– Шал-ау, ертең нағашылары келеді. Сол кезде қара қойды сойып, өңешпен жиенін қылғындыртып ырым жасатайық. Сайрап кетеді.
Бүгін демалыс. Айтқандай, келін жағынан қонақтар келді. Құда мен құдағи бар. Баланың нағашы ағасы жаңа сойған қойдың өңешін жиенінің мойнына орады. Оқыс әрекеттен сақау бала шошынып кетті.
– Шшсс, – деді тістеніп.
– Ойбай, мынау боқтайын деп жатыр ғой, – деді нағашы атасы.
– «Шал» деп қойып қалды бала.
– Әй, мына бала не дейді? «Шал» деп кімге айтып тұр? «Ата» деп айт, – деді нағашы әжесі ашуланып.
– Кет!
– Масқара, бізге кет деп жатыр ма? Қайда кетеміз?
Нағашылары біртүрлі болды. Мұны естіп баланың әкесі жетіп келді.
Ол әкиматта істейді.
– Әликонға тіл шықты ма?
– Жемқорлар...Парақорлар...
Үш жасар баласының мына айтқандарына әкесі біртүрлі болып, астыңғы ерні дірілдеді.
– Жемеңдер! – деді.
– Ойбай, көтек, нені жемеңдер дейді? Ағайын аң-таң.
– Ооотанымды, – деді балақай былдырлап.

Асбөлмеде еттің нанын илеп отырған баланың шешесі шошыды.
Ол облыстық мәслихаттың депутаты еді. Қолы дірілдеп, оқтауы жерге түсіп кетті. Бұл үйде мұндай сөздер айтылмауға тиіс.
– Бәрекелді, немеремізге тіл шықты.Тілашар тойын жасаймыз, – деп атасы мен әжесі қуанып жатыр.
– Қарақшылар...
– Мына жиен не дейді? Жетер...
Нағашы жұрты жақтырмай қалды. Жиеннің сөздерін тікелей өздеріне қабылдап қалды.
– Бұлай болғанда сөйлемегені жақсы еді, – деді шешесі.
– Шырағым, келінжан, олай айтпа, «Бала тілі – бал» деген ғой. Сақау болып жүргеннен тілі шыққаны жақсы емес пе? – деп атасы немересінің маңдайынан сүйіп алды.
Баланың тілі шыққалы әке-шешесінен маза кетті. «Шындық. Әділет. Сөз бостандығы» дей ме, әйтеуір, айтпайтыны жоқ.
Қазір үш жасар баланың сөзінен балабақшадағы тәрбиешілер де қорқып жүр екен...
Н.ЖҰБАТҚАН