Депутаттардың талқылауына бірқатар халықаралық құжатты ратификациялау туралы заң жобалары ұсынылады.
2020 жылғы 6 қарашада қол қойылған ТМД-ға мүше мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімде экспорт, транзит және межелі елдерде міндетті рұқсат алумен қатар, жүк жөнелтушілер, жүк алушылар және тасымалдаушылар үшін бірыңғай ережелер мен қауіпсіздік талаптары нақтыланады.
Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге 2024 жылы 10 қазанда Ашхабадта қол қойылды. Құжат қылмыстың 14 түрі, оның ішінде ұйымдасқан қылмыс, терроризм, экономикалық және есірткіге байланысты қылмыстар және басқалар бойынша ынтымақтастықтың құқықтық негізін айқындайды.
Жалпы отырыста палата комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдайды. Олардың қатарында Еңбек кодексіне еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша түзетулер мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігімен стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім бар.