Жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұстанымдары келіспеген Израиль мен Палестина қақтығысы Таяу Шығыстың ғана емес, жаһанның үлкен мәселесіне айналып барады.
80 жылдық араздық: Палестина тәуелсіз бола ала ма?
3,593
оқылды

Себебі мұнда түрлі мүдде мен сыртқы саяси күштің ықпалы басым. Кейінгі 2 жыл бойы Газа секторына бағытталған әскери шабуылдар тоқтамады, саяси айыптаулар мен БҰҰ мәлімдемелерінің де әсері аз. Бірақ дәл осы ұйым мінберінен жаһанның бірқатар елі Палестинаның тәуелсіздігін мойындады. Енді не болмақ?

Қуаты жоқ қарарлар

Алдымен 2023 жылды бір еске тү­сіріп көрсек, сол жылдың 7 қа­за­нында палестиналық ХАМАС қоз­ғалысы алдымен Газа секто­ры­нан Израильге 5 мыңға жуық зы­мы­ран атып, кейін содырлар елге ба­сып кірді. Оған жауап ретінде 8 қа­занда Израиль үкіметі елдің со­ғыс жағдайына өткенін хабарлап, Газа секторында арнайы операция бастады. Әуелде ұлттық қауіпсіздік үшін басталғандай көрінген опе­рация­ның уақыт өте сипаты түр­лен­ді. Нақтырақ, қолдан қырғын жа­сау ісіне ұқсайтынын айтушы көп.

Содан бері Газа секторында қа­­за тапқандар саны 63 мың­нан асты, жараланғандар 161 мың шегіне жақындады. Әрине, ба­сым бөлігі қолында еш билігі мен күші жоқ қарапайым халық. Кейін­гі кездері Израильдің әре­ке­ті­не қатысты «геноцид» термині жиі аталып жүр. Таяуда әлемнің  БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутер­риш те Газадағы ахуалдың төтенше шек­ке жеткенін мәлімдеді. 

– Газадағы қасірет үшінші жыл қа­тарынан жалғасып келеді. Бұл – адам­дықтың ең басты құнды­лық­та­­рына қайшы шешімдердің сал­дары. Содан бері аштық дендеп, қан­төгіс бұрынғыдан да күшейді. Халықаралық соттың талап еткен шаралары толық әрі дереу орын­далу­ға тиіс, – деді ол. 

Сондай-ақ ол БҰҰ Халық­ара­лық сотының геноцид қыл­мы­сы­ның алдын алу туралы Кон­венция­ға сәйкес заңды күші бар уақытша ша­ралар қабылдағанын, бірақ со­ған қарамастан жағдайдың ушыға түс­кенін еске салды.

Қазір Палестинаны мемлекет ре­тінде мойындаған елдердің қа­тары артып жатыр. Жақында бұл қа­­тар­ға беделді кәрі құрлық елдері – Ұлыбритания, Канада, Аустралия, Португалия және Фран­ция қосыл­ды. Бұл шешім ха­лықаралық қо­ғам­дастықтың ай­мақтағы жағдайға көзқарасына елеулі ықпал етуі мүм­кін, Палес­тинаны тану Таяу Шы­ғыстағы бейбітшілік процесіне жаңа серпін бермек. Алдағы уа­қытта тағы бір­неше ел осындай мә­лімдеме жа­сауы мүмкін. Де­ген­мен мәселе Израиль билігінің көз­қарасына да байланысты. Олар­дың пікірі «Па­лес­тина мем­лекеті болмайды» де­генге сайып отыр.

Бұл арқылы біз БҰҰ қарар­ла­ры­ның күшін жоққа шығарғымыз кел­мейді. Алайда ескеретін бір­не­ше дүние бар. Біріншіден, көп­те­ген қарар «ұсыныс», «ұйым­дас­тыру», «қоңырау шалу» сияқты си­­­­патта, яғни заңды міндеттемесі жоқ немесе орындауды мәжбүр­ле­мейді. Бас Ассамблея шешімдері бі­раз күш көрсете алады, әйтсе де ті­келей құқықтық міндеттеме жүк­темейді.

Екіншіден, Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің кейбір шешімдері заңды мін­деттемелер туғызуы мүмкін, бір­ақ Израиль көбіне оларды орын­да­майды, кейбіреуіне қарсы шығады. Тіп­ті, алпауыт елдің бірі вето қол­данса да Израиль міндеттен құ­ты­лады. Мысалы, Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея жасаған «1967 жы­лы басып алынған жерлерден шы­ғу», «пропалестиналық бос­қын­дардың қайтарылуы», «Из­раильдің еврей олжаларын кеңейту сая­сатын тоқтату» секілді талаптар толық орындалмай қалғанын көз көріп отыр.

Қазақстанның ұстанымы қандай?

