Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапары барысында Американың ірі бизнес өкілдерімен басқосуға қатысты. Президент Қазақстан мен АҚШ-тың кеңейтілген стратегиялық серіктестігі қарқынды түрде дамып келе жатқанына назар аударды.
Қазақстан-АҚШ: Ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі
2,495
оқылды

– Біз Американы маңызды се­ріктестеріміздің бірі санаймыз жә­не сан қырлы ынты­мақ­тас­тық­ты одан әрі дамытуға мүдделі еке­німізді растаймыз. Америка Құрама Штаттарының да осы ст­ра­тегиялық ұстанымды қол­дай­тыны қуантады. Оған Пре­зи­дент Дональд Трамппен 2024 жы­лы желтоқсан айында болған әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әң­гі­ме жүргіздік. Ол үшін риза­шы­лығымды білдіремін. Қазақстан Президенті Трамптың прагмати­ка­лық дипломатияны алға тар­туын, Еуропа мен Таяу Шығыс­тан бастап Азия мен Африкаға дейін­гі қақтығыстарды бейбіт жол­мен реттеуге ықпал ету ісін­де­гі рөлін жоғары бағалайды. Оның конструктивті позициясы мен нақты нәтижеге қол жет­кі­зу­ге айрықша мән беруі жаһан­да­ғы жіктелу ушыққан кезеңде шие­леністің бәсеңдеп, диалог­тың артуына ықпал етуде. Мақ­сат-міндеті айқын мұндай батыл әрі табанды әрекет халықаралық дең­гейде мойындауға лайық. Біз­дің ойымызша, бұл ұстаным­дар ертең өтетін БҰҰ-ның Жал­пы дебатында Ұйымға мүше мем­лекеттердің назарына ұсы­нылуы керек. Құрама Штаттар Қа­зақстан экономикасына 100 мил­лиард доллардан астам қар­жы құйған ірі инвестор сана­ла­ды. Екі ел экономикалық ық­пал­­­дас­тықта зор жетістікке жет­ті. Біз мұ­ны мақтан тұтамыз. Қазір елі­­­­мізде 630-дан астам аме­ри­ка­лық компания табысты жұмыс іс­теп жатыр. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank секілді танымал бренд­тер бар, – деді Президент.

Бұдан соң Мемлекет бас­шысы Қазақстан өзінің энер­гетикалық ресурстарын экс­порттау бағыттарын әртарап­тандыруды көздейтінін жеткізді. Өңірдегі экономикасы ең қуатты ел ретінде Орталық Азияға Америка бизнесінің инвес­тициясын тарту және олардың кәсіп аясын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын екенін атап өтті. Бұл бағыттағы күш-жігерге С5+ және B5+ форматындағы тұрақты ын­тымақтастық тың серпін бере ала­ды. Президент дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде жүзеге асырылып жатқан эко­номикалық және саяси рефор­малар туралы мәлімет берді. 

– Қазақстан білім мен ин­новацияға арқа сүйеген эко­номика құруды мақсат етеді. Бұл ретте цифрлық трансфор­мацияға баса мән беріледі. Еліміздің экономикасы өңірдің өркендеуінде негізгі рөл атқа­рады. Қазақстанның мұндай биікті бағындыруына Америка бизнесі айтарлықтай үлес қос­ты. Биылғы сегіз айдың қоры­тын­дысы бойынша еліміздің эко­номикалық өсімі 6,5 пайыз­ды құрады. Біз дамудың жоғары қарқынын сақтай отырып, ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізуге ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барлығы Қазақстанның тікелей шетел инвестициясына тар­тым­дылығын арттыруды көздейтінін айтты. Сонымен қатар Қазақ­стан мен АҚШ арасындағы экономикалық және инвес­тиция­лық ықпалдастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Бұрыннан екіжақты ынтымақ­тастықтың негізі саналатын энергетика секторын алғашқы басымдық ретінде атады. 

– Chevron және ExxonMobil компанияларының соңғы 30 жылда елімізге қомақты әрі табысты инвестиция салғанын мойындаймыз және жоғары бағалаймыз. Аймақтағы гео­саяси дүрбелеңдерге қарамастан, олардың еліміздегі қызметіне қатысты ешқашан күмән туған емес. Еліміздің экономикасын жаңғыртуда, озық технологиялар енгізуде, экономикалық әлеуетіміздің орнықтылығы мен қуатын арттыруда сіздердің Қазақстандағы қызметтеріңіздің жағымды әсері болды. Біз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарындағы аме­рикалық серіктестерімізбен конструктивті ынтымақтас­тықты одан әрі жалғастырамыз. Өзара серіктестігіміз алдағы уақытта да әділ әрі екі тарапқа тиімді нәтиже әкелгенін қалай­мыз. Қазақстан өзінің энер­гетика­лық ресурстарын экс­порттау бағыттарын әртараптан­дыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы АҚШ уранның орта есеппен 24 пайызға жуығын Қазақстаннан импорттайтынын алға тартты. Аталған стратегиялық маңызды міндетті жүзеге асыру ісінде Аме­риканың энергетика ком­паниялары басты рөл атқараты­нына назар аударды. Сонымен қатар Президент геологиялық барлау әрі іске асырылып жатқан жобалардың аясын кеңейту, әсіресе, уран өндіру және оны өңдеу саласында жаңа мүмкін­дік­терді зерделеу қажет екенін атап өтті. Қазақстан әлемдік уран нарығындағы сұраныстың шамамен 40 пайызын өтейді.

Президент маңызды шикізат материалдарын игеруді басым бағыт ретінде қарастыратынын жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақ­станда мыс, вольфрам, қорға­сын, мырыш, литий, графит және жоғары технологияға аса қажетті басқа да пайдалы қазба­лардың мол қоры бар екенін еске салды. Бұл мақсатта тау-кен саласында еңбек ететін инвес­торлар үшін ашық әрі мазмұнды заңнамаға негізделген қолайлы юрисдикция қалыптасқанын еске салды,. Отандық тау-кен секторына қазірдің өзінде Ivanhoe, Rio Tinto, Anglo Teck және Fortescue сияқты ірі компа­ниялар келгенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика секторындағы кең мүмкіндіктерге де тоқталды. Сондай-ақ Транскаспий халық­аралық көлік бағдарын дамыту­дың келешегі зор екеніне назар аударды. 

– Біз Wabtec компаниясының еліміздегі машина жасау және теміржол көлігі салаларын ілге­рілетудегі негізгі рөлін жоғары бағалаймыз. Қазақстан аталған компаниямен серіктесе отырып, физикалық желілерді ғана емес, үлкен дерекқорға негізделген интеллектуалды, интеграция­ланған көлік дәліздерін де құрып жатыр. Бүгін Wabtec компания­сы­мен 4 миллиард долларға жуық қаржының жаңа келісіміне қол қойылды. Бұл еліміздің АҚШ-пен көлік саласындағы ынтымақтастығын айтарлықтай нығайтады. Air Astana және SCAT сияқты алдыңғы қатарлы әуе компаниялары Boeing ұшақ­тарын пайдаланады. Азаматтық авиация паркіміздің негізі осы ұшақтардан құралған. Біз Boeing компаниясымен ынтымақтас­тықты кеңейтуге және таяу жылдары жаңа ұшақтар алуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, өзара тиімді ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты – агроөнеркәсіп кешені. Егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алатын және ең ірі астық экспорттаушы­лардың ондығына кіретін Қазақ­станның аталған саладағы мүм­кін­діктері америкалық әріп­тес­терді қызықтыруға тиіс.

– Америкалық компания­ларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін барын­ша пайдалануға шақырамыз. Біз PepsiCo және Mars компания­ларының заманауи, экспортқа бағдарланған зауыт салу жос­парын құптаймыз. Аталған бас­тамалар Қазақстанның экспорт­тық қуатын арттырып қана қоймай, өнімдеріміздің жаңа өңірлік нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Ынтымақтас­тығымызды одан әрі нығайту үшін орнықты ауыл шаруа­шылығын дамытуды, су ресурс­тарын үнемдеп пайдалануды және аталған саланы цифрлан­дыруды көздейтін ортақ Агро­инновациялық бағдарлама жа­сауды ұсынамыз, – деді Мемле­кет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мән берген келесі басымдық – цифрлық трансформация. Президент алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке және цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласында Еуразияда көш бастайтын ІТ-хабқа айнал­дыру жоспарымен бөлісті.

NVIDIA, Amazon, Starlink және Microsoft сияқты жаһандық технологиялық алпауыттар цифр­лық экожүйемізді қалып­тастыруға белсенді атсалысып жатыр. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл еліміздің ІТ саласындағы әлеуеті орасан зор екенін көрсетеді. Бұл ретте цифрлық активтер, Ин­дустрия 4.0, жасанды интеллект және «ақылды қала» шешімдері өзара ықпалдастықтың перспек­тивті бағыттары саналады. Қаржы секторы туралы сөз қоз­ғай отырып, Мемлекет басшысы дөңгелек үстел қатысушыларына «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін таныстырды. Қазір онда 80-нен аса елден 4200-ден астам ком­пания тіркелген. Оның 60-тан астамы – америкалық компа­ниялар. Бұған қоса, адами капи­талды дамытудың маңызына ерекше тоқталды.

Сондай-ақ бүгінде «Бола­шақ» бағдарламасының 800-ден астам стипендия иегері АҚШ-тың Гарвард, Массачусетс тех­нологиялық институты, Стэн­форд, Чикаго университеті се­кіл­ді маңдайалды оқу орында­рында білім алып жатыр. Бұл ретте Мемлекет жас буын көшбас­шыларын қалыптастыру үшін америкалық университет­тер­мен және зерттеу орталық­тарымен бірлескен жобалардың аясын кеңейтуді ұсынды. Сонымен қатар, Президент мәдениетке бизнес тарапынан қолдау көрсету мәселесін де қозғады.

– Қазақстанның мәдени мұра қорын құру туралы Смит­сон институтының шешімін ерекше ықыласпен қабыл ал­дым. Аталған қор халқымыздың бай мұрасын сақтау, зерттеу және әлемде насихаттаумен айналысады. Осы маңызды бастаманы белсенді түрде қол­дағаны үшін Chevron компа­ниясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт мырзаға ришалығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарымен стра­тегия­­лық серіктестікті одан әрі нығайту еліміздің сыртқы сая­сатындағы ұзақ мерзімді басым­дықтардың бірі екенін айтты.