Қазақ поэзиясының ақтаңгері, ұлт руханиятының ұлы сарбазы Несіпбек Айтұлының ұлт әдебиетінде алар орны биік.
Манат Жүкенқызы,  ақынның жары: Жүрегім құс боп ұшып кетті бірге...
4,213
оқылды

Ол жазған өлеңдер мен әндер күні бүгінге дейін көптің жадында. Ақын жайлы естеліктердің мәні бөлек. Биыл ақынның туғанына 75 жыл толады. Мерейтой аясында жұбайы Манат апа ғұмырының 55 жылын ақынмен бірге өткізген күндерін тебірене еске алып, ақынның асыл бейнесі мен адами болмысын, әдеби ортаның ыстық-суығын, дос-жаранмен өткізген шуақты шақтарын шынайы әңгімелеп берді. 

– Несіпбек аға бір сұхбатында: «Ақынның әйелі ақын болмаса да, ақындыққа жақын болады. Күнде өлең оқи берсе, келмей, қиыспай тұрған жерін біліп алады. Әрине, өлең жазған соң ең әуелі әйеліңе оқисың, қабырғаға оқымайсың ғой... Мен өзі 18 жасымда, 1968 жылы үйленгем...» деп айтады. Сіз сол кезде қанша жаста болдыңыз?

– Ағаң екеуміз құрдаспыз. Мен де сол жастамын. Біз Тарбағатайда бір ауылда, бір мектепті бітірдік. Бірақ ағаң менен бір жыл кейін бітірді. Мектеп бітіріп, Семейге оқу­ға кеткен едім. Ағаң артымнан келіп, алып кетті. Ауылда екеуміз бір жылдай тұрдық. Сосын ол Ал­ма­тыға оқуға түсті. Сөйтіп, Алматы­дағы ғұмырымыз басталды.

– Аға сізге сезімін қалай білдірді?

– Ол кездерді қыз балалар өте тұйық болатынбыз. Ер баламен сөйлесуге ұяламыз. 7-сыныптан бастап өлеңмен хат жаза бастады. Хатын оқимын, жауап бермей­тін­мін. Маған жіберген өлеңдерін қай­да қоярымды білмеймін. Жыр­тып тастауға тағы қимаймын. Өзі­нен кейін оқитын төменгі сынып­тың балаларынан беріп жібереді. Көрші үйдің кішкентай баласы бар еді. Сол – негізгі хат тасушы. Кейде, мектептен шыққан кезде аңдып тұрады. Көп жағдайда хатқа жауап бермейтінмін. Бір өкінетінім, сол хаттарды сақтай алмадым. Қазір кейбірі есімде де жоқ. 

– Алматыға бірге келдіңіз. Үй-жай жоқ. Пәтер жалдайсыздар. Ол кезде аға студент болды ма?

– Біз Алматыға келгенде күз айы болатын. Тұрсын ағаларың (Жұрт­бай) бар, үшеуміз Алматының бір шетінде тұрамыз. Қазіргі Ақсай, бұ­рынғы Дружбада бір бөлмелі пә­тер жалдадық. Тұрсын ол кезде әлі үйленбеген, үйден кісі үзілмейді. Сту­денттер, құрдастары, ауылдан келімді-кетімді кісі бар, аядай бөлме бәрімізге жететін. 

– Тұрсын аға екеуі бала кезден дос болды ма?

