сөйте тұра, ұйым әзірге қан­дай да бір әс­кери-саяси блок болу ние­тін таныта қой­ған жоқ. Бірақ бәрі­бір жаһандық сая­сат­та салмағы бар екенін байқатып ке­­ле­ді. Ал Тяньц­зин­ьдағы жиын осы сая­си сал­­мақты тағы көр­сетті. 

Көпполярлы әлемнің іргетасы

ШЫҰ мемлекет басшыларының кеңе­сі мен «ШЫҰ плюс» саммитінің жалпы мазмұнына үңілер болсақ, ұйымға мүше мемлекеттердің басым бөлігі гео­саясатта «ағалық» болмауы керек деп санайтын тәрізді. Әр елдің өз даму бағыты, халқы­ның таным-түсінігі, өзіндік ішкі саясаты бар екенін өзгелердің мойындап, қабыл­дағаны керек дейтін ұстаным байқалады. Өзара әріптестік тең құқылы деңгейде болуы керек. Айталық, Қазақстан алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық орнатарда алдымен өз мүддесін көздейді әрі түрлі шиеленісті БҰҰ жарғысы аясын-­ да, дипломатиялық жолмен шешуді жақтап келе жатқан ел. Барлық әріптеспен тең деңгейде араласқанды құп көреді. Әскери жанжалдарда қандай да бір та­рапты қолдауға ниетті емес. Сондықтан ШЫҰ қатарлы аймақтық ұйымдардың ішіндегі тең әріптестіктен, байсалды, жан-жақты ойластырылған саясаттан үміт күтеді әрі мұндай ұстанымды жақтайды. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерінен де байқауға болады. Мемлекет басшысы ШЫҰ-ны әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде таниты­нын атап өтті.

– Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіп­сіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақ­тастық секілді басты мақсаттарын толық қолдай­ды. Ұйым­ның басым міндеттері жаңа техноло­гия­лық дәуірде халықтары­мыз­дың әл-ау­қатын, қауіпсіздігін және орнық­ты дамуын қамтамасыз етуді көздейді. ШЫҰ жарғы­лық құжат­тарының негізгі қағидат­тарын берік ұстана отыр­ып, Қазақстан «үш зұл­ым­дыққа», яғни терро­ризмге, сепаратизмге және діни экстре­мизм­ге қар­сы күресте күш-жігер бірік­тіруді өте өзекті санайды. Біз жаһан­дық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтас­тық нышан­ына айналған «Шанхай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуаттай­мыз, – деді Мемлекет басшысы. Осыл­айша, Қазақ­стан Прези­денті әріп­тес­тіктің «аға-інісіз» болғанын жақтай­ты­нын байқатты. Әрі «үш зұлым­дық­тың» бірі ретінде сепера­тизмді атай отырып, БҰҰ қарарларына құрмет көр­сету­ді, әр елдің аумақтық тұтастығын жақ­тауды жалғастыра бере­тінін аңғартты. Соның өзін­де БҰҰ мем­лекеттердің аумақ­тық тұтас­тығы қағи­даты бірінші орынға шы­ғып, басымдыққа ие болғанын меңзеп отыр­са керек. Президент бұл ұстанымын 2020 жылдың қазанында нақты түсін­дірген еді. 

– «Бітпейтін» немесе «ұзаққа созыл­ған» деп танылған аймақтық қақтығыс­тар БҰҰ Жарғысының қазіргі халықара­лық құқықтың қайнар көзі және негізі болып табылатын басты екі қағидатының ара­сын­дағы түбегейлі қарама-қайшы­лық­тарды айқындады. Бұл – мемлекет­тердің аумақтық тұтастығы мен ұлттар­дың өз тағдырын өзі таңдау құқығы. Соңғы қағидат мемлекеттер тәуелсіздік алып, отарлықтан құтылған кезде өте өзекті бола түсті. Қазірге дейін әлем өзі­нің даму бағытын анықтады. Сондықтан бүгінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қа­ғидаты бірінші орынға шы­ғып, басым­дық­­қа ие болды, – деген еді сол кезде. Сөйтіп, аумақтық тұтастық мәселесінде Қазақ­стан­ның ұстанымы мызғымас күй­де қал­ғанын аңғартты. Одан бөлек, әл­бетте терроризм мен діни экстре­мизм­нің де қауіпті екенін еске салды. 

