Жаһандағы саяси көшбасшылар бас қосып, әлемдік қауымдастықтың назарында болған БҰҰ Бас Ассамблея­сының 80-ші сессиясының Жалпы дебаты мәресіне жетті.
БҰҰ басқосуы: бейбітшілікке үндеген бастамалар кезеңі
1,138
оқылды

Алпауыт елдерден бастап, орта державалар да көзқарасы мен ұстанымын ашық жеткізген жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та сөз сөйледі. Әдеттегідей басты түйін ретінде ұйымды реформалау, сын-қатерлер, әлемдік өзгерістерге бағыт-бағдар жайы айтылды. Осы ретте басқосуда Мемлекет басшысы көтерген идеялар мен мәселелерді бағамдадық.

Ұйымды реформалау – ұдайы өзекті

Жиын басталған сәттен мінберде­гілер­дің әлемдегі саяси тұрақсыздыққа ба­сым­дық беретіні аңғарылған. Ұйым­ның ықпалы бәсеңдегені, халық­ара­лық құқықтардың бұзылып жатқаны он­сыз да аз айтылған емес. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі ұйым­ның позициясын нығайту бастамасын көтерді. 

– Біріккен Ұлттар Ұйымы 80 жыл­дан бері адамзатқа төнген жаһандық cын-қатерлерді еңсеруде басты рөл ат­қарып келеді. Осы жылдар ара­лы­ғында Ұйым біздің ұжымдық қауіп­сіз­дік, ядролық қаруды таратпау, бей­біт­шілікті сақтау, өсіп-өркендеу, кедей­лік­ті азайту, орнықты даму және адам құ­қығын қорғау бағытындағы ортақ күш-жігерімізді ілгерілетуге баста­ма­шы болды. Алайда ақиқатқа тура қа­рауымыз керек: әлем түбегейлі өз­геріс­ке ұшырады. Өкінішке қарай, жақ­сы жаққа қарай өзгерді деп айту қиын. Дәл сол себепті жер жүзіндегі мил­лиондаған адам Біріккен Ұлттар Ұйы­мына үлкен үмітпен көз тігіп отыр. Бүгінгі тарихи кездесу – әмбебап жә­не баламасы жоқ Ұйымның іргелі қа­ғидаттары мен мақсаттарына қан­ша­лықты бейіл екенімізді дәлелдейтін орай­лы мүмкіндік. Әйтсе де, біз көп­жақты институттарға деген сенімнің дағ­дарысқа ұшырағанын айтпай кете алмаймыз. Халықаралық құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» ай­налды. Соның салдарынан, әлемдегі тұ­­­­рақтылыққа нұқсан келіп, халық­тар­дың, саяси көшбасшылар мен мем­лекеттердің бір-біріне сенімі әлсі­рей түсті, – деді Президент.  

Сонымен бірге Мемлекет басшысы өз сөзінде БҰҰ позициясының ны­ғаюы­на  қолғабыс ету қажет екенін атап өтті. 

– Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ық­пал етіп, Ұйымның құбылмалы за­ман­ға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қа­жет. Өзара түсіністік пен ынты­мақ­тас­тық рухы соғыс өртін тұтандырудан ба­сым болуға тиіс. Мемлекеттер бас­шы­лары бейбітшілікке ұмтылу жо­лын­да жауапкершілік арқалайды. Қа­зіргі буын көшбасшыларының әре­­­кетсіздік танытуға еш құқығы жоқ. Өйткені оның зардабын келесі ұрпақ тар­тады. Осы орайда Біріккен Ұлттар Ұйы­мын жан-жақты реформалау то­лассыз талқыланатын тақырып емес, нағыз стратегиялық қажеттілік еке­ні­не назар аударғым келеді. Бізге БҰҰ-ны реформалау жөнінде нақты ұсыныс әзір­лейтін жоғары кәсіби және оны еш ойланбастан алға жылжытатын пі­­­кірлестер тобын құру қажет. Ұйым бүгінгі сын-қатерлерге және ертеңгі мін­деттерге сай болуы керек, – деді Президент.  

