Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы – Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басуының айқын белгісі.
Бибигүл Жексенбай, Сенат депутаты: Жаңа бастамаға сенім мол
452
оқылды

Жасанды интеллект – бүгінде тек ІТ саласы емес, экономиканың барлық секторын өзгертетін әмбебап құралға айналып отыр. АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ мемле­кеттері – ЖИ-ды ұлттық стратегиялық басымдық ретінде қарастырып, оған триллиондаған инвестиция құюда. 

Бірақ жасанды интеллект – тек мүмкіндік емес, сонымен бірге үлкен сын-қатерлердің көзі. Бүгінде ЖИ негізінде аса қауіпті қарулар, кибершабуыл құралдары әзірленіп жатқанын жасыра алмаймыз. Демек, біз бұл технология­ға тек экономикалық тұрғыдан емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да мән беруіміз қажет.

Заман талабы күннен-күнге көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Мемлекет басшысы айтқандай, ілесе алмасақ, көш соңында қалу қаупі де жоқ емес. Яғни, экономикамыз үшін  өндірісті автоматтандыру, жаңа жұмыс орындарын құру, өнімділікті арттыруға жаңа технологиялық мүмкіндіктер жол ашатыны даусыз. 

Ал әлеуметтік саладағы сан алуан мәселелерді де дер кезінде шешу үшін  білім, медицина, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеруге жасанды интеллект пен цифрландыру әлеуеті зор.  

Алайда қауіпсіздік үшін – ЖИ-ды бақылаусыз қолдану тәуекелдеріне қарсы ұлттық заңнаманы жетілдіру, этикалық стандарттарды енгізу міндеті тұр. Бұл – тек Қазақстан емес, көптеген ел алдындағы үлкен міндет. Тіпті, парламентаралық келісіммен бірге қарайтын, ЖИ бойынша қабылдайтын заңдар болуы керек. 

Осы тұрғыдан алғанда, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы – тек мемлекеттік аппараттағы өзгеріс емес, елдің болашағына бағытталған стратегиялық шешім.

Қысқасы, жасанды интеллектке баса мән беру заман талабы. Бірақ ол тек мүмкіндік көзі емес, сондай-ақ жауапкершілікті қажет ететін сын-қатерлер алаңы.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Экономикамызды жаңа деңгейге көтеру үшін ең алдымен адами капиталдың сапасына баса назар аударуымыз қажет. Жоғары білімді мамандарды елде ұстап қалу – стратегиялық міндет», – деді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы соңғы жылдары оң серпінге ие болды. Елде жаңа өндірістер ашылып, өңдеу өнеркәсібіне, IT саласына, агроинновацияға инвестициялар тартылуда. 2023-2024 жылдары негізгі капиталға салынған инвестициялар 40 млрд АҚШ долларынан асып, экономикалық өсім қарқыны Орталық Азия бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің біріне жетті.

Алайда бұл өсімнің тұрақтылығы білікті кадрлар тапшылығына тікелей байланысты. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан жыл сайын шамамен 100 мыңға жуық техникалық және инженерлік бағыттағы мамандарға зәру. Жоғары жалақы мен әлеуметтік кепілдік ұсынған шетелдік еңбек нарығы дарынды жастарды қызықтырып, «ми ағымын» күшейтуде.

Неге бұл маңызды десек, ең бірінші кезекте, технологиялық серпіліс үшін  жасанды интеллект, цифрландыру, жасыл энергетика, биотехнология салалары жоғары кәсіби мамандарсыз дамымайды.

Екіншіден, еңбек өнімділігі үшін  Қазақстанда еңбек өнімділігі дамыған елдерден 2-3 есе төмен. Мұны арттырудың басты құралы – білімді кадрлар.

Үшіншіден, ұлттық қауіпсіздік үшін  мықты мамандар шетелге кетсе, елдің стратегиялық салалары сыртқы тәуелділікке тап болуы мүмкін.

Соңғы жылдардағы оң қадамдар туралы да айтқанымыз жөн. «Болашақ» бағдарламасының жаңартылған форматы – жас мамандарды нақты салаларға дайындау бағыты күшейтілді. ЖОО-ларды академиялық дербестікке көшіру – университеттер еңбек нарығының сұранысына сәйкес бағдарламалар әзірлей бастады. IT мамандарды даярлау – Astana Hub, халықаралық технопарктер арқылы 20 мыңнан астам маман қысқа мерзімде оқытылды. Жалақы өсімі  білім беру, денсаулық сақтау салаларында орташа жалақы 1,5 есеге артты.

Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, мәселен, Оңтүстік Корея 19 60 жылдары индустрияландыруды бастау үшін шетелден инженерлерді шақырып, бір мезгілде өз жастарын АҚШ пен Жапонияға жіберіп оқытты. Бүгінде 80%-дан астам жоғары білімді жастар ел ішінде жұмыс істейді. Ал өзіміз аузымыздан тастамайтын Син­гапур – әлемдік компаниялардан маман тартумен қатар, жастарды тар­ту үшін еңбекақыны нарықтық дең­гейден жоғары ұстады. Бұл елді Оңтүстік-Шығыс Азиядағы «мидың маг­нитіне» айналдырды. Израиль де «қай­та оралған ми» бағдарламасын іске қосып, шетелде жұмыс істеген ғалым­дар мен инженерлерге жеңілдіктер мен гранттар берді.

Сондықтан ел Президенті айтқан тапсырманың ойдағыдай іске асуы үшін ең бірінші  бұл саладағы жалақыны бәсекеге қабілетті ету керек деп ойлаймын. Білікті кадрлар үшін мемлекеттік және жекеменшік секторда орташа еңбекақы әлемдік стандартқа жақын болуы тиіс. Екіншіден, шетелдік мамандарды тарту да қажеттігін ұмытпау керек. Бұл уақытша қадам болуы мүмкін, бірақ нақты технологиялық жобалар үшін  тәжірибе алмасу мақсатында маңыздылығы зор. Үшіншіден, ғылым мен бизнесті байланыстыру  уақыт күттірмейтін міндет. Университеттер зерттеу орталықтары арқылы өндіріс тапсырысына тікелей жұмыс істеуі керек. Бұл бағыттағы жұмыс қазір қолға алынып жатыр. Бірақ баяу.  Төртіншіден, шетелдегі қандастарымыз бен кезіндегі қазақстандық азаматтардың әлеуетін пайдалануға Мемлекет басшысы назар аударды. Яғни, шетелде оқып, тәжірибе жинаған қазақстандық мамандарды елге тарту үшін ынталандыру жүйесін дамыту қажет. 

Президент Жолдауында айтылғандай, «Жоғары білімді мамандарды елде ұстап қалу – экономиканы жаңғыртудың басты шарты». Егер біз бәсекеге қабілетті еңбек нарығын қалыптастырсақ, Қазақстан тек кадрлық тапшылықты жойып қана қоймай, әлемнің ең мықты мамандарын өзіне тарта алатын орталыққа айналады.

Ел Президенті өз Жолдауында «Қоғамдық сұраныс пен саяси жүйенің эволюциясына сәйкес, біз алдағы уақытта бір палаталы Парламент құру мәселесін талқылауға шығарамыз. Бұл – Қазақстандағы демократиялық дамудың жаңа кезеңі» деді. Шынымен де, Президент ұсынған бастама – Қазақстан демократиясының эволюциясы. Бұл өзгеріс елдің саяси жүйесін жеңілдетіп қана қоймай, Парламенттің халықпен байланысын күшейтеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қос палаталы Парламент үлгісін таңдады. Бұл модель елдегі саяси тұрақтылық пен аймақтардың мүддесін ескеруге мүмкіндік берді. Сенат пен Мәжіліс арасындағы теңгерім заң шығару процесін жүйеледі, бірақ кей жағдайда шешім қабылдау мерзімін ұзартатыны байқалатыны айтылып жүрді. Енді халықтың талқысына Референдум арқылы ұсынылады. Бұл да «халық үніне құлақ асатын билік» қағидатына сай жүргізіліп отыр.

Президенттің бастамасы – саяси жүйені ықшамдау, халыққа жақындату және тиімділікті арттыру қадамы. Егер бір палаталы модельге көшу жүзеге асса, заңнамалық процестер жеңілдеп, Парламенттің халық алдындағы есептілігі күшейе түспек. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ең бастысы – Парламенттің қанша палатасы бар екені емес, оның халықтың сеніміне ие болуы, ашық жұмыс істеуі және жауапкершілігі деп ойлаймын. Сондықтан жаңа бастама Қазақстанның болашағына оң әсер ететініне сенім зор.