Жалпы, ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінде Қасым-Жомарт Кемелұлы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтас­тықты нығайтудың маңыздылығын айр­­ықша атап өтті. Оның айтуынша, халық­аралық терроризм, діни экстре­мизм, есірт­кі тасымалы, заңсыз көші-қон, ки­бер­­қылмыс және басқа да дес­трук­тивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі.

«Халықаралық қауіпсіздікке төнген мұндай сын-қатерлерге, соның ішінде «үш зұлымдыққа» қарсы бірлесіп қана күресе аламыз. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру баста­масын қолдайды. Шанхай ынтымақ­тастық ұйымы мен Азиядағы өзара сенім шара­лары жөніндегі кеңес арасында іс­кер­лік байланыстарды күшейту маң­ызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауған­станға гуманитарлық, техникалық көмек көрсе­ту­ді жалғастыруға шақыра­мын. Сол арқы­лы аталған мемлекетті қалпына кел­тіріп, өңірлік және эконо­микалық про­цес­терге қатыстыра ала­мыз. Қазақстан Ауғанстан­ның бірқатар инфрақұрылым­дық және логистикалық жобаларының құрылысына кірісті. Бұл ШЫҰ мемле­кет­тері арасында­ғы өзара байланысты күш­ей­туге мүмкіндік береді. Тамыз айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қатысуы­мен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақ­сат­тары жөніндегі өңірлік орталық ресми түрде ашылды. ШЫҰ-ға қатысушы мем­ле­кеттерге бар­лық басым бағытта белсенді аймақтық байланыс орнату және күш-жігерді үй­лестіру үшін аталған Орталық­тың әлеуетін бірлесе пайда­лану­ды ұсына­мыз», – деді Президент.

«Судың да сұрауы» ортақ

Одан бөлек, Қазақстан Президенті ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қы­тайдың бастамасына қолдау білдірді. Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, кон­сал­тингтік және қаржылық компания­ларды шоғырландыратын ШЫҰ Кең­сесін құруды ұсынды. Әрі ШЫҰ аясын­дағы сауда-экономикалық және инвес­тиция­лық ынтымақтастыққа тоқталды. Оның айтуынша, ұйым құрылған сәттен бері мүше елдердің әлемдік ішкі жалпы өнім­дегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жет­ті. Ішкі өңірлік сауда да өсіп, былтыр оның көлемі 650 миллиард доллардан асып­т­ы. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, былтыр  70 миллиард долларға жуық­таған. 

Президент көлік-транзит саласын­дағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басым­дық ретінде атады. Мемлекет бас­шы­сы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажо­басы­ның зор әлеуетін атап өтті. Сонымен бірге «Транс­Алтай диалогы» бастама­сының жүзеге асырылуына үлкен үміт артатынын атап өтті. 

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрлан­дыру саласындағы ынтымақтастықты жандан­дыру қажеттігіне назар аударды. Оның ай­ту­ынша, бұл істі кейінге қал­дыруға бол­май­ды. 2033 жылға қарай жасанды ин­теллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектор­дың әлемдік технология индус­трия­сындағы үлесі 30 пайызға дей­ін ұлғаяды. Демек, бұл сек­тордан үлес алуға қазірден ұмтыла берген дұрыс. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыт­тағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақ­ты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.

Қазақстан Президенті кеңесте эко­логия мәселесін де ұмыт қалдырған жоқ. Соның ішінде су ресурстарын тиімді пай­далануға айрықша тоқталды. «Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлем­нің көп­те­ген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәсе­лен, шөлейт­тенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздық­тардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қа­зақ­станда Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орта­лығын ашуды қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Біздің пай­ым­дауымызша, ШЫҰ стратегиясының ішін­де дәл осы мәселе күн өткен сайын өзекті бола түседі. Эколог мамандардың болжауына қарағанда, Орталық Азия өңірі келешекте су тапшылығының зардабын тар­туы ықтимал аймақтардың қатарына кіреді. Сондықтан оның алдын алуға қазірден қамдану қажет. ШЫҰ аясында арнайы орталық ашуды қолдау арқылы Қазақстан Президенті келе­шек­те төнуі мүмкін қатердің алдын алуды көздеп отыр­са керек. Әрі дәл осы эко­ло­гия мәсе­лесінде «оңаша бұзау» бол­майтынын тұспалдады. 

