Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар электрондық сауда мәселелері туралы заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Электрондық сауданы реттеу туралы заңды мақұлдады
3,540
оқылды

Отырыс барысында палата депутаттары «2017 жылғы 11 сә­уірдегі Еуразиялық экономи­ка­лық одақтың Кеден кодексі ту­ра­лы шартқа өзгерістер енгізу ту­ралы хаттаманы ратификац­ия­лау туралы» заңды қарады. Хат­та­маны ратификациялау элек­трондық сауданы реттеу үшін құ­қықтық база құруға, элек­трон­дық сауда тауарларын кедендік әкімшілендіруді жақсартуға, тех­никалық регламенттердің сақ­талуына және әкелінетін та­уар­лардың қауіпсіздігін қамта­масыз етуге бақылауды күшей­ту­ге жол ашады. Сондай-ақ ке­­ден­дік тө­лем­дер мен салық­тарды жинау есе­бінен бюджетке түсетін тү­сім­дерді ұлғайтуға мүм­кіндік береді.

«Қаралған хаттама шетелдік интернет-алаңдарда сатып ал­ын­­ған тауарлардың кедендік ше­­ка­радан өту тәртібін айқын­дауды көздейді. Соған сәйкес, «элек­трон­дық сауда операторы» ұғымы және кедендік деклара­ция­ның жаңа түрі – электрондық сауда декларациясы енгізіліп отыр. Құжатта кедендік әкімші­лендіруді жетілдіруге арналған өзге де нор­малар бар. Алдағы уа­қытта заң Еуразиялық эконо­микалық одақ­қа мүше мемле­кет­тер арасында электрондық сауда саласындағы ынтымақтастықты одан әрі да­мы­туға оң септігін тигізеді деп се­не­міз», – деді Мәу­лен Әшімбаев.

Сонымен қатар палата оты­рысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолады.

Бекбол Орынбасаров Электр энергиясын бірыңғай сатып алу­шыға қатысты қазіргі жағдайға байланысты жұртшылықтың алаң­­даушылығына назар ауда­рып, осы мәселе бойынша бір­қатар ұсыныс айтты.

Әли Бектаев аграрлық ғылым саласындағы олқылықтарға тоқ­талып, аталған бағытты жетілді­руге қатысты өз пікірін білдірді. Осыған орай депутат Үкіметке Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің зерттеу инфра­құрылымын жаңғыртуға нақты қолдау көрсетуді ұсынды.

Андрей Лукин өз сауалында бюджеттік және квази-бюджеттік ресурстардың тиімсіз жұмсалға­нын айтты. Сенатор Денсаулық сақтау министрлігінің ардагер­лерге арналған Орталық клини­калық госпиталінің өз ғимараты жоқ екеніне және басқа біреудің ғимаратын ақылы негізде жалға алуға мәжбүр болғанына наразы болды. Бұл көрсетілетін қызмет­тердің сапасы мен қолжетім­ділігіне, ең алдымен, әлеуметтік осал санаттар үшін кері әсер ете­тіні анық.

Сүйіндік Алдашев Үкіметтің Шымкент мұнай өңдеу зауытында өнім шығаруды ұлғайту арқылы Маңғыстау облысында жанармай тапшылығын жоюға арналған жоспарына қатысты мәселелерге алаңдаушылық білдірді.

Қайрат Тастекеев еліміздегі жабайы жыртқыш жануарлардың санын бақылау мен реттеуді кү­шейту қажет екенін айтып, нақты шаралар ұсынды. Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығына зиян келтіретін және елді мекен­дерге жиі кіретін аю, қасқыр, жабайы қабан, шибөрі сияқты аң­дар популяциясының көбеюі халықты алаңдатып отырғанын тілге тиек етті.

Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысына қатысты және өңірдің тұрақты дамуына тікелей әсер ете­тін жүйелі проблемалар туралы айтты. Сенатор Үкіметті облыс жыл сайын республикалық бюд­жеттен қажетті қаржыландыру­ды алмайтынына назар аударуға және тиісті шаралар қабылдауға шақырды.

Талғат Жүнісов елдегі жұқа жүнді қой шаруашылығының жай-күйіне тоқталып, бұл салада қиындықтар артып келе жатқанын атап өтті. Депутат жасаған ұсы­ныс­тардың қатарында Қазақ қой шаруашылығы филиалына қа­жетті стратегиялар әзірлеу және іргелі зерттеулер жүргізу жөніндегі үйлестіруші орталыққа айналатын ғылыми-зерттеу институты мәр­тебесін қайтару туралы бастама да бар.

Руслан Рүстемов Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашы­лығы ғылыми-зерттеу институ­тының материалдық-техникалық базасы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді деп есептейді. Бұл топырақтың тозуы мен тұзда­нуын төмендету және суармалы егін­шілікті дамыту бойынша сапалы зерттеулер жүргізуге ке­дер­гі кел­тіреді. Осыған байла­ныс­ты сена­тор институтты дамытуға арналған бастамалар кешенін жариялады.

Ғалиасқар Сарыбаев Ассы-Түрген обсерваториясының ахуа­лына назар аударып, елдегі ас­тро­физика саласындағы қолданбалы және іргелі зерттеулердің дамуын тежейтін мәселелерді атап өтті. Сенатордың пікірінше, бұл ретте, ең алдымен, инфрақұрылым, ин­тернетке қолжетімділік, электр энергиясымен қамтамасыз ету бағыттарындағы проблемаларды шешу және зерттеуге қажетті қымбат жабдықтарды бажсыз әкелуді қарастыру керек.

Ернұр Әйткенов тапсырыс­тардың жетіспеуіне байланысты Екібастұз қаласындағы «Қазақ­стандық вагон құрастыру компа­ниясы» ЖШС-ның тоқтап қа­луы­на қатысты түйткілге Премьер-Министрдің назарын аудар­ды. Осыған орай депутат ұлттық операторлардың есебінен оларды өндірістік тапсырыстармен қам­тамасыз етумен бірге вагон жасау кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуді және іске асыруды ұсынды.

Бекболат Орынбеков Жамбыл облысы Тараз және Шу қалала­рындағы инженерлік желілердің жоғары тозу проблемасына тоқ­талып, өңірдегі инфрақұрылым­ды жақсарту бойынша бірқатар нақты бастаманы атап өтті.

Бибигүл Жексенбай адам көп жиналатын жерлерде, әсіресе ойын-сауық мекемелерінің ау­ма­ғында қоғамдық қауіпсіздіктің сақтала бермейтінін айтып, сауал жолдады.