Астанада ҚР Президенті жанындағы  Мемлекеттік басқару академиясында еліміздің HR мамандары үшін «HR цифрландырудың жаңа тәсілдері» атты Open Day өтті.
Цифрландыру мемлекеттік қызметтің әлеуетін көтереді
1,882
оқылды

Іс-шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған. Агенттіктің ашық есік күнін өткізудегі басты мақсаты – HR қоғамдастыққа кадрлық процестерді цифрландыру турасында ақпарат беру, білікті HR мамандармен саладағы инновациялық шешімдер жөнінде тәжірибе алмасу. 

Жиында кадр жұмысын автоматтанды­руға және цифрлық трансформациялауға арналған заманауи ақпараттық жүйелер мен мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыруда іске асып жатқан жатқан HR жобалар таныстырылды. Қатысушылар іс-шара аясында агенттік пен академияның тарихи мұражайына, жоғары зерттеу әлеуеті бар ғылыми кітапханаға да экскурсия жасады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі­нің төрағасы Дархан Медеғалиұлы цифр­лық трансформацияның маңызын, мем­ле­кет­тік және жеке сектордағы HR қыз­мет­тері арасындағы әріптестікті ны­ғайту қажетін баса айтты. 

– Биыл тамыз айында HR мамандарға арнап форум өткізген едік. Сол кезде Қазақстанның HR менеджерлер қауым­дастығымен бірлесіп, агенттікте ашық есік күнін ұйымдастырайық деп келістік. Бүгін HR мамандарға агенттіктің адами ре­сурс­тарды әрі қарай дамыту, маман­дар­дың біліктілігін арттыру, жеке сек­тор­лардағы мамандарды мемлекеттік қыз­метке тарту бойынша атқарып жатқан жұмыстарды таныстырып, ой-пікіріміз­ді, тәжірибемізді бөлісіп жатырмыз, – дейді агенттік басшысы.

Дархан Жазықбайдың айтуынша, Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру, жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту кезеңінде агенттіктің де көздеген мақсаты – цифр­ландыру арқылы мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтің әлеуетін көтеру. Осыған бай­ланысты агенттік 2023 жылдан бастап e-qyzmet сыртқы порталын толыққанды ашық етіп жариялаған. Сол кезден бері мамандарды мемлекеттік қызметке онлайн форматта қабылдау ісін бастаған. 

Бір айтарлығы, e-qyzmet порталына мамандардың білім-білік дағдыларын зерттеп, жасақтауға, олардың атқаратын қызметіне, жүктемесіне, бағыт-нұсқау­лық­тарына да ЖИ технологиясын кіріктіру қолға алынған көрінеді.

– Алғашында e-qyzmet порталы пилоттық жоба ретінде іске асса, кейін жобамыздың кем-кетігін реттеп, бірқатар жұмысты атқарып жатырмыз. Ал 2026 жылдан бастап толықққанды тәртіп-заңдарды өзгерте отыра, мамандарды мемлекеттік қызметке алуды тек онлайн форматқа көшіреміз. Сонымен қатар жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін былтырдан бастап өңірлік кадрлық резервін құрдық. Қазір грантта оқып жүрген студент-жастарға ауылдық, аудандық, облыстық маңызы бар қала­ларға тікелей, конкурстан өтпей бірден өзінің көрсеткішімен барып, жұмысқа орналаса алады. Мемлекеттік қызметте сатылап өсем, мансаптық жолын бас­таймын десе, мүмкіндік көп, – дейді Д.Жазықбай.

Агенттік төрағасының сөзінше, алда мемлекеттік қызметкерлерге қатысты заман талабына қарай өзгерістер заң жүзінде де көрініс табуы мүмкін. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Әлібек Ғазизұлы мемлекеттік қызметті дамытуға қатысты  «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның жаңа редакциясының жобасын ұсынды. 2026 жылы агенттік ұсынған заң жобасы парламентке тапсырылып, мемлекеттік қызметкерлердің дамуына жаңа жол ашылмақ.

Айсұлу СЪЕЗХАН