Мемлекет басшысы реформаны ұйым­ның Қауіпсіздік Кеңесінен бас­тау туралы ұстанымын жеткізді. Қа­зақстан бұл мәселеге көптен бері зер салып келе жатқаны белгілі. Жасырары жоқ, БҰҰ жаһандағы теңдессіз ұйым, ал­мағайып кезеңдерді бастан өткерді, со­ғыстан қажыған елдердің басын қос­ты, айбарлы шағы болды, ізгілік жо­­лын­да да бастамашы ретінде кө­рін­ді. 

Бірақ әлем өзгерді, қазір жер бетін­де 120 қақтығыс ошағы бары айтыла­ды. Бірнешеуі өте ауқымды, адам­зат­тың қауіпсіздігіне, экономикаға кері әсе­рін тигізіп отыр. Ұйымның құл­ды­ра­ғаны, сол сәтте басқа аймақтық бір­лестіктер ықпалын арттыруға ты­ры­сып, ғаламдық тәртіп пен әділдіктің жоғала бастағаны сезілді. 

– Біріккен Ұлттар Ұйымын жаң­ғыр­туды көздейтін мұндай батыл әре­кет Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуға тиіс. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Сонымен қатар Қазақстан жауап­кер­ші­лігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Іс жү­зінде орта державалар қазірдің өзін­де теңгерімді сақтауға және өзара се­нім­ді нығайтуға үлес қосып, халық­ара­лық қатынаста жағымды рөл ат­қара бастады. Ұлы державалардың бас­тары бірікпегенде немесе барша адам­затты алаңдататын өзекті проб­ле­маларды шешуге қауқарсыздық та­нытқанда мұндай елдер БҰҰ аясын­да дәнекерге айналады, – деді жиында Қазақстан Президенті.

Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев XXI ғасырда БҰҰ беделін кө­теру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер бей­бітшілік пен қауіпсіздіктің іргесін бе­кемдейтін нақты қадамдар жасауға тиіс екенін қоса айтты. Әйтпесе, БҰҰ үне­мі мәселенің салдарымен ғана кү­ресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе бе­ре­ді.

Қақтығыстарға қарсы күш біріктіру қажет

Әлемдегі қақтығыс ошақтарының са­ны жүзден асып кеткенін айттық. Оның ішінде, Таяу Шығыс пен Украи­на­дағы жағдай кейінгі жылдары саяси аре­наның, адамзаттың алаңына ай­нал­ды. Қазақстан Президенті бұған қа­тысты әлемдегі қауіпсіздік архи­тек­турасын қайта қалпына келтіру бас­та­масын ұсынды. 

– Әлем сенімге, ашықтыққа және ор­тақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жар­ғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ере­же­сін халықаралық қоғамдастықтың ба­сым бөлігі ескірген деп санайды. Сон­дықтан Жарғыны қайта қарау мә­селесін талқылайтын уақыт келді. Бү­гінде біз алаңдатарлық ахуалға куә бо­лып отырмыз: қарулануды шектей­тін шарттар сақталмайды, демек ст­ра­тегиялық тұрақтылықтың да іргесі сө­гіл­е бастады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Мемлекет басшысы дә­лел ретінде бірнеше статистиканы алға тартты. 2024 жылы дүние жүзінде әс­керді жарақтандыруға кеткен шы­ғын рекордтық деңгейге жетіп, 2,7 трлн долларды құраған. Ал жаһандағы зорлық-зомбылықтан келген залал­дың шығыны 20 трлн долларға жуық­тады. Сондықтан әлемдегі қауіпсіздік ар­хитектурасын қайта қалпына кел­тіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болуға тиіс.

Геосаяси қақтығыстар көбейген сайын ядролық қару мәселесі қайта өзек­ті бола бастады. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін, БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сес­сия­сында 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тартудың страте­гия­лық жоспарын назарға алған еді. Са­рапшылар болжағандай, сол тақы­рып­ты қайта қозғауға негіз болып отыр. 

– Біз ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар ара­сындағы жоғары деңгейдегі диа­логты қайта бастауды қолдаймыз, көп­жақты әрекеттің жандануына күш салуымыз керек деп санаймыз. Кең кө­лемде алып қарасақ, соғысқұмарлық мен­талитетін түп-тамырымен жоятын күр­­делі жұмысқа кіріскен жөн. Бұл жү­зеге асыруға болатын шаруа. Бас­ты­сы, мемлекеттердің бейбітшілік жо­­­­лында қанша қаржы жұмсап отыр­ғанын мұқият бақыласақ болғаны. Қа­зақстан ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаңа диалогқа дайын. Біз ядролық қаруды таратпау туралы шарт­ты күшейтіп, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт­тың орындалуына түрткі болу үшін бейресми пікір алмасуларға мән бере аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемел­ұлы қауіпсіздік мәселесі әрқашан өзек­ті екенін меңзеді. Атап айтқанда, биологиялық қауіпсіздікті сақтау үшін  халықаралық қауымдастықтың тізе қосқаны керек. 