– Екеуі де шығыс жақтың тума­сы. Ерте кезден араласты. Әлі күнге дейін достығымыз үзілген жоқ. Бір-бірімізбен туыстай болып кеттік. Балаларымыз да бір-бірімен жақын араласады. Жүрсін Ерман, Жан­бо­лат Аупбаев – жақын достарымыз. Олар да сол студенттік шақтан бері бірге келеді. Жәнібек Кәрменов ол кезде жасы үлкен, үйге жиі келіп тұратын. Әдемі қоңыр дауысымен ән шырқағанда бәріміз ұйып тыңдайтын едік. Жәнібек Алматыға ертерек келген, КазГУ-ге жақын маңда пәтері болды. Сонда да біздің үйімізден шықпайтын еді. Біз де анда-санда барып, Жәнібектің анасының шайын ішіп қайтамыз. Сырбаз, жақсы адам еді. Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали ағалар­мен жақын араласты. Ағалары­мыз­дай болған жандар еді. Олар да Не­­сіпбекке көп қамқорлық та­нытты. Сол бір бөлмелі пәтерімізге кім қонақ болмады дейсіз. Кіл мық­ты­лардың бәрі дәм татты. Уни­вер­ситетте кураторы болған Әбілфа­йыз Ыдырысов аға мен жеңгей де жақ­сы кісілер еді. «Қыз Жібектің» ариясын айтып, концерт беретін. Адам­гер­ші­лігі жоғары жақсы адам еді марқұм. 

– Несіпбек аға үйдің үлкені болыпты. Білуімізше, аға көп ағайынды, әке-шешесін де кейін қалаға көшіріп алған дейді.

– Несіпбек – 9 ағайынды, өзі үй­дің үлкені. Атамыз жалғыз бала бо­лыпты. Өзі пәтерде жүрсе де, екін­ші курста оқып жүргенде ауыл­дан Алматының маңайына көшіріп әкелді. Басында Ұзынағашта тұрды, кейін Тұздыбастауға орналастырды. Олар мал бағып жүрген кісілер ғой, ауылдан ұзап шықпаған. Тұрсын күлетін: «өзің студентсің, қалай көшіріп әкеліп жүрсің?» деп. Пә­терде жүрсе де, бауырларының бә­рін жеткізді.

– Несағаның алғаш өлеңіне баға беріп, газетке жариялаған Мұқағали Мақатаев екен. Бұл туралы естелік­терінде де жиі жазады. Мұқағали ағамен де жақын аралас-құралас болдыңыздар ма?

– Бетпе-бет кездескеніміз бол­маса, бір дастарқанда отырған жоқ­пын. Редакцияда істейтін кезінде көп көріп, араласып жүретін. Тұ­манбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі ағалармен де жақын араласты.

Исраил Сапарбаев жиі кеп тұ­ратын. Шым­кенттен келгенде, бі­рінші үйге со­ғатын еді. Кіші қы­зы­мыз туғанда есімін Исраил аға «Ай­жүрек» деп қойды. Ол кезде мұн­дай есім еш­кімде жоқ, қырғызда «Айчөрек» де­ген бар екен. 

– Қасым (Аманжолов) ағаны ерекше қадір тұтқанын жазғаны бар. Ол кісіні көре алған ба?

– Жоқ, ол кісінің өлеңдеріне ғашық боп, құмартып өскен. Оның үстіне, Қасым ағасы ғашық болған қыздар мектепте сабақ беріпті. Мұның да Қа­сым ағаны жақсы кө­руіне септігі тиген секілді. 3-курста оқып жүргенінде «Балдыр­ған» жур­налында жұмыс істеді. Мұзафар Әлімбаев жұмысқа алды. Түске дейін сабаққа барады, түс­тен кейін жұмыс істейді. Онда біз­дің балаларымыз бар. Мұзағаң да – ағаларыңның өмірінде ерекше ізі қалған жақсы адамдардың бірі. 

– Ең жақын достары кім?

– Жүрсін Ерман, Тұрсын Жұрт­бай, Жанболат Аупбаев. Профессор Құныпия Алпысбаев ағаларыңмен жақсы араласты. Қажытай аға Ілия­сов бар. Ол кезде үлкен-кішіге қа­рамайды. Бәрі бірдей араласатын. Баянғали Әлімжановпен бауыр боп араласты. Кейде олар таңғы сағат 3-4-те де келе беретін. Таңды таңға жалғап, әңгімелеседі. Марқұм Ас­қар Егеубаевпен бірге бір пәтерде тұрдық. 3-4 отбасы болып, бірге тұрған кездеріміз де бар. Жаспыз ғой, бірақ олар ішімдікке жоқ бол­ды, есесіне шахмат ойнап, әңгі­ме­лесіп отыратын. 

