Жыл басынан бері жаһанда экономикалық дүрбелеңдер қайталанып жатыр.
Құбылмалы нарық: табыстан тағы қағылды
коллаж: Елдар ҚАБА
2,916
оқылды

Сәуірде құны құлдыраған «қара алтынның» ахуалы әлі реттелген жоқ. Салдарынан Қазақстан ең басты экспорттық шикізатынан табатын пайданың бір бөлігінен айырылып отыр. Нарықтағы құбылмалы кезең көпке дейін жалғасуы мүмкін бе, жаһандық саясат мұнай бағасына қалай әсер етіп отыр?

Мәселе көлемде емес, бағада

Елдің мұнай өндірісін арт­тыруға ұмтылысына қара­мастан, құн жағынан кем-ке­тік бар. Мәселен, 2025 жылдың ал­ғашқы 6 айында еліміздің тауар экс­порты былтырғы дәл осы ке­зеңмен салыстырғанда 2,8 млрд дол­ларға азайып, 36,8 млрд дол­ларды құрады. Астық сатудың арт­қанын ғана айтпағанда, ел эко­номикасының тірегі сана­ла­тын шикізаттардың саудасы тө­мендеген.

Тауар экспорты деп жал­пы­ла­ма атау бергенімізбен, оның жар­тысынан көбі мұнай екені анық. Сондықтан жаһандық нарықта «қара алтын» құны төмендесе, Қазақстанның тауар экспорты да ақшалай мәнде азая береді. Биыл жартыжылдықта мұнай сату 2,5 млрд долларға (19,5 млрд дол­лар­ға дейін) кеміді, былтырғыға қа­ра­ғанда 11,4 пайызға аз.

Қаңтар мен наурыз ара­лы­ғын­да еліміздің өзге мемле­кет­тер­ге мұнай жеткізуі 2,5 млн тон­наға төмен түсті. Азия бағы­тын­да үлкен шығынға ұшырады, Қы­тайға импорттау 86,4 пайызға, Сингапурға сату 75,8 пайызға азайды. Оңтүстік Корея, Үндістан жә­не Бруней Қазақстан мұнайын са­тып алуды тоқтатты.

Көп өтпей Қытай мен Синга­пур бағытында сауда қайта жан­дан­ды. Оңтүстік Корея, Үндістан жә­не Брунейге шикізат жеткізіле бас­тады. Қазақстан ком­па­ния­лары алғаш рет Пәкістанға мұнай жө­нелтті. Бұған қоса, біржылдық үзі­лістен кейін Панамаға қайта орал­ды. Еуропа одағы, яғни Қа­зақ­стан мұнайының шамамен 65 пайыздан астамын тұтынатын не­гізгі серіктес сатып алу көлемін 3 пайызға арттырды. Соның ар­қа­сында ғана мұнай жеткізу был­тыр­ғы көрсеткіштен небәрі 1,9 пайызға қысқарған еді.

Бірақ экспорттың төмендеуі қа­зір артық қор жиналу қаупін ту­дырып тұр. Оның үстіне, Теңіз кен орнында биыл қаңтарда іске қо­сылған үшінші буын өндірісі жы­лына 12 млн тонна мұнай қо­са­­тынын ескеру керек. Қаңтар-мау­сым айларында мұнай өндіру 11,5 пайызға өсті. Шілдеде Қа­зақ­стан Ресей мұнайынан бас тарт­қан Германияға экспортты арт­тыруды жоспарласа, тамызда «Қаз­МұнайГаз» Хорватия арқылы Ма­жарстанға алғашқы партияны жет­кізді. 

Шикізат өндіру мен оның кө­ле­міне қатысты позитивті тұстар бол­ғанымен, тауар экспортының құн жағынан төмендеуіне тікелей баға әсер етіп отыр. Сәуірде бас­тал­ған құнсыздану әлі жалғасып ке­леді. Мысалы, тамыздың ор­та­сы­на қарай 2025 жылдың қазан айы үшін мұнайдың бір бар­ре­лі­нің фьючерсі 66-67 доллардан бел­гіленді. Баға осы деңгейде қал­­­­­са, онда мұнайдан түсетін та­быс был­тыр­ғыдан сөзсіз төмен болады.

Биыл республикалық бюджет «қа­ра алтынның» бір баррельін 75 дол­лар деп бекіткені есімізде. Ал дол­лар курсы 470 теңге деңгейін­де бо­лады деп ескерілді. Бірақ дол­­лар әлдеқашан 540 теңгеден асып жы­ғылды. Бұдан кейін Үкі­мет мұ­най бағасын 60-55 долларға дейін төмендеген жағдайда даму сценарийін шұғыл дайындап жат­­қанын мәлімдеумен шектелді.