Қазір әлемде 120 қақтығыс оша­ғы бар болса, соның ішінде ең ау­қымдыларының бірі ретінде Газа­дағы жағдай аталады. Таяуда Нью-Йорк қаласына жұмыс са­парымен барып, БҰҰ Бас Ассам­блея­­­сының 80-ші сессиясының Жал­пы дебатында сөз сөйлеген Қа­зақстан Президенті бұл жайтты ес­керусіз қалдырмады. Әлемдегі қауіп­сіздік архитектурасын қайта қал­пына келтіру бастамасын ұсын­ған Қасым-Жомарт Тоқаев жағ­дайдың тым күрделі екеніне тоқ­талды.

– Газадағы гуманитарлық дағ­да­рыстың ауқымы тіпті қорқы­ныш­­ты. Оған бейжай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи та­мыры тым күрделі. Біз осы жау­ла­с­у­д­ың түпкі себебін ескерусіз қал­дыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақыра­ды. Қазақстан Таяу Шығыстағы өңір­лік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим ке­лісімі секілді дипломатиялық ұсы­нымдарды қолдайды, – деді Мем­лекет басшысы.

Таяу Шығыстағы тыныштыққа Қазақстан неге мүдделі? Бұл ха­лық­аралық қауіпсіздік жағынан ға­на емес, экономика тұрғысынан да маңызды өңір. Мысалы, Қа­зақ­станға өңірлік азық-түлік жет­кізу­шіге айналу үшін Таяу Шығыстың ты­ныш болғаны дұрыс. Еліміз әлем­дегі ең ірі бидай мен ұн экс­порт­таушыларының қатарына кіре­ді. Түркия, Қытай, Иран және Пар­сы шығанағындағы араб мем­ле­кеттерінің әріптестік кеңес­інің на­рығына жол ашылуда. Сон­дық­тан логистикалық балама бағыт пен азық-түлік нарығының жай-күйі Таяу Шығысқа байлаулы.

Сыртқы күштер мен ХАМАС-тың ықпалы

Халықаралық сарапшы, сая­­­­саттанушы Жанат Мо­мын­құловтың сөзінше, Палестина мен Израиль мәселесінде «Нью-Йорк декларациясы» саяси тұрғы­дан іргелі қадам саналады. Көп­те­ген батыс елдерінің Палестинаны рес­ми қолдауы Израильге қысым түсіріп, гума­ни­тарлық жағдайды жақ­сартуына, атысты тоқтатуына және тұтқын­дар­ды босатуына ық­пал етпеді. 

– Бірақ құжаттың өзі міндетті си­патқа ие емес, сондықтан іске асы­руда қиындықтар болады. «Күш­тінің арты диірмен тартатын» реализмді ешкім әлі жоққа шығара алмас. Израильдің қауіпсіздік па­ра­ноясы мен оның артында тұрған Американың мүдделері кедергі. Әл­бетте, кейінгі мәлімдемелер Па­­­­­лестинаның дипломатиялық өрі­сін кеңейтіп, екіжақты қа­ты­нас­­тар мен халықаралық ұйым­дар­ға қатысу мүмкіндіктерін арт­ты­ра­ды. Десек те, БҰҰ-ға толық мү­­­­­­­ше­лік жылдам болмайды, өйт­кені ол үшін Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынымы, АҚШ-тың ұстанымы өзгеруі қа­жет. Еуропа елдерінің бір бөлігі Па­лестинаны тануы – үлкен гео­саяси оқиға. Алайда нақты өз­ге­ріс­тер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ше­шімдері немесе ірі держава­лар­дың ықпалы арқылы ғана іске асуы мүмкін, – дейді маман.

Момынқұловтың айтуын­ша, АҚШ пен басқа да ел­дердің сыны БҰҰ-ны рефор­ма­лау қажеттігін тағы айқындап бер­ді. Оны Қазақстан тарапы да ұсы­нып отыр. Алдағы кезеңде Қауіп­­сіздік Кеңесіндегі вето мәселесі, бітім­гер­лік пен гуманитарлық шешім­дер қабылдау тетігі қайта қаралуы мүм­кін. Бірақ мұндай жаһандық си­паттағы құрылымдық өзгерістер бірден болмайды, ол үшін үлкен гео­саяси оқиғалар болуға тиіс, сон­дықтан процесс ұзаққа созылады. 

– Бұл жолғы Бас Ассамблея кей­бір жағымды жаңалықтарды әлем­ге паш етті: Палестинаға қа­тыс­­ты халықаралық консенсус кү­шейді, Украина бойынша бей­та­рап келіссөз алаңдары тал­қы­ла­нып, ірі мемлекеттер БҰҰ-ны ре­­­фор­малау қажеттігін ашық қол­­­­­­­дады. Талқылаулар екі шие­ле­ніс­ті аймақта да бейбітшілікке апа­ратын жолдың саяси негізін салуы мүмкін. Дегенмен екі қақ­ты­ғыс та АҚШ, Израиль, Ресей, Еу­ропа, Қытай сынды ірі елдің стра­тегиялық мүдделеріне және жос­парларына, болуы мүмкін ке­лі­сімдерге тіреліп тұр, – деді сая­сат­танушы Жанат Момынқұлов.