– Сонымен қатар біз бұған дейін айт­қан, Биологиялық қауіпсіздік жө­нін­дегі халықаралық агенттік құру ту­ралы ұсынымымызды жүзеге асыру­ға шақырамыз.

Қазақстан бейбіт тұрғындарға ора­сан зор залал келтіріп, жаһандық се­нім­ге селкеу түсірген және халықара­лық қауіпсіздікті әлсіреткен Украина ай­наласындағы дағдарысқа алаң­дау­лы.

Дегенмен аталған қақтығысты тоқ­тату үшін екіжақты және халықаралық дең­гейдегі дипломатиялық күш-жі­гер­ді жалғастырып, қос мемлекет ұзақ­мерзімді мүдделеріне сай келетін сая­си икемділік көрсетуі керек, – деді Қ.Тоқаев.

Ауқымды басқосуда Қазақстан Президен­ті ірі қақтығыстарға жекелей де тоқталып, халықаралық қауіпсіздік жө­нінде сөз етті. Әсресе, Украина айнала­сын­дағы дағдарысқа алаңдаулы екенін жа­сырмады. 

– Территориялық дау-дамайды шешу ешқашан оңай болған емес. Ол келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақтың да барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуын талап етеді. Өшпенділік психологиясы қақтығысқа қатысушы тараптардың бітімге келуіне мүмкіндік қалдырмай, қай-қайсысын да құрдымға жібереді. Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы, тіпті қорқынышты. Оған бейжай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Қазақстан Таяу Шығыс­тағы өңірлік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық ұсынымдарды қолдайды. Егер көшбаcшылық пен саяси ерік-жігер болса, бұл құжаттар араздықты ынтымақтастық пен ортақ игілікке айналдыруға болатынын көрсетеді. Сондай-ақ біз АҚШ Президентінің араағайындығымен Әзербайжан мен Армения қарым-қатынасының қалыпқа түскенін ерекше ықыласпен қабыл алдық. Бұл дипломатия мен парасатты шешімнің арқасында ұзақ жылға жалғасқан кез келген қақтығысты реттеуге болатынын дәлелдеді. Қазақстан осы қағидатқа сүйеніп, дауды ушықтыр­ғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды. Қазіргі геосаяси шиеленіске қарап, кейбір саясаткерлер «өркениеттер қақтығысынан қашып құтыла алмаймыз» деген пікір айтып жүр. Алайда мұндай алауыздық тағдырдың жазуы емес, олардың саяси таңдауы. Ғылым, медицина, спорт, дін және мәдениет сияқты жаһандық игіліктер геосаяси бөліністің құралына айналмауға және санкция салуға себеп болмауға тиіс. Адамзат өміріндегі бұл ізгі құндылықтар бізді гуманизм идеясына біріктіреді. Саясаткерлер жауапкершіліктен жұрдай мәлімдеме жасағанда немесе дін мен болмысты саяси ұпайын түгендеу үшін бұра тартып, ағат әрекетке барғанда сенімге селкеу түсіп, бейбітшілікке ұмтылған ерік-жігер жасиды. Анығында, саяси көшбасшылық – бір-біріне күмән-күдікпен қарап, менмендік таныту емес, өзара түсіністік пен құрметтен тұрады. Әлемге тірек болып тұрған толеранттылық пен парасаттылық заң үстемдігіне арқа сүйеуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орталық Азия жаһандық экономикаға үлес қоса алады

Қазір жаһандық саясат һәм экономикада Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның рөлі арта бастағаны байқалады. Президент басқосу мінберінде бұл жайтты да ескерусіз қалдырмады. 