Ресейлік мұнай нарыққа қалай әсер етеді?

Биыл сәуірде Goldman Sachs ұйы­­мының сарапшылары Brent маркалы мұнай 2026 жылдың соңын­да барреліне 40 доллар болуы мүмкін екенін болжаған. Ал Ұлттық банк сол кезде мұнай ба­ғасының төмендеуі мен тең­ге­нің әлсіреуін АҚШ-тың салық сая­сатымен түсіндірді. Дегенмен мұ­най бағасының тағдыры түгел­дей АҚШ көшбасшысы Дональд Трампқа немесе саясаттағы түрлі шие­леніске тікелей байла­ныс­пай­тын іспетті. Әлемдік мұнай на­ры­ғындағы басты ойыншылар – Пар­сы шығанағындағы мо­­­­­нар­хиялар, әсіресе Сауд Ара­бия­сы рөл ойнайды. Олар қазір ОПЕК+ секілді бірлестік аясында тәртіп орнатып, барлық қатысушының белгіленген квоталарды сақ­тауы­на күш салып жатыр. Қазақстан да жыл сайынғы өндірісті 100 млн тоннаға жеткізгісі келгенімен, осы бірлестік аясында өндірісті ай­­тарлықтай арттыра алмай отыр­­ғаны рас.

Биыл АҚШ пен Ресей Украи­на­дағы қақтығысты тоқтату және санкцияларды алып тастау мәсе­лесі жөнінде бірнеше келісімге келу­ге ұмтылғанын білеміз. Сол кез­­де жаһандық нарық келі­сім­дер­дің нәтижесіне алаңдаумен бол­­ды. Себебі АҚШ пен Ресей бір көзқарасқа тоқтай алса, на­рық­қа ресейлік «қара алтын» ора­­лып, мұнай бағасы одан әрі тө­мендеу мүмкін екені бол­жан­ған. Әйтсе де, саясаттанушы Ға­зиз Әбішев ресейлік мұнайға са­л­ынған санкциялар алынып тас­­талған күннің өзінде, «қара ал­­тын» құны одан әрі құлдыра­май­­тынын айтады. 

– Мәселе мынада: санкция­лар, 60 доллар деңгейінде белгі­лен­­ген баға шегі (қазір 47 доллар) жа­­санды түрде ресейлік мұнай­дың бағасын төмендетіп отыр. Ре­сейді демпинг жасауға, яғни ар­­занырақ сатуға мәжбүрлейді. Бұл амал бір жағынан өндірісті ұл­ғайтып, валюталық кірісті жо­ға­ры бағадан емес, үлкен көлем­нен табуға итермелейді. Мысалы, қа­зір олар Үндістанға мұнайды ар­зан бағамен сатып отыр.

Егер ресейлік мұнайдан санк­­циялар бір сәтте алы­­нып тасталса, бұл баға ше­гі­нің жойылуына әкелуі мүмкін. Ре­­сей мұнайды үлкен жеңілдікпен емес, нарықтық бағамен сатып, өн­­дірісті күштеп арттыруды да тоқ­­татар еді. Осылайша, нарыққа ке­­рісінше бағаның нығаюы ба­ғы­тында әсер етуі ықтимал. Бұл – өза­ра ықпал ететін екі фактор. Қай­сысы басым болатынын мен дәл айта алмаймын, – дейді са­рап­шы.

Ғ.Әбішевтің сөзінше, санк­ция ас­тындағы Иран заңсыз жол­мен үл­­кен көлемдегі мұнайды Қы­тай­ға немесе басқа елдерге өте арзан ба­ғамен сатса, қандай да бір ва­лю­талық түсім алу үшін көлеңкелі жол­ды қолданса – бұл да нарыққа қы­­сым түсіреді. Сосын сатып алу­­шылар да нарық­тық бағамен мұ­най сататын санкциядан тыс ел­дерден емес, көлеңкелі нарық­та­ғы арзан мұнайды таңдауға бейім болады. 

