Кейінгі жылдары Ақмола өңірі ауыл шаруашылығы, энергетика, әлеуметтік сала, инвестициялық климат пен цифрлық трансформация бағыттарында айтарлықтай нәтижелерге жетті.
Еңбек пен технология тоғысқан өңір
4,113
оқылды

Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген стратегиялық міндеттердің облыста жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Заманауи үдерістерге сай, салаларды цифрландыруға баса назар аударылып отыр.

Табысты агроөнеркәсіп кепілі

Сандық технологиялар, әсіресе ай­мақтың басты экономикалық драйвері ауыл шаруашылығында кеңі­нен қанат жайғанын атап өткен жөн. Мә­селен, Есіл ауданына жұмыс сапары ба­рысында облыс әкімі Марат Ахмет­жа­нов жергілікті шаруалармен кездесіп, ауыл шаруашылығындағы цифрлан­дыру­дың нақты жемістерін атап өтті.

– Digital Aqmola орталығы сіздердің ие­ліктеріңіздегі алқаптарды цифрлап, жа­санды интеллект құралдарын то­лық­қан­ды қолдануға мүмкіндік береді. Бұл – уақыт талабынан туған қажеттілік әрі болашаққа жа­салған үлкен қадам, – деді Ақмола өңі­рінің басшысы.

Расында да, жаңа цифрландыру тех­нологияларының арқасында мұндағы шаруашылық серіктестіктердің табыс­тылығы едәуір артты. «Дихан+» ЖШС жа­санды интеллектіні пайдаланып, ас­тық дақылдарын өсіруде бұрынғы жыл­дар­мен салыстырғанда, аса жоғары өнім­­ді­лікке қол жеткізсе, «Заречный» серік­­тес­тігі барлық егістік алқабын то­лық цифрландырған алғашқы кәсіп­орын­дар­дың бірі болып отыр. Ал өңірдегі көкөніс өнім­дерін шығарумен айна­лы­сатын ірі кә­сіпорындардың бірі «Орга­ни­ко» ЖШС дәстүрлі дәнді дақылдардан бө­лек, картоп, сәбіз, тіпті жылыжайда қияр өсіруді жолға қойып, өз өнімін облыстан тыс аймақтарға экспорттауда.

Іс жүзінде мұның барлығы мемле­кет­тік қолдаудың нәтижесі екені даусыз. Ша­руалар мемлекеттік бағдарламалар шең­берінде қажетті көмектерге ие бо­лып жатқанын атап өткен жөн. «Кең да­ла 2» бағдарламасы аясында шаруалар ар­зан жанармай мен тыңайтқышқа, сон­дай-ақ жаңа техникаға қол жеткізген. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығына 118 млрд теңге көлемінде несие берілсе, со­ның 47 млрд теңгесіне озық техника са­тып алыныпты.

Өңірдің ауыл шаруашылығы бас­қар­масының деректеріне сен­сек, биылғы егін науқаны тарихтағы ең ау­қымды науқанға айналмақ. 5,5 млн гек­тарға дәнді дақыл егіліп, қазір соның 4 млн тоннадан астамы орылып, эли­та­лық бидайдың алғашқы партиясы шет­ел­ге жөнелтілгені мәлім болды.

– 151 мың тонна жоғары сапалы би­дайы­мыз Италия мен Бельгия нарығына жол тартты. Бұл – ақмолалық астықтың әлем­дік деңгейде мойындалуының ай­қын көрінісі», – дейді облыс әкімі.

Сонымен бірге Балтық порттарына та­сымалданатын әр тонна астыққа да мем­лекет тарапынан 30 мың теңге суб­си­дия берілмек. Фермерлердің шығы­нын азайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті жаңа деңгейге көтеретін тетік екені сөзсіз.

Жалпы, Ақмола облысы – өткен жы­лы да ел бойынша мемлекет алдындағы барлық міндеттемесін толық орын­даған жал­ғыз өңір. Соның нәтижесінде ас­тық­ты аймақтың аграрлық саласын одан әрі дамыту мақсатында бюджет қор­жынынан 243 млрд теңге қаржы бө­лінді.

Жолдау – дамудың айқын бағыты

Көкшетауда өткен облыстық актив жиы­нында да өңір басшысы Мемлекет бас­шысының Жолдауында белгіленген бас­ты басымдықтарға тоқталды. Оның ішін­де, макроэкономикалық тұрақ­ты­лық, инвестициялық саясатты қайта қа­рау, цифрлық активтер экожүйесін қа­лыптастыру, әлеуметтік қолдауды жаңа деңгейге көтеру, сондай-ақ заң үс­тем­дігін нығайту бағытында жүзеге асы­ры­лып жатқан жұмыстар жайлы баян етіл­ді.

Облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтің айтуынша, биыл аймақ эко­номикасына 456 млрд теңге инвес­тиция тартылған. Бұл сома былтырғыдан 1,5 есе көп. Қазірдің өзінде өңірде 226 жо­ба жүзеге асырылып, 2,5 мың жаңа жұ­мыс орны ашылған. Аграрлық сала­мен қоса, аймақта индустриялық өндіріс көлемін де арттыруға көңіл бөлініп, 7 бір­дей ірі жобаның құрылысын бастау жос­парланыпты.

Сала басшыларының мәліме­тін­ше, аймақта алғаш рет майлы да­қыл­дардың жалпы өнімі 650 мың тон­надан асты. Ал ет өндірісі – 7 пайызға, сүт – 4 пайызға өскені аталды. Бұған қо­са, ауыл шаруашылығындағы жалақы дең­гейі 26 пайызға көтерілгені мәлім бол­ды. Бұл – фермерлердің еңбегінің әділ бағалануының нақты айғағы болса ке­рек.

Мемлекет басшысы Жолдау жол­дарын­да елдің инвестициялық жобаларға да баса назар аудару қажеттігін қадап айт­қан. Аймақта іргелі инвестициялық жо­балардың да қарқыны жоғары. Мә­селен, Есіл ауданында бүгінде 1,7 млрд тең­генің 6 инвестициялық жобасы жү­зеге асырылып отыр. Олардың қатарында құра­ма жем зауыты, майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорны, қуаттылығы 100 мың тонна болатын жаңа элеватор бар. Қытайлық инвесторлармен бірлескен жо­балар өңірдің экспорттық әлеуетін кеңей­те түспек. Жаңа кәсіпорындар құ­рылысымен қатар, ауылдағы су жүйе­ле­рін қайта жаңғырту, ескі үйлерді ре­но­вациялау және тұрғындарға қолжетімді баспана салу мәселелері де кезең-кезеңі­мен шешімін тауып келеді.

– Жолдауда әділет, даму және опти­мизм басты құндылықтар ретінде көр­се­тілген. Осы құндылықтарды әрбір аза­мат­тың өмірлік ұстанымына айнал­ды­руы­мыз қажет. Сонда ғана біз аймақ­тың да, елдің де тұрақты өркендеуін қам­та­ма­сыз ете аламыз, – деді өңір бас­шысы.

Облыстың ардагерлері, кәсіпкерлері мен шаруалары да бұл пікірді қуаттап отыр. Олардың айтуынша, мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткен жағ­дайда ғана Ақмола өңірі жаңа жетіс­тіктерге жетіп, ел экономикасының алдыңғы сапында қала бермек. Бұл орай­да заманға сай циф­рландыру тех­нологиялары мен жа­сан­ды интеллектіге басымдық берілмек. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы