26 жастағы күдікті марқұмның қарындасымен таныс болған.
«Аружан ақ орамалын тағып, үйіме қонып жүрді»: Талғарда кісі өлтірген күдіктінің анасы тың деректерді бөлісті
1,004
оқылды

Жақында Талғарда 2 жасар баланы ұрлап, ер адамды өлтірді деген күдікті ұсталған болатын. Осыған байланысты күдіктінің анасы желіге видео жариялап, баласының бұл әрекетіне марқұмның қарындасын кінәлады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

26 жастағы күдікті марқұмның қарындасымен таныс болған. Жарты жылдай жақын араласқаны бар. Ол бір ай бойы жәбірленушілерді қорқытып келген әрі сол күні де марқұмның қарындасын іздеген. 

«Мен – Еламан Айганизовтың анасымын. Менің ұлым қолымен істегенді мойнымен көтереді. Ел алдында, Алла алдында өз жазасын өтейді. Беттен алып, төстен шауып жатқан адамдардың ешқайсысы бұл жігіт неге олай істеді деп сұрап отырған жоқ. Менің балам өзімен-өзі мылтықты алып жүгіріп кетпейді.

Жазбаған журналисім жоқ. Мені ешкім тыңдамай отыр. Шу шығарып отырған Аружаннан сұраңыз, не үшін менің балам қонына мылтық алып үйіне барғанын. Аружан үйіме келіп, адал асымды ішіп, ақ орамалымды тағып, қонып жүрген қыз. Еламанды мылтық алып бұндай күйге қалай жеткізгендеріңді айт. Шындықты айт, болмаса мен өзім айтамын», – деп мәлімдеді күдіктінің анасы.

Марқұм Ернар Тұрғанбек қанды оқиға болмас бұрын әйелімен базарға баруды жоспарлаған. Бірақ досымен дүкенге кеткен сәттен кейін оралмапты. Оларды орта жолда белгісіз 3 адам тоқтатып, соның бірі сөзге келместен марқұмның жүрек тұсынан 2 рет оқ атады. 30 жастағы ер адам оқиға орнында тіл тартпастан, бақилық болған. Жәбірленуші күдіктінің екі сыбайласын ертіп, марқұмның үйіне кіргенін еске алады.