Дамыған мемлекеттер жасанды интеллект дәуіріне әлдеқашан қадам басты. Еліміз де жаңашылдықтан қалмай, ЖИ игілігін көрмекке талпыныс жасап келеді. Соның дәлелі – кеше ғана құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Миды қозғайтын ЖИ
3,037
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуі­ріндегі Қазақстан: өзекті мә­селелер және оны түбегейлі цифр­лық өзгерістер арқылы шешу» ат­ты халыққа Жолдауында Жасанды ин­теллект және цифрлық даму ми­нистрлігін құру жөнінде тап­сыр­ма бергені белгілі. Президент мақ­саты – елді 3 жыл ішінде жап­пай цифрлы мемлекетке ай­нал­дыру. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйе­сін одан әрі жетілдіру жөніндегі ша­ралар туралы құжатқа қол қой­ды. Құжатқа сәйкес, Цифрлық да­му, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрлігі Жа­сан­ды интеллект және цифрлық да­му министрлігі болып қайта құ­рылды. 

Ал инновациялық қызмет са­ласындағы функциялар мен өкі­леттіктер Ғылым және жоғары бі­лім министрлігіне берілген. Ми­нистр Саясат Нұрбектің мә­ліметінше, инновациялық грант­тар бөлу, өнеркәсіптік иннова­ция­лық жобаларды қаржыландыру, ин­вестициялық қорлар құру, ар­найы экономикалық аймақтарды дамыту, акселерация және бизнес-инкубацияны жүргізу, білім беру және ғылыми-технологиялық бағ­­­дарламаларды енгізу істері енді Ғылым және жоғары білім ми­нистр­л­ігінің құзырында болады. Ал жаңа министрлікті кім бас­қара­тыны әзірге жарияланбады.

Ерте басталған үдеріс

Бүгінде әлемнің бірқатар елі ЖИ технологиясына ерек­ше мән бе­ріп отыр. Біріккен Араб Әмір­ліктері, Қытай, Эстония және Тә­жікстан білім беру бағдар­ла­ма­сына да өзгеріс қосып, мектеп оқу­­­­шыларына ақылды жүйе не­гізінде арнайы пән оқытуды мін­деттеді. Қазақстан ЖИ ми­нистр­лігін құрған алғашқы ел емес. БАӘ ЖИ министрлігін алғашқылардың бірі болып 2017 жылы ұлттық стра­те­гия негізінде ашқаны бар. Абу-Да­би билігі 2027 жылға дейін «ЖИ-ға негізделген әлемдегі ал­ғаш­қы әрі толыққанды Үкіметке» айналуды көздейді. 

Бәрінен бұрын айды аспанға шы­ғарған Албания билігі болып тұр. Dielle – Албанияның Ақпарат­тық қоғамның ұлттық агенттігі жа­сап шығарған жасанды ин­тел­лект. Мемлекет Еуропалық одаққа кіру, цифрлы елге айналу, сыбайлас жемқорлықты азайту сынды мақ­сатқа жету үшін жасанды ин­те­лек­тіні министр ретінде тағайындаған. Қазір ол мемлекеттік сатып алу­лар­ды қадағалайтын жасанды ин­теллект-министр ретінде қызметін бас­тап кетті. Есімі албан тілінде «күн» ­деген мағына беретін ми­нистр 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 36 мыңнан аса құжат жүргізу мен 1 мыңға жуық қызмет көр­сету­ге кө­мек­тескен.

Су үнемдеу мәселесіне де араласқаны жөн

«Жасанды интеллект және ци­фрлық даму министрлігі немен ай­­налысады?» деген сұрақ бәрінің көкейінде қалғаны рас. Біз ЖИ құралын өз саласында қол­да­нып жүрген мамандардың жаңа ми­нистрліктің жұмысына қатысты ұсы­ныс-пікірін білуге тырыстық. Агро-сарапшы Қайрат Сұлтанбек ЖИ технологиясын пайдалану ар­қы­лы елдегі көптеген проблеманы ше­шуге болатынын айтады. Егер ми­нистрлік дұрыс сипатта жұмыс жүр­гізсе, Қазақстан ауыл шаруа­шы­лығы саласында суды үнем­дей­тін, өнімі жоғары, қаржылай тұ­рақ­ты жүйеге ие елге айналатынын жет­кізді.

