Қазақстанның көші-қон саясатының басты бағыттарының бірі – тарихи Отанына оралған қандастарды қолдау және олардың жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасау.
Көшіп келгендер көп
5,209
оқылды

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары негізінде жалғасын тауып келе жатқан маңызды іс. Шымкент қаласында жыл басынан бері 228 отбасыдан тұратын 482 этникалық қазаққа «қандас» мәртебесі берілді.

Сондай-ақ 6 айға мәртебесін ұзартқан 17 отбасының 18 адамы бар. Осылайша, биылғы есеп бойынша қандастардың жалпы саны 500 адамға жетіп отыр. Олардың ішінде 223-і ер азамат, 259-ы әйелдер болса, 192 бала – 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Еңбекке қабілетті жастағы қандастар саны 243 адамға жеткен. Бұл – ел экономикасына үлес қосуға әлеуетті үлкен күш. Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева атап өтті. 

Қандастардың білім дең­гейіне назар аударар болсақ, олардың 62-сі жоғары білімді, 76-сы орта арнаулы, 99-ы жалпы орта білімді, ал 2 адам білімі жоқ. Бұл көрсеткіш Шымкентке қоныс аударған этникалық қазақтардың арасында білімді мамандардың жеткілікті екенін көрсетеді. Көшіп келгендердің басым бөлігі – Өзбекстан Рес­публикасынан. Атап айтқанда, 473 қандас көрші елден қоныс аударса, Қытайдан – 7 адам, Ресейден – 1 адам, Қырғызстаннан 1 адам келген. Олар негізінен құрылыс саласында, сауда-саттықта және түрлі жалдамалы жұмыстарда еңбек етуде.

«Қандастардың тұрмысқа бейімделуі мен қоғамға ық­пал­­­дасуын жүйелі жү­ргі­зу мақ­­сатында жаңаша құры­лым жасалған. Бұрынғы «Қан­­дастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» КММ мен «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ біріктіріліп, бүгінде «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және қандастарды бе­йімдеу орталығы» болып қайта құрылды. Бұл қадам қыз­меттің сапасын арттырып, қандастарға көрсетілетін кө­мектің тиімділігін күшейтті», – дейді басқарма басшысы. 

Шымкент қаласы әкімдігі­нің «Еңбек мобильдігі орта­лығына» осы уақытқа дейін 30 қандас жүгінген. Оның ішін­де 16 адам жұмыспен қам­тудың белсенді шараларына тартылған. Нақтырақ айтқанда, 10 адам бос жұмыс орындарына жолдама алса, 1 жас маман Жас­тар практикасына жолданған. 1-еуі ақылы қоғамдық жұмысқа орналасып, 4 қандас «Бастау бизнес» жобасы аясында кә­сіп­керлік негіздерін оқып шық­қан. Бұл көрсеткіш – жаңа ор­таға бейімделіп қана қоймай, қоғамға белсенді кірігіп жатқан қандастардың айқын дәлелі.

Елімізге тек қандастар ғана емес, білікті шетел мамандары да келіп еңбек етуде. 2025 жылға Шымкент қаласына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 502 бірлік квота бөлген. Оның ішінде: 1-санатқа – 34, 2-санатқа –175, 3-санатқа – 266 адам және 4-санатқа – 27 адам. Қазір 17 кәсіпорын мен ұйымдарда 126 шетелдік маман еңбек етуде. Олардың үлесі – небәрі 2,9 пайыз, ал қазақстандықтардың үлесі 97,1 пайызды құрайды. Бұл – еңбек нарығында жергілікті азаматтарға басымдық беріліп отырғанының айқын көрінісі.

Айта кету керек, шетелден тартылған мамандардың 91,2 пайызы – жоғары білікті мамандар. Ал рұқсат беру және ұзарту алымдарынан жергілікті бюджетке 35,2 млн теңге қаржы түскен. Жалпы, Шымкент қаласында көші-қон саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қандастарға жасалған қамқорлық олардың әлеуметтік бейімделуін жеңілдетіп, ең­бек­ке араласуына мүмкіндік бе­руде. Ал шетелдік жұмыс кү­шін тартудағы басты мақсат –  жергілікті мамандардың тәжірибесін жетілдіру, еңбек нарығын толықтыру. Бастысы мемлекет саясаты қандастарға қамқор болып, өз жерінде жаңа өмір бастауына жағдай жасап отыр. Бұл қадам – тарихи әділеттіліктің салтанат құруы әрі ел бірлігінің, ұлттық мүдденің айқын көрінісі.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы