«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдас­тыруымен «Құқықтық көмек» жобасы аясында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті.
Қоғамдық  қабылдау өтті
2,955
оқылды

Іс-шараға «AMANAT» партиясы рес­публикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанттары Сағындық Жылқыбаев пен Әсел Қожахметова, сондай-ақ қала және аудан әкімдігінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен кәсіби заңгерлер қатысты. Олар азамат­тардың жеке өтініші мен арыз-шағым­ын тыңдап, тиісті шешім қабылдауға ат­салысты.

Қабылдауда тұрғындар негізінен жол­ды жөндеу, аумақты жарықтандыру, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және балалар ойын алаңшасын салу мәселесін көтерді.

Қала тұрғыны Сәбит Бейсенбаев ба­лаларға арналған ойын алаңының ескі элементтері қауіп төндіріп отырғанын айтып, жаңарту қажетін жеткізді.

«Балаларға арналған ойын алаңын жаңартып берсе деген ұсыныспен келдім. Ескі ойын элементтері балаларға айтар­лық­тай қауіп төндіреді. Осындай қауіп­тің алдын алса екен деп өтінішімді жеткіз­дім», – деді ол.

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Абзал Зейнетаев тұрғынның өтініші назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

«Ауланы абаттандыру, балалар ала­ңын салу және жаңарту жұмысы қала аумағында кезең-кезеңімен тұрақты түрде жүргізіліп келе жатыр. Бұл мәселе де арнайы хаттамаға енгізіліп, тиісті ме­ке­ме­ге жолданады. Қадағалауға алы­нып, алдағы уақытта шешімін табады», – деді депутат.

Қабылдау барысында айтылған ұсыныстың бірқатары сол мезетте шешімін тапса, кейбір мәселелер зерделеуді қажет ететіндіктен, арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.

Тұрғындардың әлеуметтік және тұрмыстық түйткілдерін шешуге бағытталған «Құқықтық көмек» жобасы тұрақты түрде жалғасын тауып келеді. Жыл басынан бері қала аумағында 253 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 1 997 азаматтың өтініші қаралған. Соның 71 пайызы оң шешімін тауып, қал­ғанына заң аясында түсініктеме берілген. Бұдан бөлек, қалалық және аудандық филиалдарға 8 171 жеке шағым түсіп, олардың 82 пайызы қанағаттандырылды.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да мұндай қоғамдық қабылдауларды ұйымдастырып, халықтың өтініші мен ұсынысының орындалуына тікелей бақы­лау жүргізетін болады.

Елнар ЕЛТАЙ