– Ұсынысым, министрлік тек IT саласы немесе цифрлық білімге  көңіл бөлмей, агроөнеркәсіптік ке­шеннің цифрлық трансфор­ма­циясына нақты жауап беретін құ­ры­лым болуы керек. Бүгінде елі­міз­дің ауыл шаруашылығы ішкі на­рықты толық қамти алмай отыр­ғаны рас. Басты кедергінің бірі – өнімділіктің төмендігі мен су тап­­шылығы. ЖИ бұл мәселелерді ше­шуде бірнеше бағытта нәтижелі жұ­мыс істей алады. Мысалы, ЖИ жер серіктерінің және климаттық де­рек­терді талдап, нақты қай ай­мақ­қа қанша су қажетін болжай алады. Бұл су шығынын азайтып, үнем­деу­ге мүмкіндік береді. Егістік жағ­дайын талдап, қай жерге қан­дай дақыл егу тиімді болатынын анық­тайды, егіс мерзімін, тыңайт­қыш мөлшерін, аурулар мен зиян­кестердің тарау қаупін алдын ала анық­тайды. Сонымен қатар ЖИ ар­қылы су тапшылығы бар өңір­лер­­де тамшылатып суару, құр­ғақ­шылыққа төзімді дақылдарды қол­дану, агротехниканы оңтай­ландыру сияқты шешімдерді ав­томатты түрде ұсынуға болады, – ­дейді ол.

Сарапшы тиімді агро­техно­логияларды пайдаланып, жоғарыда айтылған жағдайға жіті мән берсе, шығын азайып, өнім кө­лемі артып, судың әр литрі тиім­ді жұмсалатынын түсіндірді. Мұ­ның бәрі министрліктің сапалы жұ­мысына тікелей байланысты еке­нін айта келіп, ұсыныс-тілегін де жеткізді. 

– Ауыл шаруашылығы дерек­те­рін бірыңғайландырып, фермер­лер­дің жер, техника, өнім, климат бойынша деректері бір платфор­ма­да жиналып, талдануға тиіс. Агроинновацияларды қолдап, ЖИ-ді енгізу үшін стартаптарға, ғы­л­ыми-зерттеу институттарына грант және қаржыландыру тетік­терін арттырған жөн. Су және жер ре­сурстарына мониторинг жүр­гізіп, дрон, спутник, сенсорлық жүйе­лер арқылы ел көлемінде нақ­ты карталар жасау керек. Фер­мерлерге онлайн кредит беру, аг­росақтандыру, форвардтық ке­лісім­шарттар сияқты құралдарды ЖИ-мен интеграциялау маңызды. Ең негізгісі – кадр дайындау мә­селесі. ЖИ-ді ауылдағы агро­ном­­­­нан бастап мемлекеттік қыз­мет­керге дейін қолдана алатындай білім беру жүйесін құру қажет, – деді сарапшы. 

Шалғайдағы ағайынға ин­тернет керек

Жақында Мәжілістің Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінде депутат Асхат Аймағамбетовтің тө­рағалығымен «Әлеуметтік са­лада жасанды интеллектіні қол­дану» тақырыбында дөңгелек үс­тел өтті. Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі ал­дағы үш жылдық бюджет аясында 2026 жылға дейін ЖИ мен теле­ме­дицинаны дамытуға 500 млн теңге бөлуді жоспарлаған. Бұл жаңа­лық­ты естіген «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Нартай Аралбайұлы жасанды интеллектіні ен­гізуге қатысты шешілмеген мә­селе көп екенін тілге тиек етті. Ол ин­тернеттің әлсіздігі, меди­ци­на­лық мекемелердегі ескірген сер­вер­лер, сапасыз мәлімет ба­за­сы, бі­лікті мамандардың тап­­шылығы, клиникалық хаттамалардың әлі күн­ге цифрлық форматқа көшіріл­меуі сияқты мәселені атап айт­ты.

– Денсаулық саласына ЖИ-ді ен­гізген күннің өзінде орталықтан шал­ғайда тұратын, шекаралық елді мекендерде өмір сүретін ағайын қа­шанғыдай игіліктен құр қалайын деп тұр. Ал алыстағы азама­ты­мыз­ды аман алып қалу үшін те­ле­ме­ди­цина мен ЖИ-ді қолданамыз де­сек, алдымен Қазақстанның түк­­пір-түкпірін сапалы интер­нет­пен қамтамасыз ету қажет. Оған ве­домствоаралық бірлік пен бірік­кен қадамдар қажет. Себебі қазір­гі­дей тапшылық кезінде елдің бар­лық аумағына сапалы интернет тар­туға бюджеттен қаржы бөліне ме? Бұл – үлкен сұрақ, – дейді Н.Арал­байұлы.

Расымен де, ЖИ техноло­гия­сы деп аспанға құлаш ұр­ғанымызбен, шал­ғайдағы ха­лық­қа жайлылық болмай ма деген қор­қыныш бар. Ангиохирург, фле­болог Әлібек Абайұлы ауыл, аудан, тіп­ті қалалық жерлерде де меди­ци­на саласын ұйымдастыруда мәсе­ле­нің көбін айтты. 

