Ұлан-байтақ жерімізді қамту мен тиімді пайдаланудың ең негізгі шарты ретінде көлік-логистикасын айтсақ болады.
Жолдың жайын жүйелеген жөн
2,185
оқылды

Тасымалдарды жеңілдететін, аймақтар арасындағы экономикалық байланысты нығайтатын, елді әлемдік нарықпен жалғастыратын – осы жол. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берген жөн екенін тілге тиек етті. Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолы төселіп, жөнделіп жатыр. Осыны ескеріп, Қазақстанның жол мәселесіне қатысты түйткілдерін білу үшін мамандардан жауап алдық.

Жарқынбек Амантайұлы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:

Жол инфрақұрылымы – ел дамуының күретамыры

Жалпы, әлемде көлік-логистика мүмкіндігін пайдалану бағытында үлкен бәсеке жүріп жатыр. Орталық Азия елдері арасында да айқын бәсекелестік байқалады. Әсіресе, шығыс көршіміз Қытай мемлекеті Еуропаға бағытталған дәлізді кеңейтіп, тауар алмасудағы бюрократиялық кедергілерді азайтуға басымдық беруде. Бұл – тасымалдау мерзімін қысқарту тұрғысынан өте маңызды. Былтыр Қытайдың Шыңжан автономиялық аймағындағы құрлық портында болғаным бар. Сол жерде жүк тасымалының қалай ұйымдастырылатынын көрдім. Қазір Қазақстан арқылы Еуропа мен Азияға екі негізгі тораппен жүк жеткізілсе, алдағы уақытта Бақты-Аягөз бағыты бойынша тағы бір тораптың ашылуы күтілуде. Бұл біздің логистикалық мүмкіндігімізді айтарлықтай арттырады.

Еліміздегі автожолдардың жағдайын жақсарту  – стратегиялық міндет. Мемлекет басшысы Торғайға тікелей жол салу қажеттігін атап өтті. Бұл ең алдымен, сауданың дамуына, өңірлік байланыстардың күшеюіне жол ашады. Сондай-ақ әуеқатынасының тораптарын әлемдік жүйеге кіріктіру мәселесінің де маңызы зор. Павлодар, Ертіс өңірі – өнеркәсіптің орталығы. Сол себепті бұл аймақтарға ерекше назар аударуымыз керек. Әсіресе, солтүстік өңірлерде қыс мезгілінде қозғалыс қиындайтыны бар. Сондықтан жол сапасын арттыру арқылы ел экономикасына ғана емес, халық тұрмысына да тікелей әсер ете алады.

Сонымен қатар жол бойындағы инфрақұрылым мәселесіне де тоқталғым келеді. Мен өзім жиі сапарлаймын. Бұрын халық тарапынан жол бойындағы қызмет сапасына қатысты көп сын айтылатын. Кейінгі жылдары жағдай біршама жақсарды. Белгілі қашықтықтарда қонақүйлер, тамақтану орындары, жанар-жағармай бекеттері көбейіп келеді. Туризмді дамытамыз десек, жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды көтеруіміз қажет. Дәретхана, демалыс орындары сияқты қызметтер «ҚазАвтоЖолдың» қарамағында болса, ал дәмхана мен дүкендер жеке кәсіпкерлер арқылы салынады.

Данияр Қасқарауов, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Сапасыз жолдың машақаты көп

Кейінгі жылдары елімізде автожол саласын жаңғырту бағытында бірқатар маңызды жоба іске асырылды. Әсіресе, республикалық маңызы бар ірі магистральдарда – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі, «Астана-Алматы», «Астана-Өскемен» сияқты бағыттарда жолдардың сапасы мен қозғалыс қауіпсіздігі біршама жақсарды. Бұл учаскелерде заманауи жол жабыны, жол белгілері және инженерлік инфрақұрылым халықаралық талаптарға жақындап келеді.

Сонымен бірге жол сапасына қатысты бірқатар жүйелі проблемалар бар екенін де ашық айтуымыз керек. Кей өңірлерде салынған жолдардың төсемі қысқа мерзім ішінде бұзылып, шұңқырлар мен жарықтар пайда болады. Бұл сапасыз материалдар мен техникалық бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Жергілікті маңызы бар жолдардың басым бөлігі ескі технологиямен салынған, ал жөндеу қарқыны мен қаржыландыру көлемі барлық қажеттілікті қамти алмай отыр. Сондықтан алдағы кезеңде жол құрылысы сапасына бақылауды күшейтіп, мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігін нақтылау қажет.

 «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жол» және басқа да бағдарламалардың нәтижесінде көптеген ауылға апаратын жолдарға жөндеу жүргізілді. Бірқатар бағытта қозғалыс сапасы жақсарып, ауыл тұрғындарының аудан және облыс орталықтарымен байланысы жеңілдеді.

Алайда шалғай елді мекендерге апаратын жолдардың жағдайы әлі де біркелкі емес. Күз-көктем мезгілдерінде кей жолдар жүруге мүлде жарамсыз күйге түсіп, халықтың қатынасына, жедел жәрдем мен ауыл шаруашылығы тасымалына кедергі келтіріп отыр. Шекаралық аймақтардағы жолдардың да кей бөліктері талапқа сай емес, бұл стратегиялық тұрғыдан ерекше назарды қажет етеді.

Әлібек Нәутиев, Сенат депутаты:

Жол бойындағы сервис: сан бар, сапа жоқ

Еліміздегі автомобиль жолдарының сапасы – тұрғындарды алаңдататын ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені халықтың күнделікті жүріп-тұруы, қауіпсіздігі, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тікелей жол сапасына байланысты екені сөзсіз. 

Қазақстанның географиялық орналасуы көлік-логистика саласын дамытуға зор мүмкіндік береді. Ел аумағы арқылы Қытай мен Еуропаны жалғайтын халықаралық дәліздер өтеді. Бұл сауда-саттық пен транзиттік тасымалды күшейтіп, экономиканы арттыруға жол ашатын маңызды фактор.

Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 25 мың шақырымды құрайды. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы – 70 мың шақырым. Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінде жергілікті жолдардың 89 пайызы нормативтік талапқа сәйкес деп көрсетілген. Дегенмен халық арасында жол сапасына қатысты шағым көп болғандықтан, бұл деректердің нақтылығына күмән туғызады.

Былтыр министрлік 13 мың шақырым жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жоспарлаған. Оның ішінде 9,5 мың шақырымы орындалғаны айтылады. Дегенмен биылғы жоспарлар туралы толыққанды айту әлі ерте, себебі жұмыстар аяқталмаған. Мұндағы ең үлкен мәселе – жол салу мен қайта-қайта жөндеуде ғана емес, оларды уақытылы күтіп-баптау мен дұрыс пайдалану мәдениетінде болып отыр. Жаңадан төселген жолдардың тез арада бұзылуы – бақылаудың әлсіздігін және сапасыз материал қолдану деректерін аңғартады.

Жол бойындағы сервистік инфрақұрылым да көңіл көншітпейді. Министрліктің деректеріне қарағанда, республика аумағында 1 535 сервистік нысан бар болса, соның ішінде 712-сі – дәретхана. Алайда олардың басым бөлігі санитарлық талапқа сай келмейді. Бұл – әсіресе туризмді дамыту тұрғысынан үлкен кедергі.

Жол инфрақұрылымын жақсартуға мемлекет жыл сайын қомақты қаражат бөледі. Бірақ ең бастысы – бөлінген қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қатаң бақылау. Сонда ғана жол сапасы жақсарып, халықтың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, ал Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түседі.

Әсет ҚАЛИ