– Қазір ОПЕК+ пен араб мем­­­­­ле­кеттерінің іс-әрекеттері жақсы рөл ойнап отыр. Америкада ше­ль­ф­тік мұнай игеріліп, атом электр стансалары салынып, ба­ла­малы энергия көздері дамып жа­тыр. Сондықтан барлық мұ­най-газ өндіруші елдердің ал­дын­да «алдағы онжылдықтарда энер­гия өндірудің жаңа ғылыми жолы ашылып, мұнайға деген сұраныс күрт төмендеп кетпей ме?» деген стратегиялық дилемма бар. Егер ондай жағдай бола қалса, оны ұзақ уақыт сақтап, кейін ешкімге ке­регі болмай қалғанша, мұнайды қа­зір капиталға айналдырған тиім­дірек, – деп түйіндеді саясат­танушы Ғазиз Әбішев.

Екі түрлі таңдау бар

Ал мұнай бағасының төмен болуы қысқамерзімді перспек­ти­ва­да алдымен мемлекеттік бюд­жет кірісінің азаюына соқтырады. Се­бебі пайдалы қазбаларды өн­діру­ге салынатын салық, экс­порт­тық баж салығы және мұнай ком­панияларынан түсетін ди­ви­дендтер кемиді. Ал валюталық тү­­­­сімнің қысқаруы теңгеге де­ва­ль­­­вациялық қысым түсіріп, са­ла­ның инвестициялық бел­сен­ділі­гіне кері соғуы мүмкін.

– Мұнай бағасының тө­мен­деуі ОПЕК+ ұйымының шешімі­не байланысты. Әйтпесе, бол­жам­­дарда айтылған 40 доллар дең­гейіндегі баға ең алдымен АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өн­­діретін компанияларға ауыр соқ­қы болар еді, өйткені АҚШ-та өндірілетін мұнайдың ша­ма­мен 70 пайызы дәл осы тақтатас мұ­найы.

Бағаның төмендеуі қысқа­мерзімді сипатта болға­ны­мен, Қазақстан үшін қауіп ба­рын білдіреді. Бюджет кірістері мен экспорт түсімінің негізгі көз­дері әлі де шикізат жеткізуге тәуел­­ді, әсіресе Каспий құбыры ар­­қылы. Бірақ бұл жағдай тек қауіп емес, сонымен қатар стра­те­гиялық бетбұрыс жасауға мүм­кін­дік, – дейді мұнай және газ са­ла­сының сарапшысы Асқар Исмаилов.

Сарапшының ойынша, ба­ға­ның төмендеуі ел ішінде өңдеу са­­ласын жедел дамытуға түрткі болуы керек. Қазақстан шикі мұ­найды, пропан-бутанды немесе по­лиэтиленді экспорттай беруіне болмайды.

Біріншіден, әртүрлі мұнай сорт­тарын өңдей алатын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керек. Екіншіден, жоғары қосылған құны бар өнімдерге басымдық беру арқылы шағын тоннажды мұ­най-химия өндірісін жолға қой­ған абзал. Пластик, қаптама, бұйымдар, құрылыс материал­дары, машина жасау компонент­терін шығару мақсатында терең газ-химия өндірісін салу да бір ба­ғыт. Бұның бәрі жұмыс орын­дарын ашып, қосымша салықтар түсіріп, қайта өңделген өнім­нің экспортына жол ашар еді.

– Қысқамерзімді ауыт­қу бюд­жет пен Ұлттық қор кірісіне әсер етеді де­сек те, Ұлттық қор­­­дың дәл осын­­дай сәт­тер үшін құ­рыл­ғанын ұмыт­­пау керек. Ол тек жи­нақ­тауға емес, жағ­дайды реттеп оты­ру­шы. Алайда қор құ­рылымдық рефор­ма­ларды қол­дау үшін пай­да­ланы­луға тиіс. Мысалы, им­порт­­ты алмастыру, ин­­дуст­­рия­­лан­дыру, өңдеу, дайын өнім экс­­­портын дамыту секілді сала­ларға. Бұл тұрғыда біз тек «қалай аман қаламыз» деген сценарий­мен шектелмей, «қалай пайда кө­реміз» деген сценарийге кө­шуі­міз керек, – деп топшылады Асқар Исмаилов.

Қорыта айтқанда, Қазақстан экономикасының әлі де шикі­зат­қа тәуелді екенін ешкім жасыр­май­ды. Негізгі капиталға тартыл­ған инвестицияларда әлі де тау-кен саласының үлесі көп. Одан арыла алмайтынымыз бел­гілі, алдағы уақытта сирек метал­дар­дың өндірісі де артады. Сон­дықтан Үкімет бюджетті са­­лық­тық түсімдер арқылы мо­лайтуды ғана ойламай, дайын өнімдердің өн­дірісін жолға қойғаны жөн.

Мадияр ТӨЛЕУ