– Қазір дәрігерлердің толты­ра­тын қағазы көп, науқастар бізге дұрыс көңіл бөлмейді деп ша­ғым­данады, пациенттер ұзын-сонар ке­зектен шаршайды, уақытылы дә­рігерге қарала алмайды. Егер ЖИ министрлігі құрылса, қара­пайым мәселелерді жылдам шеш­кені дұрыс. ЖИ технологиясы ем алу­шылардың кезек күтуін азай­туға көмектесіп, дәрігерлердің жұ­мысын оңтайландыра алады. Ке­зекке тұру, дәрігерге жазылу, вак­цина алу уақытын белгілеу, ста­ционарда жұмыс істейтін ма­ман­дардың қағазбастылығын азайту, кли­никаға хабарласқан пациент қан­дай дәрігерге бару керегін нұс­қау секілді қажеттіліктерді ұйым­­дастыруға ЖИ-дің көмегі ке­рек. Бұл дәрігердің артық жұ­мыс­­тан босап, ары қарай науқасқа кө­бі­рек көңіл бөлуіне мүмкіндік бе­реді, – дейді Ә.Абайұлы.

Ангиохирург дәрігер айтқан жайттар реттелсе, халыққа қол­же­тім­ді болу үшін елді толық ин­тер­нетпен қамтамасыз ету керек. Ал де­путат Н.Аралбайұлы интернетке қосылған аймақтарда орналасқан ме­дициналық мекемелердің өзінде сер­верлердің ескіргені, база­лар­дың есептеу қуаттылығының жет­кілік­сіздігі, ақпараттық жүйелер­дің бы­тыраңқылығы және ин­­тег­ра­цияның бірыңғай стандарты жоқ еке­нін мәлімдеді. Демек, жаңа бас­таманың әсерінен қордаланған мәселенің өзі-ақ қопарылып шыға бастады.

Жасанды интеллект адам орнын баса алмайды

Ә.Абайұлы ЖИ жүйесін ме­ди­циналық қызметтерді ұйым­дас­ты­ру­­ды оңтайландыруда ғана қол­­­­да­нып, ал дәрігер тек ЖИ-ға кө­­­­­­­­­мекші құрал ретінде қарап, өзі­н­е сену­ді, білім-білігін дамы­ту­ды ой­лау кере­гін айтты. Оның баян­дауын­ша, қазір дәрігердің бақы­лау-бас­қаруы­мен робот-апараттар ота жа­сап жатыр. Дәрігер бір қа­лада оты­рып, басқа қаладағы ро­бот­ты пультпен басқарып ота жа­сай алады. Америка, Қытай ме­­­дицинасында Da Vinci деген робот-хи­рург жұмыс іст­ейді, соған ұқсас құралды Ас­та­на­дағы Ұлтттық нейро­хирургия ор­­талығынан таба ала­сыз. Ғалым­дар сол аппаратқа ЖИ технология­сын кіріктіріп, енді науқастарға дәрі­гердің көмегінсіз де ота жасап жа­­тыр. Қытайда дәл сондай тех­но­логиямен науқасқа холецистэк­то­мия жасаған, яғни өттегі тасты ал­ған екен.

– Басты принципім – ЖИ дә­рі­герге тек қосымша құрал ретінде қарау. Дәрігер – адам баласы, адам­да интуиция, эмоция бар, ЖИ мұны жеткізе алмайды. Екіншіден, ЖИ-ға көптеген алгоритм қосу ке­­рек. Хирургия саласында қан­шама экстремал жағдай бо­лады. Мұн­дайда тез ше­шім жасау керек, оның бәрі дәрігер үшін тә­жіри­бемен келеді. ЖИ отаны 100% сәт­ті жасай алмайды. Өзім тамыр­дың хи­рургі болған­дық­тан, әр адам­ның анато­мия­сы, ішкі ор­га­ны, та­мырлар жүйесі әр­түрлі еке­нін жақсы бі­лемін. Та­мырдың әр­­түрлі ком­бинациясы болады, сон­­дай жағдайда ЖИ қа­те­лесуі әб­ден мүм­кін. Ол қа­телік өте ауыр ке­селге әкеп соқ­тырады, бұл ме­ди­ци­на­лық ме­кемеге де, науқасқа да оңай емес, – деді Ә.Абайұлы.

Ерте ме, кеш пе ЖИ жүйесімен дос­тасу заман талабы болып қала бер­мек. Дей тұрғанмен, жаңа дәуір­­ге аяқ басамыз деп жүріп, өзге түйткілдерді естен шығар­ма­ған дұрыс.

Айсұлу СЪЕЗХАН