«ШЫҰ плюс»: Астанада басталған формат

Тяньцзиньдағы өткен келесі саммиттің тақырыбы «Көпжақты ынтымақтас­тықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» деп аталды. Бұл былтыр Астанада бастау алған «ШЫҰ плюс» форматының жалға­сы еді. Қ.Тоқаев саммитте сөйлеген сөз­ін­де, ұйымның халықаралық қоғам­дастықтағы өз пози­циясын айтарлықтай күшейткенін атап өтті. Көптеген мем­лекеттің қызығушы­лығы артқан ұйым қазіргі заманның өзек­ті проблема­лары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.

«Әлемдегі үрейлі үрдістерді ескерсек, мұның маңызы өте зор. Ол қауіп-қатер­лер баршаңызға мәлім. Бұл мәселені қайта айтудың мәні жоқ. Әйтсе де, бір жайтты атап өткім келеді. Аталған жағ­дай­дың себебі мен салдары ұқсас. Яғни, өзара сенім мен әлемдік тәртіптің келе­шегіне жауапкершіліктің жоқтығы, көп­жақты дип­­ломатия мен халықаралық ұйымдар­дың әлеуетін жете бағаламау осындай ахуал қалыптастырды. Бір нәрсе анық, ешқандай ел қазіргі cын-қа­терлерді жал­ғыз өзі еңсере алмайды. Менің пайым­дау­ымша, мұндай қиын кезеңде Шанхай ын­ты­мақтастық ұйым­ы­ның күн тәртібі жасампаз әрі оң сипатта болуға тиіс. Ұйым қақтығыс жағ­дай­ларын шешуге, әл­емді қорғап, мем­лекеттердің орнықты дамуына жол ашатын жаһандық диалогты күшейтуге бағытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек, – деді Прези­дент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікір­інше, бірлескен күш-жігер жұмылдыру арқылы қарулы қақтығыстардың ушы­ғуына жол бермеу қажет. Әрі БҰҰ-ны ре­формалау қажет екенін айтты. «Қазір­гідей өте күр­делі геосаяси жағдайда БҰҰ-ны әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдауымыз керек. Осы орайда БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты орга­ны – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда басқа жол жоқ. Егер бүгінгі бас­шы­лар бұл істі атқарудан бас тартса, мем­лекеттер БҰҰ-ға сенімін біржолата жоғал­туы мүмкін», – деді Президент.

«ШЫҰ плюс» саммитінде қаржылық, экономикалық, инвестициялық және тех­нологиялық ынтымақтастық қатарлы көптеген мәселе талқыланды. Қ.Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Жаһан­дық басқару бастамасы саммитінде (Global Governance Initiative) халықара­лық қо­ғам­дастықтың даму перспек­тивасына қатысты көтерген ұсынысына жоғары баға беріп, оның ұзақмерзімді сипатына назар аударды. 

Сондай-ақ Президент климат мәсе­лесіне тағы да айрықша назар аударды. Соның ішінде Каспийдің тағдырына алаңдаушылық білдірді.

«Бүгінгідей беделді форум аясында өте шетін, дегенмен күрделі мәселеге тоқтал­ғым келеді. Бұл Каспий теңізінің мүшкіл халі. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін. Аталған проблема ШЫҰ аясын­дағы ұзақмерзімді консуль­тацияның ба­сым бағытына айналғаны жөн. Осы се­беп­ті бүгін Астанада ШЫҰ жанынан Су проблемасын талдау орта­лы­ғын құру туралы ұсыныс айттым. Таяуда Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орнықты даму орталығы ашылды. Бұл біздің көпжақты диплома­тия­ға бейіл екенімізді көрсетеді. Орайлы сәтті пай­даланып, барлық серіктестерге Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу турал­ы ше­шім қабылданғанын хабарлай­мын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сарапшылар не дейді?