– Несағаның айтқаны бар: «Ақын деген – көңіл күйдің адамы. Мұңайып отырсаң, мұңды өлең туады, шат­танып отырсаң, шаттық өлең туады» деп. Сондай сәттері көп болды ма? 

– Әрине. Ақын деген қызық ха­лық қой. Көңіл күйі құбылып оты­рады. Бірде жайраңдап отырады да, кейде мұңайып қалады. Мінезі жылдам, тез ашуланып, тез қайтады. 

– ХХ ғасырдың 60-70-жылдары әдебиетке келген қаламгерлердің ба­ғына сай қаламақы өте жақсы болды. Несағалардың заманы тәуелсіздік алған 90-жылдарға тұспа-тұс келді. Сол кездері қайтіп күн көрдіңіздер? Кітап сатып байыған жоқсыздар ма?

– Жалақымен күн кешті ғой. Алғашқы жылдары айлық аз болған соң кешкісін көлігімен кісі тасиды. Жалғыз жүруден қорқады: бір күні ұлын, бір күні қызын отырғызып алатын. Кейде мені ертіп алады. Ұсақ тиын-тебенін бермей кететін адамдар да болды. Күнделікті тіршілік қой, бірақ жұмысын да, өлеңін де тастамады. 

– Ақындардың жазу стилі қызық қой. Аға өлеңді қай кезде жазатын еді?

– Көбіне түнде жазады. Көп аударма жасады. Науаидың өлеңде­рін аударды. Соның көбін түнде істеді. Өйткені күндіз жұмыс істеді. Ағаң өте қонақжай адам еді. Үйі­мізден кісі арылмайтын. Көрші орыс апай бар еді. Сол кісі мені көрген сайын: «Үйлеріңе кісі көп келеді. Қалай асырайсыңдар?» деп күлетін. Қонақтарды жайғастырып барып таңға дейін жазумен оты­ра­тын. Науаидің өлеңін аударып,  таң­ғы 5-те бітіргенде қатты қуанып еді. 

– «Үйден кісі арылмайтын» дейсіз. Шығармашылық адамдары жиі келе ме?

– Қаламгер достары, жолдас­тары, ақын-жазушы інілері көп қой. Туыстар да жиі келеді. Кімді таниды, соның бәрін ертіп келе беретін. 

– Несіпбек аға бір сұхбатында: «Менің әйелім өлеңдерімнің алғашқы оқырманы болып келе жатыр. Кейде дұрыс емес жерін түзейтін де болып алды» деп айтады. 

– Ондай жас кезімізде болды. Бірақ кейінгі жылдары маған келіс­пей, «өй, сен» деп шыға келетін бол­ған соң қойдым ғой. Басында түзей қалсам, қабылдап жүретін. Ке­йінгі кездері көбірек поэма жаз­ды. Ал мен қысқа өлеңдерін оқитынмын.

– Алматыдан Астанаға көшу­леріңізге не себеп болды?

– Ол кезде біраз әдеби орта си­реп қалды. Көбі Астанаға көшіп кетті. «Ел Астанаға көшіп жатыр, біз жұртта қалып қойған адам сияқ­ты­мыз ғой» деп едім, «Ой, не істейсің, жүре берейік» деді. Көктем уақыты еді, аяқ астынан Астанаға кетті. Сол жолы Астанаға көшетін боп шешім қабылдап келді. Сөйтсек, Иманғали «Астанаға кел» деп шақырыпты. 1 ма­мыр кезі еді, бірден тіркеуден шығып, көшіп кеттік. Ақселеу аға Еуразия университетінде жұмыс істейтін еді, сол кісінің қасына барып, жұмысқа тұрды. Кейін Сәкен Сейфуллин мұражайына директор болды. Мұражайда 10 жылдан астам жұмыс істеді. 