– Біз жікке бөлінушілік барған са­йын күшейіп, инвестиция ағынына қа­тыс­ты саяси сыңаржақ ұстаным белең алғанына куә болып отырмыз. Соның сал­дарынан, былтыр әлемдегі тікелей шетел инвестициясының көлемі 1,5 трлн долларға дейін қысқарды. Қазақ­стан инвестиция саласындағы ха­лық­аралық ынтымақтастық аясын кеңей­туді табанды түрде жақтайды. Тәуелсіздіктің 30 жылында ел экономикасына 400 млрд доллардан астам қаржы тартылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еуразия төрінде орналасқан Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызына қызмет көрсететін логистикалық хаб ретінде шешуші рөл атқарып отырғаны да қоса айтылды. «Бір белдеу, бір жол» бастамасына, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізіне және Транскаспий көлік бағытына ондаған млрд доллар инвестиция салынбақ. Қазақстан қалыптасып келе жатқан жаһандық көлік жүйесінің өзегі саналатын аймақтық жеткізу тізбегін дамытуды жалғастыра бермек. 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа теміржол салу жоспарланған. Сондай-ақ аймақтағы саяси түйткілдерді шешуде де Қазақстан билігі белсенді әрекет етіп жүр. 

– БҰҰ Бас хатшысы мен Ұйымға мүше мемлекеттердің қолдауының арқасында Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Бүгінде Орталық Азияның бірлігі мен өзара сенімі жаңаша сипат алып, өңір халықаралық бейбітшілік пен прогрестің белсенді қатысушысына айналды. «Орталық Азия бестігі» ынтымақтастығын нығайтуда. Сол арқылы тату көршілік дамуға да, қауіпсіздікті күшейтуге де оң септігін тигізетінін дәлелдеп отыр. Соның арқасында біздің өңір әлемдегі негізгі серіктестерімен «Орталық Азия плюс» форматында диалог жүргізе бастады. Қазақстан Ауғанстанның инклюзивті дамуын аймақтағы ұзақмерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі деп санайды. Біз ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетіп, сауда, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және көлік тасымалы салаларындағы ықпалдас­тығымызды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Экология мәселесі жер бетіне ортақ

Жиын барысында Қазақстан Президенті Бас Ассамблеяға 22 сәуірді «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні» деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды. Себепсіз емес, қазір әлемде экологиялық ахуал күрделі, былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болған. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екені айтылды. 

– Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алды. Жоспарлы іс-әрекетіміздің арқасында, соның ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық. Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде еліміз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады. Дегенмен Каспий теңізі күннен-күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз. Былтыр Қазақстан Франция, Сауд Арабия­сы және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп One Water саммитін өткізді. Болашақта су тапшылығын болдырмау мақсатында анағұрлым тығыз үйлестіру, инвестиция және орнықты шешім қажет. Аталған мәселені күн тәртібіне шығару үшін еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа халықаралық құрылымдармен серіктесе отырып, келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы міндеттемелеріміз аясында елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл қозғалыс тазалыққа, қоқыс жинауға және экологиялық ағартушылыққа атсалысатын миллиондаған еріктіні ортақ іске жұмылдырады. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды «Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялады. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрін осы маңызды бастамаға қолдау білдіріп, ынтымақтастық орнатуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бұл бастамасы тектен-тек емес, өйткені Арал немесе Кас­пийдің тартылуынан туындаған проблемалар бір ғана Орталық Азиямен шектелмейді, зардабы басқа құрлықтарға да жетеді.

Сөз соңында Президент Қазақстанның мақсаты «үстемдік құру емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік» екенін басып айтты. 

– Ел ішіндегі мемлекеттік басқару реформаларын тереңдету және шетелдегі жаһандық басқаруды қолдау – басты бағдарымыз. Біз бұл бағытты берік ұстанамыз. Біз халықаралық қоғамдастықтың басқа да мүшелерімен бірлесе отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік, әділеттілік және ынтымақтастық шамшырағы екенін растауға дайынбыз, – деп қорытындылады.

Түйіндер болсақ, Қазақстан осы жолғы басқосуда жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымын ашық жеткізді. Әрі Мемлекет басшысы бірнеше елдің Президентімен кездесіп, түйткілдерді талқылап, алпауыт компаниялардың елімізге келуіне ықпал ететін диалог орнатқанын байқадық. Бұл – үлкен жетістік екені даусыз.

Мадияр ТӨЛЕУ