Өмірі ұзақ болмаса да, Тәттімбет аз ғұмырында бүкіл қазақ даласына танылып, оның күйлері аңызға айналған дара тұлға ретінде халық жадында сақталды.
«Тәтті күйдің атасы»: Сапарғали Бегалиннің Тәттімбет күйші жайлы мақаласы
Фото ашық дереккөздерден алынды. Коллаж автордікі
2,513
оқылды

«Тәтті күйдің атасы Тәттімбет болса керек», – деп бастайды Сапарғали Бегалин өз мақаласын. Расында да, Тәттімбет Қазанғапұлы қазақ күй өнерінің тарихындағы ерекше есімдердің бірі. Оның күйлері терең ойға бойлап, Арқа күйшілік мектебінің шыңына айналды. Зерттеушілер арасында Тәттімбетке назар аударғандары бар, бірақ оның өмірі мен шығармашылығының толық ашылған жоқ дей аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, Сапарғали Бегалиннің мақаласы ерекше мәнге ие. Әдебиет пен өнерді қатар ұштастыра білген қаламгер Тәттімбет мұрасын жаңаша пайымдап, бүгінгі музыка зерттеушілеріне тың көзқарас ұсынады. Осы жазбамызда жазушы мақаласының ұтымды тұстарын оқырмандармен таныстыруды жөн санап отырмыз.

«Тәтті күйдің атасы Тәттімбет болса керек. Олай дейтініміз, әсем сазды, ырғақты, жүрек қылын шертетін әуен Тәттімбет күйлерінде жатыр ғой. Тәттімбет туралы әлденеше қанатты сөздер, қызық аңыздар елге тарады. Арқада «Тәттімбеттің тәтті күйін, «Сарыжайлаудай» сәтті күйін, «Сылқылдақ», «Былқылдақ» сияқты бапты күйін тыңдамай, көкірек балқып, көңіл жусайма» деген сөз де бар.

Ары қарай автор Тәттімбетің туған кезін, өскен ортасын айтып бастайды. Әсіресе оның жас кезінде ел қыстан қысылып, жылқысын қонысқа айдап бара жатқанда бір ауылға кез болғаны жайлы ерекше тоқтайды. Сол жерде өнерлі қызбен күй тартысып, ел алдында шеберлігін танытса керек. «Осы мәжілісте ол бұрыннан тартқан күйлерін орындайды және жаңа «Былқылдақ» күйін шығарады. Осыдан кейін Тәттімбеттің даңқы алыс елдерге тарап, атағы кең жайылады», – дейді Сапарғали жазушы.

Мақаланы әрі қарай оқиық. Кейін әңгіме Семейдегі қымызханада өрбиді. Күшікбай деген адам келіп, қымызханада күй шертеді екен.

Күшікбай қымызды сабырлы жұта отырып, домбыраны сайратады. Оның домбырасының үні шығысымен-ақ қымызшының кішкене дүкені адамға лық толы. Өйткені сонау қала тұрғындарының көпшілігі ұсақ кәсіп, сауда-саттық істейді... Өздері күні кеше қырдан келіп, қала мекендеп, даланың әнін, күйін аңсайды. Ол кезде бүгінгідей сайрап тұрған радио, ойнап тұрған магнитофон жоқ. Жан азығы ән мен күйге құштарлар әрі қымызға сусындап, әрі асқақ күйшінің домбырасының үніне ұйиды.

Күшікбай ел бас қоса бастаса, күйді екіленіп тартады. Тартқанда ол әрбір күйдің атына сай өзекті сарын шертеді. Күйді бастағанда Алшағырдың ащы күйінен күмбірлете бастап, Тәттімбет күйлеріне көшеді. Алдымен «Сылқылдақты» бір сыдыртып алып, «Көш жинаған», «Көкейтесті» күйлерін безектетеді. «Тәттекеңнің күйінің бәрін тартып бітіре аламын ба, мына бір күйді де тыңдаңдар», деп, «Жекеннің желпуі» деген күйін құйқылжытады. Оны тартқанда өзінің далбаланған шапанын серпіп тастап желпінеді. Оның әңгімесін қысқалап айтып: «Жекен деген қыздың ұзатылып бара жатып тартқаны екен», дейді. «Бозайғыр» күйін бір аңыратып тастап, «қалмақтың, қазақтың қара жорғалары» деген күйлеріне көшетін еді. Тәттекеңнің күйлерін Семей халқының құлағына кеп сіңірген осы Күшікбай күйші еді. Ол кісі біздің өнер ізін зерттеушілерінің қолына түспей, 20-30-жылдардың аралығында дүниеден қайтқан адам.

С. Бегалин дұрыс жазады. Қазіргі кезде Тәттімбет күйлерін шертті, күйшінің өнер шежіресінде өз орнын алды деген есімдердің ішінен Күшікбайды кездестірмейміз. Бұл да күйтанудағы бір олқылық деп есептейміз.

“Тәттімбет күйінің ерте кезде тағы бір құлағыма тигені – 1914 жылы жазда, оқудан демалысқа шығып, ауылға келгенімде” деп бастайды келесі бір ойын. Бұл жерде Тәттімбет күйлерін шебер шертетін Қысатай есімді күйшімен кездескенін айтады. Қысатай – Тәттімбеттің бел баласы. Біз Тәттімбеттің үш ұлы – Мұсатай, Қысатай және Исатай болғанын білеміз. Дегенмен, деректерде Қысатайдың ерте қайтыс болғаны айтылады. Ал Бегалин өз естелігінде Қысатаймен шау тартқан кезінде кездескенін жазады. Әңгіме барысында бұл шын мәнінде ерте қайтыс болған Қысатай емес, Исатай екені анықталады.

