Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің Президент Жолдауын жүзеге асыру мәселесі талқыланған жиында айтқан сөзінен белгілі болғанындай, 2025-2027 жылдары өңірде 48,3 млрд теңгеге 12 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар 458 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, негізгі жобалар қатарында Goldbridge компаниясымен бірлескен қант зауытының құрылысы, KazGrow Irrigation Systems компаниясының ирригациялық жабдықтарды өндіру зауытының іске қосылуы, 5,6 гектар аумақта өндірістік жылыжай құрылысы, жылына 700 тонна өнім өндіретін екі бекіре балықтарын өңдеу зауыты бар. Сонымен қатар «Дәулет құс» құс фабрикасы жаңғыртылып, өндіріс көлемі тәулігіне 250 мың жұмыртқаға дейін жеткізілмек. Бұл жобаға 1 млрд теңге инвестиция салынады. Сондай-ақ Құрманғазы ауданында және Атырау қаласындағы көтерме сауда базасында агрохабтар құру жоспарланған.
2025 жылдың басында өткен кездесуде Goldbridge компаниясының директоры қытайлық серіктестердің қызылша негізінде ашытқы өндіру технологиясымен бөліскен. Кейін қазақстандық кәсіпкерлерге кеңес берілген. Қытайлық серіктестер жобаның жалпы құнының 80%-ын инвестициялауға дайын. Зауытты іске қосу 2026 жылдың жазына жоспарланған. Онда тек қант қана емес, тағы төрт түрлі өнім өндірілетін болады. Әкімдік бұл жобаның облыс аумағында қант қызылшасын өсіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл өз кезегінде қазір 90%-ды құрайтын қант импортының үлесін айтарлықтай қысқартуға жол ашады.
Шаруалар шалдықпай келеді
Биыл Атырау облысында екі ірі нысан пайдалануға берілді. Біріншісі, қуаттылығы жылына 48 мың тонна құрама жем өндіретін, құны 602 млн теңге болатын Dossor Processing Company зауыты. Екіншісі, «Қуаныш» шаруа қожалығы іске асырған 300 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы. Бұл жобаның инвестиция көлемі – 300 млн теңге.
– Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде шешімін таппаған мәселелер де бар. Ең бастысы, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейінің төмендігі. Қазір бұл көрсеткіш небәрі 1%-ды құрайды. Алайда ірі қара саны тұрақты түрде өсіп келеді, бұл қайта өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік береді. Өсімдік шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық беріледі. Бұл егіс алқаптарын кеңейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады, – деді аймақ басшысы Серік Шәпкенов.
Ерекше атап өтерлігі, Атырауда бау-бақша өнімдері саласында едәуір ілгерілеушілік бар. Мәселен, Атырауда 2019 жылдан бері Dihan брендімен өсірілген көкөністер қолжетімді бағада қала тұрғындарына ұсынылып келеді.
«Отбасы» шаруа қожалығы осылайша бірнеше жылдан бері көкөніс өсіріп, көпке қызмет етіп отыр. Аталған қожалыққа қарасты «Ардагер» жылыжайындағы жарты гектар жерде 11,7 мың түп қызанақ, тағы жарты гектар жерде 12 мың түп қияр өсірілген.
Атырау қаласы Дамбы трассасы бойында орналасқан Зарослый ауылында 10 гектар егістік жер мен 1 гектар жылыжай бар. Мұнда қияр, қызанақ, баклажан, шпинат, қытай қауданы, аскөк, салат жапырағы және басқа да көкөніс түрлері өсіріледі. Ал Махамбет ауданына қарасты Карманов ауылындағы егістік алқапта 60 гектар жерге сәбіз, қырыққабат, картоп пен қызылша егілген.
Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, аймақтың агроөнеркәсіп кешені 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында тұрақты өсім көрсетіпті. Есепті кезеңде ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 51,2 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 108,7 пайызға жеткен.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы