Алматыда қала күніне орай ауқымды концерттер, кітап фестивалі, digital-шоу және алма жәрмеңкесі сынды 200-ден астам іс-шара өтеді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
100 тонна алма әкеледі
2,623
оқылды

Мерекелік бағдарлама мегаполистің сегіз ауданында ұйымдастырылады. Орталық алаңдарда үлкен сахна орнатылып, танымал артистер өнер көрсетеді. Ашық аспан астындағы барлық концерт пен мәдени бағдарламаға кіру тегін. Негізгі мерекелік іс-шаралар 18-21 қыркүйек аралығында өтеді. Концерттік бағдарлама дәстүр бойынша таңнан кешке дейін жалғасады.

21 қыркүйек күні сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін Тұңғыш президент саябағында «Alma Fest – 2025» алма фестивалі өтеді. Дәстүр бойынша, саябақ аумағы молшылық пен ұлттық дәстүрдің ауқымды мерекесіне айналады. Қонақтар үшін алма жәрмеңкесі, этноаймақ, қолөнер және гастрономиялық алаң, балмұздақ фестивалі, ашық аспан астындағы кинотеатр және басқа да қызықты іс-шара ұйымдастырылады. Фермерлер 100 тонна алма алып келеді.

Жалпы, қала күні аясында Алматының барлық ауданында экологиялық акция, жалпықалалық сенбілік, флешмоб, әр кітапханада әдеби кеш, музейлерде тақырыптық көрме өтеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар нысандардың ашылуы, спорттық жарыстар, мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Айбике ЖАНАСЫЛ