Қысатайды Бегалин “дөңгелек қараторы өңіне әжім іздері сызат салған қой көзді, дөңгелек бурыл сақалды кісі” деп сипаттайды. Өздері қонақ болып барып, үй иесінен күй шертуді сұраса керек. Сол кезде Қысатай:

– Ә, жиеншардың тілегі болса, сыйымды қолқа, жиендігіне қабылдансын, ал нағашы атасының өзім білетін бір күйін тартып берейін, – деп, «Қосбасар» деген күйін әдемілеп тұрып тартты. Осы күйді аяқтап, домбыраны жүкаяққа сүйей салды. 

– Біздің Исатай деген кенже ініміз болды. Әкемнің өнер мұрасын ұстаған сол еді. Арман не, көп жасай алмады. Ерте өліп қалды. Ол кісінің күй өнерін өз туыстарынан құмарта қуған әкесі бір, шешесі бөлек Жақсымбет деген інісі болды. Ол оразасын күймен ашады десем, артық айтқан болмаспын, – деп Тәттекеңнің күй тарту жәйінен осындай әңгімелер айтты.

Бегалин ары қарай «Көкейкесті» күйінің аңызын айтады. Қысқаша қайырып берсек былай: Тәттімбет бір жолы қыста Дегелеңнің бауырындағы шағын ауылға қонып, сол жерде тапқырлығымен елге танылған Түлкібайдың қызы Есіммен танысады. Қыздың есті сөзі мен зеректігіне тәнті болған күйші көп ұзамай оны айттырып алады. Есім Тәттімбеттің шаңырағына ұйытқы болып, ақылымен де, мінезімен де елге сыйлы болады. Сол кезде Тәттімбет оған арнап сырлы әуен шығарып, кейін бұл күйді «Көкейкесті» деп атаған. Осылайша, «Көкейкесті» сүйікті жары Есімге арналған күй ретінде халық арасында тарайды.

Сапарғали Бегалин аса қызықты деректі келтіреді. Бұл жерде Тәттімбет тек күйші емес, іскер азамат ретінде де таныстырылады.

Тәттекең Арқа жерінен кен іздеушілерге жетекші әрі басшы болғаны архив қоймаларынан барлық дәлелімен табылып отыр. Бұдан Тәттекеңнің тек күй өнерінің данасы емес, жаратылыс тануда да ерекше сезімтал болған адам екенін көреміз. Осы 1974 жылғы 6 апрельдегі «Вечерняя Алма-ата» газетіне Н.Торский деген инженер Тәттімбеттің өзінің Арқа алқабындағы кендердің көзін ашып, қазына табуға Омбы генерал-губернаторына 1856 жылы жазған өтінішіне, оған Ресей қазына министрі рұқсат етіп, көмекші кенші инженерлерді ұйымдастыру ісін қолға алғанын архивтен тауып жазды. Торский Тәттекеңді «ақын және қазақта бірінші кенші» деп жазды. Тәттекеңнің күйшілік өнерін ақындық деп топшылап айтылғаннан алып отыр ғой. Тәттекең ақындық жолмен айтқан өлең-жыры болмаған кісі. Ал сезімтал ерекше талантымен кен ұшығы бар жерлерді дәл тауып, оның ашылуына басшылық еткен тапқырлығы дәл айтылған.

Ары қарай автор Тәттімбет күйші жайлы іздеп-сұрау жұмысы жүргізілгенін және қызықты мәліметтер табылғанын жазады. Мысалға Ахмет Исағұлұлы есімді күйші жайлы сөз қозғайды.

…Тәттекең жайынан біледі деген адамдары іздестіргенде әр жерде жұмыс жаймен мекендеп жүргендердің жобасын тауып алдым. Бұл жағдайда маған дәлелді де орнықты мағлұмат берген Исағұлұлы Ахмет деген кісі болды. Ахмет Исағұлұлы Жақсымбеттің немересі. Ал Жақсымбет Тәттімбеттің кіші шешесінен туған інісі. Ахмет Тәттекең күйлерінің әңгімесін, өмірдегі кейбір елеулі жайларды осы үлкен әкесі Жақсымбеттен естіп, ұққан. Жақсымбет көп жасап, мына немересі жігіт болған кезде қайтқан адам көрінеді. Жақсымбеттің өзі аса домбырашы, күй тартқыш кісі екен. Тәттімбеттің көптеген күйлерін домбырашылар Жақсымбеттен үйреніп еді дегенді айтты. Ахмет 1947 жылы әдейі арнайы барып әңгімелескенде, ол кісі үлкен атасы Жақсымбеттің Тәтекеңнің белгілі, өзі арнайы шығарып тартқан күйлерінен басқа «Қара атты мен торы атты», «Тепеңкөк», «Алшағырдың ащы күйі», «Балбырауын», «Кемпір мен қызы» дейтін күйлерді тартатын еді дейді.

Сапарғали Бегалин мақаласын Тәттімбеттің өнерпаздық болмысына ерекше тоқталып түйіндейді. Ол Тәттімбеттің ән мен күйді қадір тұтқанын, өнерге бейім жастарды баулып, ағайын-туысқа өнер үйреткенін айтады. Өмірі ұзақ болмаса да, Тәттімбет аз ғұмырында бүкіл қазақ даласына танылып, оның күйлері аңызға айналған дара тұлға ретінде халық жадында сақталды. Жазушының пікірінше, Тәттімбет жайлы қанша кітап жазылса да, оның өнері сарқылмай, әр буынға жаңа қырынан ашыла бермек.