Бүгінгі әлем бұрынғысынан өзгерек. Сол себепті де климаттың құбылуы, халық санының артуы, әлемдегі геосаяси шиеленістер ауыл шаруашылығына айрықша міндеттер жүктеп отыр.
Қайрат Балабиев, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Ізденіс болмаған іс ілгері баспас
1,886
оқылды

Ауылы аман, шаруасы бүтін елдің экономикасы тұрақты. Өз азығын өзі өндіреді, ұпайы да түгел. Президент те халыққа Жолдауында бұл басымдықты басып айтты. Әсіресе, жерді басқарудағы түбегейлі өзгерістерді, цифрлық технологиялардың күші және қолданбалы ғылымның әлеуетін айқындап берді. Бірақ миллиондаған гектар жердің бос жатуы, алыпсатарлықтың белең алуы және азық-түлік құнының қымбаттауы сияқты мәселелер қоғамды алаңдатып отыр. Жерді кім иеленуге тиіс? Ауыл шаруашылығы қайтсек алға басады? Бұл сұрақтарды Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевке қойған едік.

– Президент Жолдауында жер мәселесіне ерекше тоқталды. Сіз­діңше, жерді басқаруда қандай түбегейлі өзгерістер керек?

– Жер – стратегиялық ресурс болғандықтан, ол кім көрінгеннің қолында емес, жердің қадірін біле­тін, оны игеріп, ел игілігіне жара­та­тын азаматтардың қолында бо­луға тиіс. Мысалы, соңғы төрт жыл­дың ішінде мемлекет меншігі­не 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылғанымен, әкімдер соның тек 6 миллионын ғана қайта үлестірген. Бұл – жай ғана статис­тика емес, елдің азық-түлік қауіп­сіз­дігіне тікелей әсер ететін мәселе. Ауылдың қаншама адамы егіндікке жер таппай отырғанда, кең-байтақ аумақтың бос жатуы ақылға қо­ным­сыз. Сондықтан алдағы жыл­дың ортасына дейін әкімдер қай­тарылған жердің барлығын нақты айналымға енгізіп, ауылдағы жа­йылым тапшылығын түбегейлі шешуге тиіс.

Бұл мәселеде алыпсатарлардың да үлесі жоқ емес. Сол себепті жер­ді оңды-солды аукцион арқылы сатып, делдалдардың қолына өт­кізуге жол берілмеуі қажет деп есеп­теймін. Сондай-ақ жаңа иеле­ну­шілерге де қойылатын басты та­лап мемлекеттен алған жерді иге­ріп, өндіріс ошағына айналдыру болып отыр. Бұл ауыл шаруашы­лы­ғының дамуына ғана емес, ха­лықтың кейінгі тұрмыс-тіршілігіне де тікелей ықпал етеді.

Президент сонымен қатар за­манауи технологияларды енгізуді міндеттеді. Ауыл шаруашылығы жерлерін спутник арқылы бақылап, жасанды интеллект көмегімен олар­дың сапасын, егіннің шығы­мын, дақылдардың жай-күйін те­рең талдау қажет. Жердің бірыңғай цифрлық картасы жасалып жатыр, оған кадастрлық мәліметтерден бастап, инфрақұрылым мен жер қой­науын пайдалану жайлы де­ректер енгізіледі. Осы картаның арқасында қазір бос жатқан мил­лиондаған гектар жердің нақты жағ­дайы анықталып, оны ха­лық­тың қажетіне жаратуға мүмкіндік туады.

Жаңа иеленушілер алған жерін бос жатқызбай, шынымен егін егіп, мал жаюы тиіс. Бірақ мұнда тағы бір үлкен мәселе бар – жердің әділетті бөлінуі. Біз оны кім кө­рінгенге қағаз жүзінде беріп қойып, оны кейін иесі пайдаланбай бос қалдырған жағдайға жол бермеуіміз керек. Осыны қадағалауда элек­трон­ды конкурс пен цифрлық ба­қылаудың рөлі зор. Бүгінде жерді спутник арқылы бақылап, жасанды интеллект көмегімен қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын көруге болады. Бұл – үлкен жетіс­тік. Бірақ жемқорлық пен заңсыз­дық жойылмайынша, нәтиже толық болмайды.

