Қазақстан 1991 жылы егемендікке қол жеткізгеннен кейін мемлекет басқарудың жаңа жүйесін құруға кірісті.
Мемлекеттік награда – ел сенімі
2,675
оқылды

Елдің ішкі және сыртқы саясаты, ұлттық қауіпсіздігімен қатар, мемлекеттік символдар мен наградалар жүйесі де жаңадан қалыптасуға тиіс болды. 1993 жылы Конституция қабылданған соң заңнамалық негіздерді жетілдіру жұмысы басталды. Осы кезеңде азаматтардың еңбегін ел алдында бағалайтын, ұлттық мақтаныш пен патриотизмді оятатын марапат жүйесі қажет еді. Осылайша, 1995 жылы 12 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңы қабылданды. Биыл заңның қабылданғанына 30 жыл толып отыр. 

Бұл заң – еліміздің егемендікке қол жет­кізгеннен кейінгі алғашқы маңызды құқықтық актілерінің бірі. Ол мемлекеттілікті нығайту, азаматтардың қоғам алдындағы еңбегін ба­ғалау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қабылданды. Қазір ресми ма­рапаттар жүйесі Мемлекеттік және Ве­дом­стволық марапаттардан құралады. Мем­ле­кеттік наградалар – адамның адал еңбегін, ерлігін бағалау мақсатында берілетін ең­бек­қорлық­тың, әділдіктің, табандылықтың мән-маңы­зын ұғындыратын мотивация кө­зі болып табылады. Сол себепті награда бір адам үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін маңызды. 

Қазақстан Республикасының ең биік марапаттары – «Алтын Қыран» ордені және «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтары. Аталған марапаттар саналы ғұмырын елдің өркендеуіне арнаған жандарға беріледі. «Отан», «Барыс», «Даңқ», «Достық», «Құрмет» және басқа да ордендер бар. Ордендер тұлғаларға мемлекеттiк және қоғамдық қызметтегi, ғылым мен мәдениет саласындағы жетістіктеріне, егемендікті нығайту ісіндегі белсенділігіне, әскерлерге басшылық жасау және оларды басқару ісіндегі табыстарына байланысты табыс­талады. Мәселен, «Достық» ордені бейбіт­шілікті нығайтуға, ұлттар мен халықтар арасындағы достық пен өзара ынтымақ­тастықты тереңдетуге айрықша үлес қосқан азаматтарға беріледі. Ол қоғамдағы келісім мен татулықты, ұлттық бірлік пен өзара түсіністікті сақтап, дамыту жолындағы ерен еңбекті ерекше бағалаудың айғағы. Өйткені нағыз еңбек пен ерліктің шекарасы болмайды. Халық атынан берілетін бұл марапат – ел сенімінің, Отан ризашылы­ғының жарқын белгісі. Еліміздің мемлекеттік марапаттарының атаулары ұлттың рухы мен қадір-қасиетін айшықтайды.  

2010 жылдың 8 маусымында «Даңқ кітабы» жарық көрді. Оған мемлекеттік награда алған, елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың есімдері енгізілді. 2016 жылдың 6 желтоқсанында Ұлттық музейде тұғырға қойылып, электронды нұсқасы таныстырылды. «Даңқ кітабына» есімдердің енгізілуі жылына бір рет салта­натты түрде жүзеге асырылады. Бұл – тарихты сақтауға, ұлтжанды тұлғаларды дәріптеуге бағытталған маңызды құрал.  

Мемлекеттік наградалар заңына қатысты ережелер мен тәртіптер уақыт өте келе жаңарып, өзгерістерге ұшырап отырады. Бұл – қоғам дамуының, мемлекеттік сая­саттың жаңа талаптарына бейімделудің бір көрінісі. Мысалы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 17 маусымында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік наградалар саласының қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар екенін атап өтті. Сондай-ақ елімізде күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекетімізді өркендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып жүрген жандар аз емес екенін баяндай келе, олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқару­шы және басқа да мамандық иелері бар екенін мәлімдеді. Оған қоса, қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс екенін жеткізді. Президент мемлекеттік сый­лықтарға әл-Фараби, Абай, Ахмет Бай­тұрсынұлы сынды халқымыздың біртуар перзенттерінің есімі берілгенін де назардан тыс қалдырмады. Оның тұжырымдауынша, мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есі­мін ел жадында сақтау үшін қажет. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық идеологияның осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасатынын, мұндай қадамдардың отаншылдық рухты асқақтату үшін қажет екенін алға тартты. Ал 2024 жылдың 15 наурызында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру шаралары қолға алынғанын, елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар екенін, осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрма­ғамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санайтынын жеткізген болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жо­лындағы маңызды қадам екенін, сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртатынымызды және халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктететінін айтты. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Соған сәйкес, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қай­раткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген инженері», «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген кеншісі», «Қазақ­станның еңбек сіңірген геологі», «Қазақ­станның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтары еңгізілді. Бұл атақтар мамандарды ын­та­ландырып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ықпал етеді.

«Қазақстан Республикасының мем­лекеттік наградалары туралы» заңының қабылданғанына 30 жыл толуы – бұл жай ғана бір құқықтық құжаттың мерейтойы емес, бұл – тәуелсіз еліміздің жүріп өткен сара жолын ұғыну, ел игілігі үшін аянбай тер төккен азаматтардың еңбегіне деген құрметтің белгісі. Бұл – елге адал қызмет етудің асыл мұрат екенін ұлықтайтын, ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін рухани бағалау тетігі. Алдағы уақытта аталған заң ел патриоттарын танудың, олардың өрелі еңбегін әділ әрі лайықты бағалаудың маңызды да сенімді құралы бола беретіні сөзсіз.

Айзара ДӘУРЕНҚЫЗЫ, 

«Геральдикалық зерттеулер орталығы» 

РММ ведомстволық және 

өзге де наградаларды сараптау

бөлімінің бас маманы