Көріп отырғанымыздай, БҰҰ қарарынан бұрын, мә­селеге ірі мемлекеттер шын жа­на­шырлықпен араласуға тиіс. Әри­не, қақтығыстың басты себебі – жер дауы. Екі тарап та өз астанасы санайтын Иерусалим – мұсыл­ман­дар үшін де, иудейлер үшін қа­сиет­ті мекен. Одан бөлек, бұл қақ­ты­ғыс­­тың діни және этникалық фак­­­­­торлары да бар. Еврейлер араб­­тардың болмысын, палес­ти­налықтар еврейлердің өмір сүруге де­ген құқығын мойындауға тиіс. 

Газадағы бейбіт халықты екі от­тың ортасында қалғандай сурет­теу­ге болады. Себебі Израиль та­ра­пының шабуылынан бөлек, сек­торды басқарып отырған ХАМАС ұйымы тағы бар. Бұл ұйым «халық­ты қорғап отыр» деп байлам жасай ал­маймыз, кейде кесірін де тигі­зе­ді. Егер Палестина мемлекет ата­нар болса, бұл ұйым тыныш қа­ла­ры­на сенім аз. 

– Қарулы Күш әрі саяси-діни экстремистік ұйым ретінде ХАМАС «Палестина мемлекеті құры­лады» деген кез келген сценарийді өте күр­делі етеді. ХАМАС қарудан тез бас тартпайды, ықпалынан айы­ры­луға кепілдік бермейді. Нәтиже мем­лекет құру шарттарына бай­ла­нысты болмақ: қауіпсіздік тетігі кім­нің қолында болады, бірыңғай қауіпсіздік жүйесі құрыла ма, оның кепілдігіне аймақтық және ха­лықаралық қатысу деңгейі қан­дай болады? ХАМАС жәй қарулы топ емес, саяси және әлеуметтік қы­ры бар қарсыласу қозғалысы. Он­даған жыл бойы Газаны бас­қарып, әлеуметтік қызмет көр­се­тіп, халықтық заңдылыққа ие бол­ды. Сондықтан кез келген сая­си шешімде оның әскери әлеуе­тін емес, саяси-әлеуметтік қырын да ес­керу керек, – дейді Момынқұлов.

Араб сарапшыларының пі­кірінше, Палестина мемлекетінің та­нылып, биліктің нақты құры­лы­мы қалыптасуы – халықтың сенімі үшін бәсекелестік туғызуы ықти­мал. Бұл жағдайда мемлекет ха­лық­қа нақты пайда әкелсе, ХАМАС-тың рөлі әлсірейді. Бірақ ол тек сим­волдық емес, шынайы түрде іске асуы қажет. 

ХАМАС белгілі шарттар орын­далмайынша қаруды тапсырудан бас тартуы мүмкін, бірақ ынта­лан­дыру болса саяси трансформацияға бара алады. Сарапшылар егер сая­си-қауіпсіздік тұрғысынан тиімді болса, ХАМАС қақтығысты азай­т­уы немесе ішінара өзгеріске бар­уы мүмкін екенін айтса, басқалары мұндай өзгеріс болмайтынын ес­кертіп жүр. 

– Иран, Қатар, Түркия сияқты мемлекеттердің қолдауы ХАМАС-тың өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Керісінше, ірі араб елдерінің бі­ріккен қысымы немесе ынталан­дыруы ғана ұйымды ымыраға итер­мелеуі мүмкін. Сараптамалар ұйым­ның тағдыры тек ішкі мәселе емес, аймақтық факторларға тәуел­ді екенін атап өткен. Күшті Па­­лестина билігі мен бірыңғай қауіп­сіздік күштері құрылып, ха­лық­аралық бақылаумен реконс­тру­к­ция мен азаматтық құқықтарға кепілдік болса, халықтың қарулы топ­тарды қолдау ынтасы азаяды. Мұндай алғышарттар қалып­тас­пайынша ХАМАС ықпалын сақ­тап қалып, жағдайды ушықтыруы мүмкін, – деді сарапшы. 

Жанат Момынқұловтың сөзін­ше, егер Палестина мемлекеті би­­­­ліктің нақты транзиті болып, аймақтық-халықаралық қолдау ар­қылы кезең-кезеңімен қарусыз­дан­дыруға көшетін болса, ХАМАС-тың әскери рөлі біртіндеп әлсі­реп, саяси күшке айналуы ықтимал.

Палестина мемлекеті құрылса да, ХАМАС-тың ықпалын толық­тай жою бірден мүмкін емес. Оның заңдылығы халық арасында әлі де бар. Егер жаңа мемлекет нақты би­лікті қолға алып, қауіпсіздік пен әлеуметтік-экономикалық жағ­дай­ды жақсарта алса, халықтың бұл ұйымға тәуелділігі азаяды. Де­генмен қарусыздандыру мен сая­си трансформация бірден жүзе­ге аспайды. Сондықтан Палестина мемлекет болып құрыла қалған жағ­дайда да, ХАМАС келесі бір мә­селе ретінде жол тосуы мүм­кін.

Мадияр ТӨЛЕУ