Бір қарағанда, жеңіл ойын түрі көрінгенімен, ол логикалық ойлау, тапқырлық пен жылдамдықты қажет етеді. Қазақ жастары үшін интеллектуал ойындар не себептен трендке айналды? Куизға құмарлық қалай пайда болды? Жауабын білуге тырыстық.
Ирландиялық актер, театр менеджері Ричард Дэйли 1779-1780 жылдары Лондоннан Дублинге оралып, Smock Alley театрын сатып алады. Театр иесі 1791 жылы 24 сағат ішінде еш мағынасы жоқ, басқатырғыш сөз табамын деп бәс тігеді. Ричард Дублин қала көшелеріндегі бос жерге Quiz сөзін жазу үшін бір топ бала жинайды. Жұртқа бұл сөз әп-сәтте тарап кетеді, ешкім сөздің қандай мағына беретінін білмейді, бәлкім әлдебір сынақ па деп ойлайды. Алайда бұл оқиғаны растауға негіз жоқ, ел ауызында тек аңыз болып сақталған.
Quiz сөзінің шығу тегі әлі күнге дейін белгісіз, дегенмен 1791 жылдан бұрын да қолданылған болса керек. Қазір куиз ағылшын тілінен викторина, сауалдама деп аударылып жүр, ал әуел бастағы қолданыс студенттік сленгтен шыққан. Жастар мазақ ету, келеке қылу үшін осы сөзді айтатын. Роджер Виттол 1780 жылы жазған өлеңінде куиз сөзін «біртүрлі адам» деген мағынада сипаттайды. Кейіннен, XIX ғасыр ортасына қарай куиз «сынақ, емтихан» деген мағынаға ие болады.
Куиз ойын ретінде шамамен 1975 жылдары танымал бола бастаған. Мұнда қатысушылар топтасып, сұрақтарға тапқырлықпен тез әрі шапшаң жауап беруі қажет. Интеллектуал жарыстың орташа ұзақтығы 2-2,5 сағат болған, ал осы арада кемінде 35-50 сұрақ қойылады. Еуропада зияткерлік ойындар өткен ғасырда қанат жайса, көршілес Ресейде 2010 жылдың ортасынан бастап кең тараған. Бұрын ірі қалаларда ағылшын, орыс тілінде өтетін жобалар жастарды еліктіріп әкетсе, енді қазақтілді куиз ойындары да бәсеке алаңына шықты. Осы орайда «Қазақша Quiz» ойындарынан ел чемпионатын ұйымдастырушы Аршат Ораздың куиз жөнінде пікірін тыңдадық.
– Осыдан 10 жыл бұрын Астанада шағын топ болып жиналып, логикалық сұрақтарды ауызша айтып, ойнап жүрдік. Бастапқыда жай бір қызығушылық клубы сияқты еді, ойынға қатысуға ешқандай жарна жинамайтынбыз, сыйлықтар да болмайтын. Кейін орыс тіліндегі жаңа куиз форматына көше бастадық. Логикалық сұрақтар ғана емес, әртүрлі форматтағы турлар қостық. Осылай алғашқы қазақ тіліндегі куиз қалыптасты. Кейін бұл дамып, түрлі бағытқа бөлінді. Қазір еліміздің барлық қаласында үлкен куиз аудиториясы бар, – дейді А.Ораз.
Белді ұйымдастырушының айтуынша, қазір куиз ойынына жастармен қатар орта жастағы адамдар да қызыға барады. Бұл – елдегі куиз ойынының даму жолындағы айқын дәлелі.
– Астананың өзінде TezTap, Iqas, «Қазақша Quiz», BasTime, «Топжарған», MediaQuiz, «ФутКуиз» сынды түрлі форматтағы куиз жобасы бар. Әрқайсысының өз аудиториясы бар. Мысалы, біреуіне жастар барады, біреуіне орта жастағылар, біреуіне жекелей адам қатысады дегендей. Сонымен қатар тақырыптық, салалық куиздер де бар. Әркім өзінің қалағанына барады. Жалпы, бірнеше жылда жақсы куизшілер ортасы қалыптасты. Арнайы топ, арна, парақшалар да бар. Куизсүйерлер ақпарды содан қарап, уақыты мен қызығушылығына қарай бара алады, – дейді креатив ойлы ұйымдастырушы.
Расымен де, елде тақырыптық куиздар да қарқынды өтіп жатыр. Айта кетерлігі, тамыз айында, Абай тойы қарсаңында «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өткен еді. Ақыл-ой додасына елдің 10 өңірінен 180 команда, 1000-нан аса ойыншы қатысқан.
