Қазақстанда банк лицензиясының екі түрін енгізу ұсынылды.
Қазақстанда банктерді лицензиялау тәртібі өзгеруі мүмкін
www.istockphoto.com
672
оқылды

Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті. Жаңа заң жобасында елімізде банктерге базалық және әмбебап лицензия берудің жаңа тәртібі ұсынылып отыр. Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Агенттік басшысының айтуынша, заң жобасы қаржы нарығында әртүрлі ауқымдағы банктердің жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, саланың тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

– Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, банк қызметін лицензиялау барысында түрлі тәсілдер қолданады. Мәселен, Ресей, Литва, Сингапур мен АҚШ-та шағын банктер үшін арнайы базалық лицензия қарастырылған. Ал Еуроодақ, Ұлыбритания, Жапония және Швейцарияда біртұтас лицензия аясында әртүрлі деңгейдегі талаптар енгізілген, – дейді Әбілқасымова.

Осы үлгілерге сүйене отырып, Қазақстанда да банк лицензиясының екі түрін енгізу ұсынылды. Базалық лицензия – қарапайым әрі шектеулі операциялармен айналысатын банктерге арналса, әмбебап лицензия барлық қаржылық қызмет түрлерін қамтиды.

Жаңа жүйе аясында базалық лицензия алатын банктерге бірқатар шектеу қойылады. Атап айтқанда, олардың активтері 500 миллиард теңгеден аспауы тиіс, ал меншік капиталының ең төменгі шегі – 10 миллиард теңге. Сонымен қатар мұндай банктерге аффилирленген тұлғалар мен шетелдік резиденттерге несие беруге тыйым салынады.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл шаралар шағын банктердің қаржылық тұрақтылығын сақтап, тәуекелдерді төмендетуге көмектеседі.

Сондай-ақ  базалық лицензия иелеріне арналған бақылау-есеп беру процесі де жеңілдетілмек. Яғни, жыл сайынғы тексеру рәсімдері оңтайландырылып, есеп тапсыру мен тексеріс жиілігі қысқарады.