Сондықтан ауыл шаруашы­лы­ғына арналған жерді нақты ша­руаларға, яғни егін егіп, мал ұстап отырған азаматтарға беру қажет деп ойлаймын. Сонда ғана жердің шы­найы құны артып, елдің азық-түлік қауіпсіздігі де нығая түседі.

– Азық-түлік қауіпсіздігі де­мекші, жақында ғана ет бағасының күрт қымбаттауына не себеп болды деп ойлайсыз?

– Ет бағасының шарықтап ­ке­туінің бірнеше себебі бар. Ең бі­ріншіден,  соңғы жылдары ха­лықтың ауыл шаруашылығынан алыс­тап, сауда-саттық пен қызмет көрсету саласына кетуі – басты факторлардың бірі. Сондықтан болар  Президент Ауыл шаруашы­лығы министрлігіне мал шаруа­шылығын дамыту үшін арнайы жос­пар әзірлеп, оны қаржылан­дыруды бастап, сонымен бірге осы саланың экспорттық әлеуетін күшейтуді тапсырған болатын. Өйт­кені бағасы 6 мың теңгеге дейін көтерілді. Нарыққа шығарылып жатқан малдың өзі бізде өсірілген емес, көбіне көршілес елдерден әкелініп, бордақыланған импорт­тық мал болып отыр.

Осы себептен бізге ата кәсіпті жүйелі түрде дамытып, өзіміздің мал шаруашылығын кеңейту қажет, әйтпесе халықты арзан етпен қамтамасыз ете алмаймыз. Сыртқы нарықта баға қымбат болса да, етке сұраныс жоғары болғандықтан, саудагерлер көбірек табыс табуды ойлайды, ал оларды кінәлауға да келмейді, себебі нарық заңы солай.

Дегенмен күн сайын шамамен 150 мың бас малдың қара нарық арқылы көрші елдерге кетіп жат­қаны қауіпті құбылыс екенін ашық айтуымыз керек. Ұлан-ғайыр дала­мыздың көп жері бос жатса да, ауыл тұрғындары мал жаятын жер таппай отыр. Жайылымға жа­райтын аумақтар бар болғанымен, ол жерлерде су болмағандықтан, мал бағуға келмейді. Егер баяғыдай қойшы ауылдарды көбейтіп, мал шаруашылығын өркендетсек, бү­гінгі ет бағасы мұншалықты қым­бат­тамас еді.

Мал ұстайтын үй шаруашылығы азайды, ал сұраныс керісінше өсті. Екіншіден, жайылым тапшылығы қатты сезілуде. Су жеткізілмеген, инфрақұрылымы жоқ жайылым жер­лер пайдаланылмай отыр. Үшіншіден, экспорт саясаты жүйе­ленбеген. Мұның барлығы ет баға­сына тікелей әсер етеді. Егер біз инфрақұрылымды дұрыстап, жа­йы­лымды тиімді игеріп, малды ба­­қылау жүйесін күшейтсек, бұл мә­селе шешімін табар еді.

– Қолданбалы ғылымсыз агро­өнер­кәсіп бәсекеге қабілетті бола ал­масы анық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қандай нақты қадамдар жасалуда немесе жасауға тиіспіз?

– Әрине, агроөнеркәсіп өндірі­сін әртараптандыру үшін агроғы­лымды дамыту керек. Әлемдік тә­жірибеге қарасақ, Түркия, Қы­тай, АҚШ сияқты елдер ауыл ша­руа­шылығын қолданбалы ғылым ар­қылы өркендетіп отыр. Жаңа тұқымдар, озық агротехнологиялар, малдың асыл тұқымын көбейту тәсілдері – бәрі ғылымның жемісі. Бізде өкінішке қарай, ауыл ша­руа­шылығындағы ғылым екінші орын­­­да қалып келеді. Ал шын мә­нінде, агрономия, мал шаруашы­лығы, топырақтану салаларына мемлекет тарапынан көбірек қар­жы бөлініп, ғылыми орталықтар мен тәжірибелік шаруашылықтар қайта жандануға тиіс. 

