Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті.
«Барлық реформаның өзегі – адам»: Мәжіліс Жолдаудағы бастамаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етеді
340
оқылды

Онда депутаттар Қазақстаннан келген жұмысшыларды Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді және дамушы елдерді ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялады.

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Мем­лекет басшысының осы дүйсенбіде жариялаған Жолдауының ел дамуындағы ерекше рөліне назар аударды.

– Жалпы, бұл жолғы Жолдау Пре­зи­ден­тіміздің «барлық реформаның өзегі – адам» деген басты қағидатты үздіксіз ұста­нып келе жатқанын тағы да дәлелдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды баста­ма­лар көтерді. Алдағы жұмыстың аясын ай­қындап, нақты мерзімін белгілеп бер­ді. Біздің ендігі міндетіміз – Үкіметпен, аза­маттық қоғаммен бірге тығыз әрекет ете отырып, Жолдаудағы барлық бас­та­ма­ны жедел түрде заңнамалық тұрғыда қам­тамасыз ету, – деді Мәжіліс Төрағасы. 

Осы орайда Ерлан Қошанов Пар­ла­мент жұмысындағы бірнеше негізгі ба­ғыт­қа тоқталды. Олардың қатарында Циф­рлық кодекс пен жасанды интеллект ту­ралы заңды қабылдау, банк саласындағы заң­наманы жаңарту, инновациялық Alatau City қаласын дамытудың құқықтық негізін қалыптастыру және басқа да заң жобалары бар. Сонымен қатар Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру әр де­путаттың, әр фракцияның қажырлы ең­бегі мен белсенді жұмысын қажет ете­ті­нін баса атап өтті. 

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы ұсын­ған партиялық тізім бойынша құры­ла­тын бір палаталы жүйеге көшу туралы ау­қымды парламенттік реформаға да же­ке тоқталды.

– Кешегі Жолдауында Президент ке­­­лешектегі бір палаталы Парламентті пар­тиялық тізіммен жасақтауды ұсынды. Бұл партиялардың рөлін де, беделін де арт­тыра түседі. Биліктің мызғымас инс­ти­ту­ты ретінде қалыптастырады. Бел­сен­ді аза­­маттар өз ұстанымы мен көз­қара­сына сай келетін партияға мүше болу ар­қылы Пар­ламентке келіп, елдің тағ­ды­рына ара­ласа алады. Мұндай жүйе әлем­дік тә­жі­ри­беде кеңінен тараған. Сон­дық­тан барлық фрак­цияны, депутаттарды осы жүйелі әрі прогрессивті реформаны қол­дауға ша­қырамын, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Бұл ретте Палата спикері мемлеке­ті­міз­дің болашағына қатысты тағ­ды­р­шеш­ті мәселенің бәрі халықтың талқысына са­лынатынын айтты. «Шешім қабылдау­ды халықтың өзіне беру – Президентке тән ашық басқару стилі» екенін атап өтті. 

Жалпы, отырыс барысында мә­жі­ліс­мен­дер 2024 жылғы 14 ақпанда Доха қа­ласында жасалған Қазақстан мен Қа­тар үкіметтері арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарда жұмысқа ор­наластыруды реттеу жөніндегі келі­сім­ді ратификациялады. Құжатты де­пу­тат­тарға Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Светлана Жақыпова та­ныстырды. 

Келісім Қазақстан азаматтарына Қа­тарда ресми түрде жұмысқа орналасуға жол ашады және олардың құқықтарының қорғалуына кепілдік береді. Оның ая­сын­да қатарлық жұмыс берушілер қа­зақстандықтарға бару-қайту рейстерімен, жай­лы баспанамен, жұмыс орнына тасы­мал­дау, кемінде үш апталық жыл сайынғы ақылы еңбек демалысымен және басқа да шарттармен қамтамасыз етуге міндетті. 

– Біз көптеген қазақстандық жақсы өмір іздеп шетелге жұмысқа кететінін бі­леміз, бірақ көбіне қиындықтарға тап бо­лады. Бұл құжат осындай тәуекелдерді жою­дың маңызды қадамы. Келісімді іске асыру еңбек көші-қоны институтына де­ген сенімді арттырады, Қатармен екі­жақ­ты қатынасты күшейтеді және мем­лекетіміз үшін жаңа экономикалық мүм­кіндіктер туғызады деп сенемін, – деді жұмыс тобының жетекшісі Асылбек Нұралин.

Мәжіліс дамушы елдерді ерекше ес­кере отырып, ең төмен жалақыны бел­гі­леу туралы конвенцияны (№131 кон­вен­ция) ратификациялады. Оның негізгі ере­желерімен депутаттарды Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Свет­лана Жақыпова таныстырды.

Жұмыс тобының жетекшісі Ардақ Назаров №131 Конвенцияны ратифи­ка­ция­лау Қазақстанның ең төменгі жала­қы­ны айқындайтын қолданыстағы тәсіл­де­рін халықаралық деңгейде бекітуге мүм­кіндік беретінін айтты. Сондай-ақ Қа­зақстанның осы саладағы халықаралық стан­дарттарды сақтау және енгізу жө­нін­де­гі міндеттемесін растайды.

Талқылау барысында депутаттар баян­дамашы мен жауапты мемлекеттік ор­гандардың өкілдеріне ең төменгі жала­қы­ны ұлғайту, ең төменгі жалақыны са­ға­тына төлеуге көшу мүмкіндігі, Үкі­мет­тің ішкі жалпы өнім құрылымындағы жа­лақының үлесін арттыру жоспарлары, конвенцияда қарастырылған мүгедектігі бар адамдарға қатысты кемсітушілікке жол бермеу тетіктері, Халықаралық ең­бек ұйымы ережелерін сақтамаған жағ­дай­дағы санкциялар және басқаларға қа­тысты сұрақтарын қойды.

Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері бір­қатар жаңа заң жобасын жұмысқа қа­былдады. Олардың қатарында Қазақ­стан­дағы банктер және банк қызметі ту­ралы заң жобасы мен оған қаржы на­рығын реттеу және дамыту мәселелері бойын­ша ілеспе түзетулер, сондай-ақ Қа­зақстан мен Перу арасындағы ұстап беру туралы, сотталған адамдарды беру ту­ралы және қылмыстық істер бойынша өза­ра құқықтық көмек туралы шартты ра­тификациялау жобасы, жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану тура­лы Азия-Тынық мұхиты өңірлік кон­вен­ция­сын, 1992 жылғы Шекарааралық су ар­налары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі кон­вен­цияға Су және денсаулық пробле­ма­лары туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Жалпы, отырыс соңында мәжіліс­мен­дер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойын­ша 21 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен теле­г­рам арнасында жарияланды.