Жамбыл облысында таңғы сағат бестің шамасында ірі өрт шығып, 13 баласы бар көпбалалы отбасы үйсіз қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, алдымен үйдің сыртындағы қураған шөп тұтанып, жалын бірден шаруашылық нысандарға, кейін екі қабатты тұрғын үйге өткен. Тұрғындар өрт кезінде қатты гүрсіл мен жарылыстың да болғанын айтады.
Өрт шыққан кезде үйде барлық бала болған. Дегенмен ата-анасы шапшаң әрекет етіп, 13 баласын түгел сыртқа шығарып үлгерген. Қазір отбасы уақытша туыстарының үйінде тұрып жатыр. Айта кететін жайт, балалардың кенжесі – небәрі үш апталық нәресте.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер жеткенде, аулада тұрған қосалқы нысандар мен үйдің шатыры толығымен өртеніп жатқан. Жалынның жалпы аумағы шамамен 100 шаршы метр.