Мемлекет басшысы да қол­дан­балы ауыл шаруашылығы ғылы­мын жедел өркендетпейінше, агро­өнер­кәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қар­қынды дамытудың мүмкін емес­­тігін қадап айтты. Қол­данбалы ғылым бұл саланы ғы­лы­ми дәлдік­пен жаңа деңгейге кө­те­руге мүм­кіндік береді. Мем­ле­кет басшысы айтқандай, ғы­лымға қо­мақты қол­дау көрсетіліп жатқаны­мен, қайта­рымы болмай жатыр. Ғылым мен технология жұ­мыс іс­те­месе қай са­лада болма­сын терең өңдеуді қа­лай іске асы­руға болады? Ізденіс болмаған істе серпіліс болмайды. 

Мәселен, Түркия ішкі нарығын азық-түлікпен қамтамасыз ететін, экспорттық әлеуеті жоғары бірден-бір мемлекет. Импортқа да аса тә­уелді емес. Өйткені онда да көпте­ген елдегі сияқты ауыл шаруашы­лы­ғының өнімділігін арттыру үшін қолданбалы ғылымды пайда­ла­нады. Түрік университеттерінде бұл салада зерттеулер жүргізіп, инно­вациялық жобаларды жүзеге асырумен айналысатын, жаңа тех­нологияларды ойлап табатын ма­мандарды арнайы даярлайды. Қы­тайда да агротехнология, мал және балық шаруашылығын ша­рықтау шыңына жеткізіп жатқан қолданбалы ғылым. Алып АҚШ та қолданбалы ғылым озық техноло­гиялар мен ғылыми жетістіктер ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен тиімділігін арттыру, өсімдіктердің жаңа сорттары мен асылтұқымды мал басын көбейту үшін жұмыс істеп тұр. Онда жасан­ды интеллект пен цифрлық техно­логияға сүйенеді. Жалпы алғанда қолданбалы ғылым агрономиялық бағытта – өнім өсіру мен өндіру, отын, жем-шөп, талшық алу, ме­лио­рацияны, ал мал шаруашылы­ғында етті және сүтті тұқымды төл өсіруде жетістікке жеткізеді. Сон­дықтан Мемлекет басшысының бастамаларын сөзсіз қолдап, іске асуына атсалысу керек. Елімізде агротехнология хабы ретінде қайта құрылатын Ұлттық аграрлық ғы­лыми-білім беру орталығы осы мақ­сатта нәтиже көрсетеді деп се­неміз. Сол сияқты цифрлық тех­но­логияларды қолдануға және сала­ның өнімділігін арттыруға арналған ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары жақсы түзіледі деп күтеміз.

– Ғылымды сөз еткенде кешенге құйылған инвестцияны айналып өте алмаймыз. Соның арқасында қазір агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындардың қатары көбейіп келеді. Дегенмен бұл саланы әрі қарай дамыту үшін нендей кедергілерді еңсеруіміз қажет?

– Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін ірі жо­ба­лар іске асып жатқаны қуантады. Бұл жобаларға отандық және шет­елдік инвесторлар қаржы құйып отыр. Президенттің айтуынша, салаға 2 миллиард доллардан астам инвестиция тартылып, үш мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірілген өнімдер тек ел ішінде ғана емес, шетелге де шығарылады.

Өңірлердің ерекшелігіне қарай, өнімді өндіруден бастап дүкен сөресіне жеткізуге дейінгі жүйені дамытуға мүмкіндік бар. Ол үшін халыққа қолдау көрсетіліп, бизнес бастауға жер мен қаражат берілуге тиіс. Егер банктер Қытайдағыдай халыққа 1 пайызбен несие таратса, бұл кәсіпкерлерге үлкен көмек болар еді. Өйткені қазіргі жоғары пайыздар ірі компанияларды да қысып отыр, ал бұл бизнестің болашағына қауіп төндіреді.

