Астанада дәстүрлі күзгі экологиялық айлық басталды.
«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының мүшелері елордада жүзден астам ағаш екті
1,048
оқылды

Үй шаруасына үйренген нәзік қолдар бұл жолы тырма мен күрек ұстады. «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты Астанада күзгі экологиялық айлықты бастау үшін Тұран даңғылының бойына барды. Мұнда белсенділер Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында терек пен қарағаштың 110 көшетін екті.

Әйелдер қанатының мүшелерімен бірге акцияға Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, елордадағы мәслихат өкілдері, қоғам қайраткерлері, «Жастар рухының» белсенділері және қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын астаналықтар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар Астана қаласын көгалдандыруға ғана емес, сонымен қатар азаматтар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыруға да ықпал етеді.

«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының төрағасы, партия Хатшысы Шолпан Каринова қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылатын жұмыс партия қызметінде ерекше орын алатынын және Мемлекет басшысы айқындаған міндеттермен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың және тазалық пен тәртіп орнату үшін жалпыұлттық қозғалысты дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Осы орайда, «AMANAT» партиясы апта сайын ел аумағында мыңдаған азаматты ұйыстыратын «Таза бейсенбі» ауқымды акциясын өткізеді. Экология мәселесі сенбіліктер мен ағаш егуден бастап, Парламенттегі заңнамалық бастамаларға дейінгі күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналғанын көріп отырмыз. Біз үшін бұл бір реттік іс-шара емес, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағына негізделген жүйелі жұмыс», – деді ол.

Партия Хатшысы мұндай іс-шаралар адамдардың дүниетанымын өзгертуге, табиғатты құрметтеуге және тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Осылайша, қоғамда экологиялық ойлау қабілеті қалыптасады. Ел Президенті бұл туралы үнемі айтып келеді.

Республикалық «Әділет» мектепке дейінгі және орта білім беру Қауымдастығының төрағасы, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының мүшесі Динара Құдайқұлова акцияның тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгін тек елорданың ажарын арттыру үшін ғана ағаш егіп жатқан жоқпыз. Бұл – біздің балаларымызға арналған жолдау: әр азамат өзі өмір сүріп жатқан ортаға қамқорлық жасауы керек. Экологиялық тәрбие осындай қарапайым әрі ұғынықты қадамдардан басталады. Бірнеше жылдан кейін бұл көшеттер еліміздің болашағына деген ортақ қамқорлығымыздың жарқын үлгісіне айналарына сенімдімін», – деді ол.

Астанада экологиялық айлық қазан айының ортасына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында тек «Нұра» ауданында 4 мыңнан астам ағаш егу жоспарлануда. Ұйымдастырушылар Астананың барша тұрғынын аталған акцияға қатысып, жасыл әрі таза Қазақстанды құруға үлес қосуға шақырады.

Еске сала кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы қолға алынғалы бері 1000-нан астам ластанған аумақ тазартылып, абаттандырылды. Өзен, көл жағалауларында санитарлық жұмыс жүргізілді. 100-ден астам су нысаны, соның ішінде Каспий теңізі жағалауы, Балқаш пен Зеренді көлдері, Кеңгір су қоймасы, Ертіс, Нұра, Есіл, Талас өзендері және өзге де су айдындары қамтылды. Жалпы акцияға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.