Жинақ Астраханда басылып шыққан екен.
1816 жылы нотаға жазылған қазақ әні жайлы не білесіз?
Суретті жасанды интеллект мақаланың негізінде жасады
1,987
оқылды

Бүгінде тарихымызды тану үшін біз өткеннің деректеріне жүгінеміз. Әр салада ол деректер әрқалай көрініс тапса, біз үшін ең қызықтысы,  музыка жайлы мәліметтер. Қазақ музыкасына қатысты алғашқы жазбаларда ән мен күй туралы деректер сақталып қалғаны белгілі.

Осыдан біраз уақыт бұрын Ахмет Жұбановтың «Ән-күй сапары» атты еңбегін парақтап отырып, ерекше бір дерекке көзім түсті. А.Жұбанов қазақ әнінің нотасы алғаш рет 1816 жылы жарияланғанын айтады. Бұл уақыт Құрманғазы дүниеге келмей тұрған кезең (Құрманғазы 1823 жылы туған). Демек, қазақ әні кәсіби ноталық жазбаға Құрманғазыға дейін-ақ түскен екен. Осы дерек бізді қазақ музыкасының тарихын жаңа қырынан қарастыруға итермелейді. Алдымен сол Ахаңның  жазбасына назар аударайық

А. Алекторов, А. Ивановский, Г.Потанин, А.Эйхгорн, тағы басқалары қазақ халқының әні, күйі, музыка аспаптары және музыка шеберлері жөнінде аса бағалы деректер қалдырды. Кейбіреулері тек баяндап қоймай, әндердің, күйлердің ноталарын келтірді. Мысалы, 1816 жылы «Азиялық жинақ» аталатын журналда бірінші рет қазақтың әндері басылып шықты, – деп жазады Ахмет Қуанұлы.

Кейін осы аталған жинақты арнайы іздей бастадық. Бағымызға орай, ол дерек табылып, сол алғашқы жазылған нотамен танысуға мүмкіндік туды. Бұл қазақ музыкасының тарихындағы аса маңызды құбылыс. Себебі, біріншіден, ол біздің дәстүрлі әніміздің еуропалық жазба жүйесіне алғаш түскен сәтін көрсетсе, екіншіден, сол кездегі қазақ өнерінің қаншалықты бағаланғанын дәлелдейді.

Алдымен сол журнал жайлы жазып кетсек. 1816 жылы Астраханда жарық көрген «Азиатский музыкальный журнал» Ресейдегі бірқатар жаңа бастамалардың алғашқысы  болды. Ол:

  • Петербор мен Мәскеуден тыс, орталықтан шалғайда шыққан алғашқы музыкалық журнал;

  • Орта Азия мен Кавказ халықтарының музыкалық фольклор үлгілері алғаш рет нотамен жарияланған басылым;

  • Ресейде алғаш рет ноталар литография әдісімен басылып шыққан журнал болды.

Журналды скрипкашы, дирижёр әрі педагог Иван Викентьевич Добровольский (шамамен 1780/90-1851) шығарды. Ол 1806 жылдан бастап Астраханда тұрып, гимназияда музыкадан сабақ беріп, оркестр ұйымдастырған, кейін қаладағы мәдени өмірдің белсенді қайраткеріне айналды.

Журналдың сегіз нөмірінде Добровольский жазып алған түрлі халықтардың әндері мен би әуендері жарияланды. Олардың ішінде «грузин, татар, персид, армян, қалмақ, хивин, бұхарлықтар, шеркес, кабардин, горский, қазақ, шешен, казак, ноғай, лезгин, трухмен» секілді  халықтардың үлгілері бар. Мелодиялар фортепианоға немесе ән айтуға лайықталып өңделгенімен, халықтық лад пен ырғақтық ерекшеліктер сақталуға тырысқан.

Журналдың өзі XIX ғасырдың ортасында-ақ сирек кездесетін библиографиялық жәдігерге айналды. Әр нөмірінің көлемі 21×25 см болып, 8-12 беттен тұрған. Бүгінде оның толық нұсқасы Ресей Ұлттық кітапханасында сақтаулы екен.

Енді журналда жарияланған нотаға назар аударайық. Басылымда ол «Қырғыз әні» деп берілген. Ол дәуірде қазақтарды «қырғыз» деп атау қалыпты жағдай болғанын ескерсек, бұған арнайы түсініктеме берудің өзі артық болар. Әнді Астрахандағы қазақтардың бірінен жазып алынған деп болжауға толық негіз бар.

Мелодияның кіріспесі халыққа кеңінен танымал «Жар-жар» әнін еске салады. Жалпы құрылымына үңілсек, қазақ әндеріне тән иірімдер мен әуендік өрнектер айқын аңғарылады. Сонымен қатар нота фортепианоға лайықталып ұсынылған, бұл  сол кездегі еуропалық музыкалық дәстүрге бейімдеу әрекеті болса керек.

Төменде осы әннің әуендік үлгісін ұсынамыз.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.