Мемлекет басшысы ауыл ша­руа­шылығында терең өңдеуді жол­ға қоюды, тәжірибелі агрохолдинг­тердің үлгісін таратып, өндірісті цифрландыруды тапсырды. Түр­кістан облысындағы «Бөрте-мил­ка» кәсіпорны цифрлық жүйені ен­гізіп, сүттің түрлі өнімін шы­ға­рып отыр. Мұнда қағазбастылық жоқ, ашықтық бар, сондықтан бұл үлгі басқа өңірлерге де пайдалы.

Қазір инвестициялық жобалар мақтадан жіп иіру, мата тоқу, киім тігу, май шығару, малға жем жасау сияқты салаларды қамтып отыр. Бірақ ең басты мәселе – жем-шөп­тің жетіспеуі мен қымбаттығы. Егер Сауд Арабиясы мен Қытай­да­ғыдай кең жерлерді көгалдан­ды­рып, жем-шөп өндірісін жолға қой­сақ, еттің бағасы да тұрақтар еді.

Ауыл халқының қалауы қара­пайым: сүтті, етті, тері мен жүнді, егін өнімдерін өңдейтін кәсіп­орын­дар керек. Қытай мен Үндіс­танда халықтың көбі осындай ұсақ кәсіппен айналысып, күнделікті тұтынатын тауарларды шығарып отыр. Тіпті, қоқыстан да табыс тауып жатқанын көреміз. Біз де ауыл шаруашылығы өнімдерін күнделікті тұтынуға ыңғайлап, өң­деуді жолға қоюымыз керек.

Мысалы, қымыздан косметика шығаруға болады, сиырдың сүтінен құрт-май өндіретін шағын цехтар ашуға болады. Түйе сүтін де фар­ма­цевтика саласында кәдеге жа­ра­туға болады. Ол үшін бізге агро­ном­дар, ветеринарлар, технологтар сияқты көп маман қажет. Білікті мамандар көбейсе, ауыл шаруа­шы­лығы да бәсекеге қабілетті болады. Сондай-ақ жиналған өнімді сақтау үшін заманауи қоймалар мен эле­ваторлар салу қажет. Сапалы өнім алу үшін сапалы тұқым керек. Сон­дықтан тұқым шаруашылығын қол­даудың жаңа жолдары қарас­тырылады. Түркістан облысында жаңа сортты мақта егіліп, мол өнім алынуда. Бұл мақта сапасы жоғары, жіп иіруге және мата тоқуға қолайлы.

Қазір тұтынушылар сапаға қатты мән беріп отыр. Сондықтан біз де өнімнің түрін емес, сапасын басты орынға қоюымыз керек. Егер осы айтылғандардың бәрі жү­зеге асса, Қазақстан ауыл ша­руа­шы­лығы өнімдерін тек өсіріп қана қоймай, оны терең өңдеп, сапалы өнім шығаратын елге айналады.

Негізінде, ауыл шаруашылығы – адамзаттың ең ежелгі кәсібі әрі ең сенімді табыс көзі. Өндіріс пен сауда кейін пайда болды ғой, ал адамзаттың тіршілігі әу бастан-ақ жерге, малға, егінге байланған. Сондықтан технология қанша қа­рыштап дамыса да, адамдар азық-түлікке тәуелді болып қала береді. Жаһандық саясаттағы қақты­ғыс­тар, азық-түлік дағдарысын сала­ның стратегиялық мәнін арттыра түсті. Егер біз мал шаруашылығы мен егіншілікті жаңа деңгейге көтерсек, ішкі нарықты қамтама­сыз етіп қана қоймай, сыртқы экс­портта да мықты ойыншыға ай­налар едік. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Кәмила ДҮЙСЕН