Сөз басында айтқанымыздай, Тянь­цзиньдағы басқосуларға әлем назар аудар­ып, түрлі сала маманы мен сарапшы өз пікірлерін білдіріп жатыр. Әлбетте, әркім өз елінің мүддесі тұрғысынан баға берері сөзсіз. Қазақстандық мамандар да ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесі мен «ШЫҰ плюс» саммитінде айтылған ұсыныстарды талқылап жатыр. Айталық, шығыстанушы Жанат Момынқұлов Си Цзиньпиннің жаһандық басқару баста­масы Қазақстан­ның сыртқы саясатымен үндес екенін айтты. 

Бір сөзбен айтқанда, ШЫҰ-ның Қы­тайда өткен 25-ші саммиті сарапшыларға әлі де біраз уақыт «азық» болатын түрі бар. Ал біз Қазақстан халықаралық ұйым жұмысының күшеюінен ұтпаса, ұтыла қоймайды деп пайымдадық. 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,

шығыстанушы, ЕҰУ оқытушысы

Қытайдың бұл жаһандық басқару бастамасы – Си Цзиньпиннің жаһандық даму, қауіпсіздік және өркениет тақыры­бындағы алдыңғы ұсыныстарының қисын­­ды жалғасы. Оның қағидаттары сырттай алғанда халықаралық құқық пен БҰҰ нормаларына сүйенеді. Жаңалық деңгейі аса жоғары болмаса да, бастама Қытайдың әлемдік тәртіпті қалыптас­тырудағы рөлін күшейтуге бағытталған және оны Азиядағы ықпалды ойыншы әрі Глобалды Оңтүстіктің қорғаушысы рет­інде көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл бастама Қытай­дың АҚШ-тың гегемонизміне, сауда соғыс­тары мен тариф саясатына, АҚШ пен ЕО-ның протекционистік шара­ларына және Тынық мұхиты аймағын­дағы ҚХР-ды тежеуге бағытталған одақ­тарға қарсы­лығын білдіретін құрал ретін­де де қарас­тырылуы мүмкін. Алайда мұны БҰҰ не­месе ДСҰ сияқты инсти­тут­тарды алмас­тыру талпынысы деп емес, Қытайға ең көп пайда әкелген әлемдік сауда жүйе­сіндегі тең және ке­дер­гісіз экономикалық ынтымақ­тастық дәуірін қалпына келтіруге ұмтылыс ретінде бағалауға болады.

Қазақстан үшін бұл бастама көп­жақ­ты дипломатияны нығайту, инвестиция тарту және көлік-логистика дәліздерін дамы­туға жаңа серпін беруі ықтимал. Мемле­кет­тердің тең құқықтылығы қа­ғидаты Тоқаевтың сыртқы саяси ұстан­ымдарымен үндес келеді, бірақ оның нақты іске асу тетіктері анық емес.

Сонымен бірге ойланарлық тәуекел­дер де бар: бастама Қытайдың құрлықта­ғы және теңіздегі ықпалын арттыру құра­лына айналуы мүмкін, ал Қытай мен Батыс арасындағы шиеленістер Қазақ­станды геосаяси қысым аймағында қал­дыру қаупін тудырады. Бастаманың тол­ық­қанды іске асуына қатысты инсти­туцио­налдық белгісіздік те сақталып отыр.

Қазақстан осындай жағдайда көпвек­торлы саясатын сақтап, халықаралық құқық пен теңгерімді ынтымақтастықты қолдау арқылы өзінің дербес диплома­тия­лық ұстанымын нығайта алады. Астана келіссөздер алаңы, көлік-логис­тика тора­бы және бейбіт бастамалардың орталығы ретіндегі тәжірибесін пайда­ланып, баста­маның конструктивті эле­менттерінің дамуына үлес қосуы мүмкін.

Қорытындылай келе, Қытайдың бұл бастамасы Қазақстан үшін жаңа дип­ло­матиялық маневрлер мен мүмкіндіктерге жол ашса да, ұлттық мүдде, рухани тұтас­тығы мен болашағы және көпвекторлы тәу­елсіз саясатты сақтаудың маңызы арта түседі.

Амангелді ҚҰРМЕТ