Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал етеді» деп атап өткен болатын.
Азаматтық форум: мемлекет пен қоғам арасындағы диалог
2,278
оқылды

Осы айтылған ұйымдардың қо­ғам­ға берері не? Бүгінде қалай жұ­мыс істеуде? Осы және басқа да сұ­рақ­қа жауап іздеген форум өтті.

Қарағанды облысының ішкі саясат бас­қармасы мен Қарағанды облысының Аза­маттық альянсының ұйым­дас­тыруы­мен Қарағанды экономикалық уни­верситетінде өткен «Азаматтық бас­тамаларды қолдау мен дамытудың за­манауи тәсілдері» атты форум аза­мат­тық  бастамаларды талқылауға арналған алаң­ға айналды. 

Форумға 120-ға жуық адам қатысты. Қа­тысушылар қатарында Көкшетау, Ұлытау облысы және еліміздің басқа да өңір­інен келген қонақтар болды. Қа­рағанды облысының атынан билік өкіл­дері, Азаматтық альянс мүшелері жә­не қоғам дамуына айтарлықтай үлес қо­сып жүрген тәжірибелі азаматтық бел­сенділер қатысты. 

Осы серіктестікті нақты іске айнал­дыру, азаматтық қоғам мен билік ара­сын­дағы көпірді бекіте түсу – форум жұ­мысының басты мақсатына айналды. Со­нымен қатар форум шеңберінде аза­мат­тық бастамаларды тиімді қолдауға арн­алған практикалық ұсынымдар әзір­леніп, институционалды диалогті ны­ғайту, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар мен қоғам арасындағы әріптестікті да­мыту мәселелері көтерілді. 

Форумда Қазақстан халқы Ас­сам­блея­­сы мүшелері, этномәдени бірлес­тік­­­­тердің жетекшілері, қоғамдық кеңес­тер, жұмыс топтары, үкіметтік емес ұйым­дар, жергілікті өзін-өзі басқару ор­гандарының өкілдері, журналистер, бло­герлер және белсенді жастар бас қо­сып, ұсыныс-пікірін ортаға салды. 

Жиынды ашқан Қарағанды облысы әкі­мінің орынбасары Әлібек Әлденей: 

–  Халық сеніміне ие болып, билік пен қоғам арасындағы ынтымақ ар­қауы­на айналдыңыздар. Демек, сіз­дер­дің әр бастама қоғамдағы әділ­­­­дік пен тұрақтылықтың кепілі бола алды. Қазір елге қолдау көрсетіп, қиын сәтте қол ұшын созған адамдар ерекше қадір-қа­сиет­ке ие болды. Бүгінде дәл осындай мис­сияны үкіметтік емес ұйымдар атқа­рып отыр.  

Өңірде үкіметтік емес ұйымдар  қа­ты­суымен бірқатар маңызды жоба жү­зеге асуда. Мысалы, Ten Qogam орта­лы­ғы мүгедектігі бар жандар мен олар­дың отбасына қолдау көрсетуде, ал ҮЕҰ-ға арналған ақпараттық-білім беру орталығы – белсенді азаматтар үшін кездесу және ынтымақтастық алаңы болып отыр. Қоғамдық ұйымдар на­шақорлық пен құмар ойынның ал­дын алу жұмысын жүргізуде, ал өңір­дің эковолонтерлері «Таза Қазақ­стан» ауқымды акциясына қатысып жатыр, – деп атап өтті. 

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер қауым­дастығының атқарушы дирек­торы Серік Мәлібекұлы болса:

– Қарағанды облысында жыл сайын 200-ден астам әлеуметтік жоба мемле­кет­тік әлеуметтік тапсырыс пен грант­тық бағдарламалар аясында жүзеге аса­ды. Бұл жоба аясында халықтың осал топтарын қолдаудан бастап, цифр­лық сауатты арттыру, медиация және жастарға кәсіби бағдар беру жұ­мыс­ы атқарылады. ҮЕҰ мен мем­ле­кет­тік құрылымдар арасындағы диалог ашықтық, жариялылық және тең әріптестік қағидатына негізделген. Мұн­дай тәсіл нақты нәтижелерге қол жет­кізуге, қоғам пікірін ескеруге және мә­селелерге жедел әрекет етуге мүм­кін­дік береді. Бүгінде үкіметтік емес сектор өкіл­дері мәслихаттарда, қоғамдық кеңес­тер мен сараптамалық комис­сия­лар­д­а белсенді жұмыс істеуде, – деді.

Форум аясында «Қазақстан хал­қы­на» қоғамдық қорының үлгісінде қайы­рым­дылықтың өңірлік даму құралы ре­тіндегі тәжірибесі, жасанды ин­тел­лект пен цифрлық технологиялардың аза­маттық сектордағы ықпалы, «ҚХА-ға 30 жыл – бірлік пен даму жолы» та­қы­рыптары көтерілді. 