Елімізде куиз өткізу алғашында қызығушылықтан туса, кейін шығармашылық үлкен табысқа жетеледі. А.Ораз куиз ұйымдастырушыға да, ойыншы мен кәсіпкерлерге де керемет мүмкіндік сыйлайтынын айтады.
– Куиз – ең алдымен ойыншы үшін демалыс түрі. Кино мен театрға барғандай кіру жарнасын төлеп қатысады. Ұйымдастырушы үшін табыс түрі деуге болады. Тұрақты өтетін куиздерден жақсы қаржы табуға болады. Басқа қалаларға франшиза беру тәжірибесі бар, яғни басқа ұйымдастырушылар өздері сұрақ дайындамай, дайын сұрақ пакетін, қосымша атрибуттарын сатып ала алады. Жалпы, басқа елдерде де жүйе осылай. Одан бөлек, сыйлықтарын ұсынып, демеуші болатын, қосымша жарнама беретін кәсіпкерлер де жеткілікті, – дейді А.Ораз.
Қазір жекелеген куиз жобаларының басы бірігіп, қауымдастық құрылып жатқаны да мүмкіндіктерді кеңейті. Ойындарды қаржыландырудың түрлі балама жолы дамып жатқанын «Қазақстанның Зияткерлік сайыстар қауымдастығының» президенті Нұрлан Азаматов та айта өтті.
– Бұл қауымдастықты 2024 жылдың басында «Қазақша Quiz» жобасының негізінде құрдық. Ойын өткізіп қоймай, интеллектуал қозғалысты жүйелі дамытуға кірісіп кеттік. Әр аймақтағы ұйымдастырушыларды, куиз жетекшілерін біріктіріп, заңды түрде ресми ұйым жасадық. Бүгінде қауымдастықтың мүшелері еліміздің әр өңірінде ойын өткізіп, зияткерлік орта қалыптастырып жатыр, – дейді Н.Азаматов.
«Қазақстанның Зияткерлік сайыстар қауымдастығы» республика көлемінде іс-шаралар өткізіп жүр. Биыл куизден ел чемпионаты ұйымдастырылып, еліміздің Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Қостанай, Қызылорда, Семей, Орал, Өскемен және Ақтөбе қалаларында бір мезетте іріктеу ойыны өтті. Жалпы ойынға 176 команда, 1 000-нан аса ойыншы қатысқан. Финалдық бәсекеде 37 команда сынға түскен.
Қауымдастық президентінің айтуынша, ұйымның артықшылығы мол. Ұйымның заңды мәртебесі болғандықтан, мемлекеттік органдармен, демеушілермен, білім беру ұйымдарымен ресми әріптестік орнатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, әр аймақтағы куиз жобалары өзара тәжірибе алмасып, бірыңғай стандарт қалыптастырады. Үшінші артықшылығы – қазақ тіліндегі интеллектуал ойындарды дамытуға нақты ресурс пен мүмкіндік. Қауымдастық арқылы жаңа форматтар, ұлттық мазмұндағы сұрақтар мен жобаларды сапалы тұрғыдан іске асырамыз дейді. Қауымдастықтың тағы бір мүмкіндігі, бұл «Қазақша Quiz»-дің ұйымы емес. Қазақстанда интеллектуал ойындар өткізетін кез келген жоба немесе жеке тұлға ұйымға мүше бола алады. Ұйымның басты мақсаты – сапалы контент, әділ бәсеке және қазақ тілінің дамуына үлес қосу.
– Интеллектуал ойындар – тек көңіл көтеру емес, аудиториямен тікелей байланыс құратын алаң. Кәсіпкерлер үшін бұл – брендингін көрсетуге, жаңа клиенттермен танысуға, сенімді аудитория жинауға үлкен мүмкіндік. Себебі куиз ойынына келген адамдар – белсенді, білімді, ізденімпаз жастар мен кәсіби мамандар, яғни бұл аудитория кез келген компания үшін ең құнды сегменттің бірі. Болашақта кәсіпкерлердің қызығушылығы арта түседі. Интеллектуал ойындар – ұзақмерзімді тренд. Ол тек бизнес пен клиент арасындағы көпір емес, қоғамға пайдалы әлеуметтік жоба, – дейді Н.Азаматов.
Шынында да, куиз ойындары ірі қалалар түгілі, ауыл-аудан ішінде қолдау тауып жатыр. Мысалы, шығыс өңірінде кәсіпкерлер мен қатысушылар бір-бірін қолдап, куиз ойыны халықтық сипатқа айналып үлгерген. Елдің шығысында «Қазақша QUIZ» ұйымдастырып жүрген Дарын Нұрсапар да жеке тәжірибесін алға тартты.