– «Соңғы 7-8 жылда жазылған өлеңдерімнің көбі ешқайда жария­ланған жоқ. Кейде қалың қағаздың арасынан тауып алып, қуанып жүрем. Жазамын да тастай салам. Әнеу күні біраз өлеңімді тауып алдым. Сөйтсем, жазғам да ұмытып кеткем. Түнімен жазып-жазып, бір жерге қоя салғам, солай қалған. Солардың бәрін жи­на­сам бір кітап шығатын түрі бар. Мен кітап шығару жағына келгенде салақ адаммын» дейді. Ағаның еш жерде жарияланбаған өлеңдері көп пе?

– Жарыққа шықпаған өлеңдері жоқ. Бәрі жарияланды деп ой­лай­мын. 10 томдық жинағын шыға­ра­мыз деп ойлап едік. Оған биылғы 75 жылдығына үлгермеді. 

– Қолжазбалары, естеліктері қалды ма?

– Иә, қолжазбалары бар. Ке­йін­гі жылдары машинкамен басатын бол­ды. Көп кітабын мектептерге өзі бар кезде беріп жіберген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ал­ғы­сө­зімен «Хамса» деген аударма кі­табы шықты. Науаидің шығарма­ла­рын қа­зақшаға аударған жалғыз қазақ. Әлішер Науаидың 5 хамсасы бар, со­­ның үшеуін аударды. «Ләйлі-Мә­жүн» жеке кітап болып шыққалы жатыр. 

– Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған танымал ән көп. Елге белгілі әншілер орындап жүр. Ағаға сөз жазуға ұсыныс көп түсетін бе еді?

– Ағаң бірінші әнді тыңдайтын.Содан кейін ғана сөзін жазады. Тұрсынжан Шапайдың әндеріне көп жазды. Қағазға жазады, ұнамаса жыртып тастайтын. Кейін қайта отырады. Жолдың бойында, көлік ішінде шығарған сөздері де бар. Қазір кей әндерді Рамазан Стам­ғазиев орындап жүр. Одан бөлек, әншілердің орындауында айтылып жүрген әндер көп. Жинақтап қа­расақ, 67 ән бар екен. Мұның бәрі қа­зір жиі орындалып жүр.

– 22 қыркүйек – ағаның туған күні. 75 жылдығына орай іс-шаралар өткізіле ме? 

– Балалары естеліктер жинағын құрастырып жатыр. Жылдың ая­ғына дейін тұсаукесері өтетін бо­лады. Әзірге жоспар көп. ҚазҰУ кон­ференция өткіземіз дейді. Осын­да өзі жұмыс істеген Еуразия уни­верситетінде де бір іс-шаралар өтетін сияқты. Өзі 10 жыл қызмет атқарған Сәкен Сейфуллин мұра­жайына шақырып жатыр. 

– Көп ақын-жазушы күнделік­терін, естеліктерін мемуар қылып, жариялап кетті. Несіпбек аға күн­делік жазатын ба еді?

– Ол кісінің жазбасының бәрі – өлең. Мұқағали ақын айтқандай: «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шапан жауып өзіне қайтарды». Мақалалары, баяндамалары «Са­ра­йымнан шыққан сөз» деген кіта­бында жинақталып басылды. 

– Ұрпақтарының арасында атасы секілді өлеңге құмар жан бар ма?

– Өлең жазатындай әлі ешкім жоқ. Кейінгі ұрпақтарының ара­сы­нан шықпаса. Үлкен атамыз аңшы, атақ­ты балуан болған кісі екен. Се­мейден шыққан Айбек Нұғымаров деген жігіт бар, сол кісі бізге жиен­шар боп келеді. Сол секілді ұрпақ­та­ры­ның арасында кейін ақын шығып жат­са, құба-құп! Маңайында жүрген талай ініге қамқор болды. Сол інілері аға­ла­рын ұмытпай, хабарласып тұрады. Ағаң екеуміз 55 жыл бірге тұрдық. Аяқасты ауырып, мені тастап кете барды... 

Ұрпағы бар, хабарласып тұра­тын қаламдас іні-қарындастары бар, халқына қалдырған ұлы мұрасы бар, сол жанға қуат береді.

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