«Қазақстан халқына» қорының  қол­­дауымен облыста 68 мектеп зама­науи жабдықпен қамтылып, STEM жә­не робототехника кабинеті ашыл­ған. Мұғалімдердің біліктілігін арт­тыру­­­ға арнайы қолдау көрсетіліп, білім са­пасында айтарлықтай серпіліс бай­қал­ған. Осының арқасында оқушы­лар­дың үлгерімі орта есеппен 11%-ға, ал фи­зика пәні бойынша 16%-ға жақсар­ды. 

Сонымен қатар халықтың құ­қық­тық сауатын арттыру, ҮЕҰ-ларды цифрлық әдістермен оқыту және жастар мен кәсіподақтардың болашақ серіктестігі жөнінде пікір айтылды.

Қазақстан Азаматтық альянсының пре­зиденті Бану Нұрғазиева үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөліне кеңі­нен тоқталды. 

– Азаматтық қоғам деген не? Оған кім­дер кіреді? Саяси партиялар, кәсі­по­­­­­­дақтар, діни бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары және  үкіметтік емес ұйым­дар. ҮЕҰ-ның өзгелерден басты айыр­машылығы – нақты іспен айна­лысуы. ҮЕҰ-лар қоғамның түйткілді мә­­­селелерін шешуге атсалысады. 

Қазір бізге ҮЕҰ туралы заң ауадай қа­жет. Бұл жайдан-жай көтеріліп отыр­ған мәселе емес. Көп жылдан бері осы са­ланың майын ішкен мамандар ретін­де бұл заңның маңызын дәлелдеп келеміз. 

Сонымен қатар әр өңірде Азамат­тық алья­нстың өз үйі, жұмыс іс­тейтін өз кең­сесі болуы тиіс. Мәселен, Қос­та­найда бар. Қарағандыда да сондай орталық керек, – деді ол. 

Ал Қарағанды облысы Азаматтық альян­сының президенті, жергілікті діни бірлестіктер клубының модераторы, орыс этномәдени қоғамының жетек­ші­сі, Дмитрий Полтаренко форумда сөй­ле­ген сөзінде азаматтық қоғам үшін заң­намалық қамтамасыз етудің өзек­ті­лігін нақты мысалдармен жеткізді. 

– Біз жыл сайын азаматтық форум­ды дәстүрлі түрде өткіземіз. Был­тыр­ғы форум нәтижесінде мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс туралы заңнамаға өз­геріс енгізілді. Талқыланған басты мә­селе – қаржылық есепті заңсыз талап ету болды. Себебі кез келген шаруа­шы­лық субъект уәкілетті органдарға есеп бе­­реді. Тағы бір маңызды мәселе – әлеу­­­­меттік қорғау саласындағы қыз­мет­кер­лердің өздері әлеуметтік қорғалма­ға­ны. Бұл жағдай ҮЕҰ туралы заңның қа­жетін айқын көрсетіп отыр. Қа­зір жұмыс тобы бұл заң жобасымен бел­­­­сенді айналысып жатыр. Біз оны осы жылдың соңы­на дейін Мәжіліске түседі деп үміт­тенеміз, – дейді ол. 

Форумда басқа өңірлерден кел­ген қа­тысушылар да өз ойла­рын ортаға салды. Ұлытау облыстық аза­мат­тық альянсының төрағасы Әсем Асанханова тәжірибе алмасудың маңы­зын атады.

–  Біз Қарағандыдан көп нәрсе үй­ре­ніп қайтпақпыз. Ұлытауда үкіметтік емес ұйымдар жеткіліксіз, тұрақты жұ­мыс істейтіндері аз. Сондықтан осы фо­­­­румнан көрген-түйгенімізді алдағы 16 қыркүйекте өтетін форумда жү­зеге асырамыз. Мақсатымыз – тұ­рақ­ты жұмыс істейтін ұйымдардың тә­жі­рибесін жастарға аманаттау, – деді Әсем Асанханова. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі Аза­маттық қоғам істері комитетінің төра­ғасы Гүлбара Сұлтанова да форумда сөз сөйлеп, маңызды мәселелерге тоқ­тал­ды. 

– Бүгінгі форумда көтерілген мәсе­ле­лер алдағы республикалық форумда ес­керілетін болады. Ел Президенті 2026 жыл­ды «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама да қолдау тауып отыр. Арнайы жұмыс топ­тары құрылып, жұмыс басталды. Қа­рағанды облысындағы әріптестеріміз бұл бастаманы қолдайды деп сенеміз, – деді Гүлбара Бекетқызы. 

Форумның екінші бөлігі секциялық отырыстарға арналды. Онда бірқатар маңызды мәселе жан-жақты тал­қы­ла­нып, ұсыныстар ортаға салынды. Шара Конституция күніне арналған кәсіби фотографтардың «Заманауи Қазақстан» ат­ты фотокөрмесімен және ерекше бі­лім беруді қажет ететін балалардың Кен­шілер күніне арналған сурет фес­ти­валімен түйінделді. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы