Бүгін Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа білім беру саласының мазмұнына байланысты депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан білім мен ғылымға басымдық беріп келеді. Президент алғашқы кезден-ақ ұстаздардың мәртебесін көтеріп, биылғы Тамыз кеңесінде де білім сапасын арттыруды басты міндет деп атап өтті.
Депутат соңғы жылдары атқарылған жұмыстарды да тізіп өтті: білім саласына бөлінетін қаржы үш есеге көбейген, 1200 жаңа мектеп ашылған, «Келешек мектептері» жобасы аясында жүздеген мектеп салынып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды, ұстаздарға жаңа атақтар мен марапаттар берілді.
Сонымен қатар ол бірқатар нақты ұсыныс айтты:
Бірінші, бастауыш сыныптарда (1-4 сыныптар) «Әліппе», «Ана тілі», математика пәндерін негізгі етіп қалдырып, дамыту қажет деп санаймыз. Баланың білімді қабылдау физиологиялық мүмкіндіктеріне байланысты бұл ұсыныс эксперттермен талқылануы тиіс. Бұдан бөлек, 2016 жылғы стандартқа сәйкес балалардың балабақшадағы әріптерді, буынды қосып оқуды меңгеруі талабын қайта қарап, 1-ші сыныпта балалардың «Әліппемен» әріп үйрену, буынға қосып оқу секілді оқу сауаттылығының терең қалыптасып, дамуына мән берілуі тиіс.
Екінші, жоғары сыныптарда мамандығына байланысты кәсіби бағдар негізінде баланың болашағына қажетті қазақ тілі, қазақ әдебиеті, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, тарих, құқық негіздері, шет тілдерін тереңдетіп оқыту жүйесін жетілдіру қажет. Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың бөлімді жиынтық бағалау (БЖБ), тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) секілді формалды жүйелерді білім үдерісінен алып тастауды және бағалау тәсілін құндылыққа, жеке даму прогресіне бағыттауды қолға алу қажет.
Үшінші, балабақшалардан бастап барлық орта мектеп бағдарламасына еңбекке баулу, шығармашылыққа үйрету және тұлғалық дамуға бағытталған бірыңғай әдістемені енгізу шарт. Президенттің тапсырмасына қарамастан, бірыңғай мектеп формасы әлі енгізілген жоқ. Әр мектеп өз талаптарын қойып, ата-аналарды қымбат киім алуға мәжбүрлеуде. Білімге қолжетімділік тек оқу құралдарымен емес, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Осыған байланысты «әлеуметтік әмиян» жүйесін тиімді іске қосып, нақты көмекке мұқтаж отбасыларға автоматты қолдау тетіктері қажет.
Төртінші, мұғалімдерді бюрократиялық есеп беру міндеттемелерінен босатып, тек оқыту мен тәрбиелеуге назар аударуына жағдай жасалуы тиіс.
Бесінші, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын тәжірибеге негізделген және нақты құралдармен жабдықталған жүйеге көшіруді ұсынамын, – дейді депутат.
Балабиевтің айтуынша, бұл ұсыныстар Президенттің жүктеген тапсырмаларымен үндес және білім сапасын көтеруге бағытталған.