– Карантин кезінде сәл үзіліс болды, бірақ қалған уақыттың бәрінде апта сайын тұрақты ұйымдастырып келеміз. Ойынға адам көп келеді. Мұнда қазақтілді бизнес өкілдері, кәсіпкерлер, паблик жүргізушілер жиналады. Қатысушылар арасында кітап шығаратындар, мәдени іс-шаралар ұйымдастыратындар да бар. Бірі жаңа әнінің тұсауын кеседі, бірі кітап талқылайды, бәрі де осы алаңда біте қайнасып кетті. Bizdin_oskemen дейтін 100 мыңнан астам жазылушысы бар паблигіміз бар, сонда да еңбекқор жастарымызды насихаттап отырамыз, – дейді ұйымдастырушы.
Оның сөзінше, куиз жастар үшін тек ойын емес, танысу, араласу ортасына айналған. Қыз-жігіттер осы жерде танысып, тіпті достығы махаббатқа ұласып, отау құрып жатқандар бар.
– Бұрын да осындай жағдайлар болып тұратын, бірақ биылғы оқиға ерекше болып жатыр. Былтырғы маусымда ойнап жүрген команда жастары арасынан тамызда 3 жұп шаңырақ көтерді. Ойыншылардың бәрі фаворит командалардан шыққан. Бәрі – ел чемпионатында жүлделі орын алған команда жастары, – дейді Д.Нұрсапар.
Куиз біреуге демалыс болса, енді біреуге ой жарысына, ми жаттықтыру алаңына айналған. Әркім өзіне керегін осы ортадан табады. Мысалы, «Қазақ аруы – 2021» байқауының жеңімпазы Аружан Аманжолова куиз ойынын қиын сәтте көңілін алдап, жанына қуаныш сыйлаған жоба деп санайды.
– Бір қиындыққа тап болғанымда, өзіме жаңа бір ермек табуды қаладым. Әлеуметтік желіден түрлі жобаны көріп, зерттеп жүрдім, алайда бір де біреуіне баруға жолым түспеді. Бір күні TezTAP ойыны жайында жарнама көріп қалдым да, бірден қатысамын деп тіркеліп алдым. Қатысу ережесі туралы да сұрамадым, еш ойланбастан қатысып кеттім. Алдымен бір-бірін танымайтын, жан-жақтан жиналған қатысушылар топтасып ойнайды екен. Әрине, алғашында тереңірек түсіне алмадым, дегенмен санамда бір сілкініс пайда болды. Ойын арқылы біраз нәрсе үйрендім. Әр қатысқан сайын білім мен ақылдан бөлек, ұжыммен бірлесе жұмыс істеу керегін түсіндім, – дейді А.Аманжолова.
Аружан бұдан кейін куиз ойындарына ұдайы қатысатын болған. Ойын кезінде жаңа достар, таныстар тауып, бір-бірін бұрыннан білетіндей, етене араласып кеткенін айтады. Тіпті, Астанаға келген қонақтар мен туыс-туғанын да куиз алаңына ойланбастан апарады.
Куизға жас ұстаздар да ерекше қызығушылық танытып жүр. Биология пәнінің мұғалімі Қызайым Құлтасқызы куизға үзбей қатысып жүргеніне жақында 3 жыл болатынын айтады.
– Өз әріптестерімді де, қаламыздағы басқа білім беру мекемелерінің де жас ұстаздарын IQas куиз ойындарынан жиі байқаймын. Ұстаз болсам да, «білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз» деп, куиз арқылы жаңа білімді ойын арқылы жылдам үйреніп алғымыз келеді. Пәніме қатысы бар ғылым салаларынан да, гуманитарлық пәндерден де білімімді толықтырып келемін. Бұл ойын дүниетанымымды жан-жақты кеңейтуге әсер берді. Ойында жеңіске жетпесем де, кем дегенде жаңадан бір нәрсе үйренуге асығамын. Куиз менің құмарлығыма айналғандай. Жаңашылдыққа ұмтылу мен ойынның қызықты форматы ұштасқанда, мен үшін көңіл көтерудің ерекше үйлесімі туды, – дейді жас ұстаз.
Не дегенмен, әркімнің-ақ куизға бар таласы. Шағын кәсіп болғанымен, алда куиз индустриясының қазақ жұртына берері мол екеніне көз жеткіздік.
Айсұлу СЪЕЗХАН